Бақытбек Смағұл: Кезектен тыс президенттік сайлау билік транзитін аяқтау үшін керек
2019 ж. 10 сәуір
5123
5
Мемлекет басшысының биылғы 9 маусымда ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімі қолдауға лайық. Бұған бірнеше себеп бар.
Біріншіден, Қазақстан дүниежүзіндегі ең озық дамыған отыз мемлекеттің біріне айналуға ден қойғаны мәлім. Ол үшін еліміз әлемдегі қарқынды өзгерген жағдайларға жылдам әрі ұтымды бейімделе білгені жөн. Демек, бұл қадам сайлау секілді мемлекеттік маңызды істі келер жылға дейін созбалаңға салмай, әлемдегі ахуалдың одан әрі күрделенуін күтпей, алдын ала қимылдауға бағытталуда. Әйтпесе, тегеуріні төтен, тепкісі қатты заманда электоралды кезеңнің көпке ұзауы мемлекеттің дамуын тежеуі, көшін кері кетіруі ықтимал.
Екіншіден, бұл билік транзитін аяқтау, мемлекет тағдырын, ел тізгінін Қазақстан халқы сайлаған Президентке табыстау үшін керек.
Осының арқасында мемлекет өз ішіндегі қоғамдық пікірді тыныштандырып қана қоймай, өзіне сұқ көзін қадаған, суық сөзін арнаған сыртқы күштерді де сабасына түсіреді, олардың елдегі билік ауысуын пайдаланып, қарау ниеттерін жүзеге асыруына жол бермейді.
Үшіншіден, бұл ел экономикасына мол қаржы салған шетелдік инвесторларды алаңдаушылықтан арылту үшін де қажет: олар елдің тізгіні тұрақты президентте болуын қалайды.
Қазіргі кезде алмағайып әлем аласапыранға түсуде. Көптеген елдер саяси, әлеуметтік, экономикалық қиыншылықтар мен қайшылықтар қыспағында қалуда. Ал Қазақстан жаһанданудың бұл теріс құбылыстарына қарсы қарымды қайрат көрсетіп, тегеурінді тоспа құрып, олардың мемлекетке және өз азаматтарына нұқсан келтіруіне жол бермеуде. Оның орнына Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік бастамалары арқасында мемлекетіміз халыққа қуатты қолдау көрсетуде. Бұл тек ауқатты, әлеуетті елдердің қолынан ғана келеді.
Еліміздің Ата заңында: «Қазақстан Президенті – халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышан-символы әрі кепілі» деп жазылған. Ендеше бұл маңызды іске барша Қазақстан халқы да жауапкершілікпен қарап, белгіленген күні өз ықтиярын білдіреріне сенімдімін.
Осы арқылы қазақ елі көшіміздің түзу, ынтымағымыздың берік, бағдарымыздың айқын, келешегіміздің жарқын екенін тағы бір айғақтай түседі.