Премьер-Министрдің өкімімен вице-премьерлер мен Кеңсе басшысының арасындағы міндеттер бөлінді
2019 ж. 05 наурыз
2107
1
Премьер-Министрдің жетекшілігіне — экономикалық, қаржылық, қазыналық және кеден саясаты, мемлекеттік бюджетке қатысты стратегиялық мәселелер, мемлекетаралық қарым-қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық, шетелдік инвестициялар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік активтерді басқару мәселелері кіреді. Сонымен қатар міндеттері қатарына қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ғарыш қызметі және «Байконур» кешеніне қатысты мәселелер, туризм, байланыс, салаларды цифрландыру және цифрлық экономиканы дамыту, мемлекеттік органдардың әкімшілік реформаларын іске асыру және басқалары кіреді.
Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары Ә. Смайыловтың қызмет саласына қаржы секторының, макроэкономикалық саясат, бюджет, салық және кеден саясаты, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, сауда саясаты, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері кіреді. Ә. Смайыловтың құзыретіне сонымен қатар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселелері, оның ішінде концессиялар, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау, тариф саясаты, статистиканы, жобалық басқаруды дамыту, кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді төмендету («Doing business» мәселелері) және басқалары кіреді.
Премьер-Министрдің орынбасары Г. Әбдіқалықоваға білім мен ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат және жаңғырту, жұмыспен қамту, мемлекет пен азаматтық қоғамның әрекеттестігі, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, рухани жаңғыру, конфессияаралық және этносаралық келісімді қамтамасыз ету, мәдениет және спортты, мемлекеттік тілді, демографиялық және ақпараттық саясатты, ақпаратты дамыту, ел ішіндегі ақпарттық-имидждік жұмыстар мен Қазақстан брендін ілгерілету бойынша шет елдердегі жұмыстарды жетілдіру, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік әрі еңбек қатынастарын реттеу бойынша үш жақты (республикалық, өңірлік және салалық) комиссиялар қызметін үйлестіру және басқалары жүктелді.
Премьер-Министрдің орынбасары Ж. Қасымбек экономиканы және өңірлік саясатты жедел басқару, көлік инфрақұрылымын және логистиканы дамыту, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, энергия үнемдеуді дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің энергия тиімділігін арттыру, көмір өнеркәсібі, атом өнеркәсібі және ядролық энергетика мәселелерін үйлестіреді. Оның міндеттерінің қатарына сонымен қатар өнеркәсіпті дамыту, инновациялар, техникалық реттеу, электр энергетикасы, геология және жер қойнауын пайдалану, мұнай химиясы және экспорттық бақылау, алтын өндіру саласы, ұйымдар мен мемлекеттік органдардың жұмыстары мен қызметтерін, тауарларды сатып алу кезінде қазақстандық қамту үлесін арттыру бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды пайдалану, агроөнеркәсіптік кешен, жер қатынастары, су ресурстары, орман шаруашылығы мен жануарлар әлемі мәселелері, төтенше жағдайлар және жұмысты жұмылдыру, жылыту маусымына әзірлік және оны өткізу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, үйлестіру жұмыстары және басқалары кіреді.
Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Д. Кәлетаев Премьер-Министрдің және Үкіметтің қызметін ақпараттық-сараптамалық, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттық, материалдық-техникалық және басқа да қамтамасыз етуге жауапты. Оның функцияларына сонымен қатар орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ведомстволардың жұмысын Үкіметтің шешімдерін әзірлеу және олардың орындалуын ұйымдастыру бойынша үйлестіру, мемлекеттік және атқарушылық тәртіпті орындау мәселелері бойынша, мемлекеттік құпияларды сақтау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және басқалары кіреді.