Бишімбаев түрмеде жұмыс істеуден бас тартты
2019 ж. 13 наурыз
2753
0
Қуандық Бишімбаев Шымкентке ауыстырылды. Экс-министр жазасының қалған бөлігін қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейтін болады. Бишімбаевқа мұнда екінші қабаттағы 14 адамға арналған бөлмеден орын бұйырыпты. Жататын жердің аумағы небәрі екі шаршы метр. Үш мезгіл тамақты да көпшілік сотталғандармен бірге ішеді, - деп хабарлайды "Астана" арнасы.
Түрме басшыларының айтуынша, Қуандық Бишімбаев бұл жерге 15 ақпанда келген. Ол әзірге қара жұмысқа араласа қоймапты. Бірақ, мәдени шараларға қатысуға кет әрі емес. Экс-министр сұқбат беруге де, таспаға түсуге де келіскен жоқ.
Бағдат ӘСІЛБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ 167\3 ТҮЗЕУ МЕКЕМЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Қазіргі таңда № 2 жасаққа орналастырдық басқа да сотталғандармен бірге. Бүгінгі таңда оған ешқандай ерекше көзқарас, ерекше жағдай жасалынған жоқ. Тәртіп бәріне бір. Сонымен қоса айтарымыз барлық заңды талаптарды атқарып жатыр. Тәртіп бұзған емес. Сотталған Бишімбаев жұмысқа орналасуға ниет білдірмеді әлі осы күнге дейін. Бірақ, мекеменің мәдени іс-шараларына қатысуға ниет білдіріп, өтініш жасады.
Айта кетейік, Бишімбаев бұған дейін Түркістан облысына қарасты Төле би ауданындағы қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде отырған. Оның қорғаушысы экс-министрдің жазасын өтеу тәртібін жеңілдетуді сұрап сотқа талап-арыз түсірген-ді. Тіпті, оны қоныс колониясына ауыстыруды да сұрағаны айтылған. Бірақ, сот тек ішінара қанағаттандырды. Еске салайық, бұрынғы Ұлттық экономика министрі былтыр 10 жылға сотталған.