Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім шығарды
2019 ж. 15 ақпан
4012
0
ҚР Конституциялық Кеңесі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша қабылдаған Республика Конституциясының 42-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы нормативтік қаулысын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осыған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының өтінішінде «Конституцияның 42-бабының 3-тармағында белгіленген Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық болып табылады ма?», деген сұрақ қойылған болатын.
Конституциялық Кеңес аталған нормада Президенттің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату негіздері толық емес деп түсіндірді. «Кеңестің пікірінше, негізгі Заңнан Мемлекет басшысының отставкаға шығу құқығы туындайды. Аталған құқық президенттік басқару нысаны мен Республика Президентінің конституциялық мәртебесінің элементі болып табылады. Ол адам әрі Қазақстан азаматы ретінде Президентке тиесілі және әр тұлғаның конституциялық құқықтарын, соның ішінде еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығын бекітетін Конституцияның басқа да ережелерінен туындайды (13-баптың 1-тармағы, 24-баптың 1-тармағы және т.б.).
Конституциялық Кеңес Конституция 42-бабының 3-тармағындағы «сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған…жағдайда…» деген сөз тіркесі оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатудың негізі ретінде Мемлекет басшысының отставкаға шығуын да қамтиды деп есептейді», — делінген Конституциялық Кеңес сайтында.
Нормативтік қаулының толық мәтіні баспасөзде жарияланады. Еске салайық, Мемлекет басшысы Конституцияның 42-бабының 3-тармағына ресми түсіндірме беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдаған болатын. 2019 жылғы 4 ақпанда Президенттің өтініші конституциялық іс жүргізуге қабылданды.