Асқар Мамин ҚР Премьер-Министрі болып тағайындалды
2019 ж. 25 ақпан
2332
0
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың Твиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің қарауына Премьер-Министр лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсынды. Парламент Мәжілісінің депутаттары Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысына қатысты. Асқар Ұзақбайұлы Мамин Целиноград инженерлік-құрылыс институтын, Г.В. Плеханов атындағы Ресей экономикалық академиясын тәмамдаған, мамандығы бойынша инженер-құрылысшы, экономист.
Еңбек жолын «Целинтяжстрой» тресінде монтажшы болып бастаған. Қазақстан инновациялық кәсіпорындар одағы директорының орынбасары лауазымында қызмет атқарған. 1996 - 2008 жылдары - Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Көлік және коммуникациялар вице-министрі, Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда бірінші вице-министрі, Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі, Астана қаласының әкімі. 2008 жылғы сәуір айынан бастап «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының президенті, 2008 жылғы 17 сәуірде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Директорлар кеңесінің мүшесі болып сайланды. 2016 жылғы қыркүйектен соңғы тағайындауға шейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.
1998 жылы - «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2006 жылы - «Құрмет» орденімен, 2011 жылы - екінші дәрежелі «Барыс» орденімен, 2013 жылы - Француз Республикасының Құрметті легионы орденімен, 2014 жылы - Испания корольдігінің «Азаматтық еңбегі үшін» бірінші дәрежелі орденімен марапатталған. 2011 жылы - Астана қаласының Құрметті азаматы, 2012 жылы - Құрметті теміржолшы, 2013 жылы - Қазақстанның Құрметті құрылысшысы.