Нұрсұлтан Назарбаев: ЕАЭО - Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір
2019 ж. 11 сәуір
2944
0
ЕАЭО - өркендеген Еуропа мен өрлеген Азияның арасындағы сенімді көпір. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы пікірі «Идеядан шынайылыққа: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының еуразиялық бастамасына 25 жыл» атты елордада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиын барысында Тұңғыш-Президент Елбасының қатысушыларға арнаған құттықтау хатын ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев оқып берген болатын. «1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде интеграциялық жобаны құру идеясын алғаш рет айтқан едім. Сол кезде мұндай бірлестік маған дамуына және азаматтардың әл-ауқатының жаңа мүмкіндіктері үшін тұрақты жағдай жасауға көмектесетін қуатты экономикалық одақ ретінде елестеді. Бүгін ол шындыққа айналды. Биыл Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына және еуразиялық интеграция идеясының айтылғанына 25 жыл толып отыр. Қазіргі ЕАЭО - сыртқы сауда айналымы 750 миллиард доллардан асатын үлкен нарық. Оның жиынтық ІЖӨ мөлшері - екі триллион доллар, халық саны 180 миллион адамнан асады. Қауымдастыққа мүше мемлекеттер оң өсу қарқынын қамтамасыз етті. Шетелдік және өзара сауда-саттық айтарлықтай өсіп, халықаралық ынтымақтастық белсенді түрде жүргізілуде. Жақын арада біз ЕАЭО-ны Еуропа мен өсіп келе жатқан Азия арасындағы сенімді көпір ретінде көріп отырмыз », - делінген Елбасының хатында.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияның дамуы - экономиканы әртараптандыруда, бәсекеге қабілеттілікті нығайтуда, іскерлік ахуалды жақсартып, қатысушы елдердің инвестициялық тартымдылығын арттыруда негізгі күш бола алатынын атап өтті.
«Ірі серіктестермен және жаңа дамып келе жатқан нарықтармен сауда-экономикалық қатынастарды кеңейту - Еуразиялық экономикалық одақтың бүкіл континенттегі рөлін күшейтуге серпін беру керек», - деп атап өтеді Нұрсұлтан Назарбаев.