Дәурен Абаев: Мәжіліс депутаты да кандидат болуы мүмкін
2019 ж. 12 сәуір
1999
0
ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 9 маусымда өтетін кезектен тыс Президент сайлауына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сайлауға қатысты ешқандай асығыстық болып жатқан жоқ. Шамамен бір ай бұрын біз тарихи оқиғаға куә болып, халық сайлап алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатып, Конституцияға сәйкес билікті Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Қазіргі уақытта ол 2015 жылғы жалпыхалықтық сайлау кезінде Қазақстан халқының Президентке берген мандатына сәйкес өз қызметін атқарып отыр. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының тарапынан халық сайлайтын Президенттің келуі үшін сайлаудың барынша ертерек өткізілуіне бастамашы болуы логикаға сияды», - дейді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.
Министр сөзінде күні кеше ғана Орталық сайлау комиссиясында үлкен конференцияның ұйымдастырылғанын еске салды.
«Оның барысында барлық түйткілді сұрақтарға жауап берілді. Өзімнің тарапымнан түсіндіре кетейін: Президент сайлауы жалпы кезекті және кезектен тыс деп екіге бөлінеді. Кезекті сайлау желтоқсан айының алғашқы жексенбісінде өткізіліп, кандидаттар сайлаудан екі ай бұрын ұсынылады. Ал кезектен тыс сайлауда бұл мерзімдердің жөні бөлек. Ол сайлау жарияланған уақыттан кейін екі айдан соң өткізіледі. Ал кандидаттарды ұсыну мен тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы айқындайды. Сондықтан бұл жерде ешқандай дауласудың реті жоқ. Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды тіркеу мерзімін 28 сәуірге дейінгі уақыт деп айқындап отыр», - деді Дәурен Абаев.
Сондай-ақ министр сөзінде Қазақстан президенттігіне үміткер азаматтың неліктен мемлекеттік қызметте 5 жылдық еңбек өтілі болуы керек деген сауалға жауап бере кетті.
«Бір жайтты түсіндіре кетейін: Президенттікке үміткер ретінде мемлекеттік қызметте 5 жылдан кем емес өтілі бар немесе таңдаулы мемлекеттік қызметте болған азамат ұсынылады. Мәселен, Мәжілістің немесе мәслихаттың депутаты да кандидат болуы мүмкін. Біз білетіндей, қалалық мәслихатта бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері, тіпті блогерлер де бар. Айтпақшы, Рональд Рейган АҚШ Президенті болмас бұрын 8 жыл бойы Калифорнияның губернаторы болды. Бұл туралы ұмытпайық. Менің білетінімдей, сайлауда жеңбес бұрын АҚШ-та мемлекеттік лауазымда қызмет атқармаған Президент ол - Дональд Трамп. Ол - елінің 45-ші Президенті», - дейді Дәурен Абаев.