Өзбекстанда президентке ән арнауға тыйым салынды
2019 ж. 15 ақпан
2579
0
«Өзбекконцерт» басшысы Одил Абдукаххоров әншілерді президентті мақтап ән айтпауға шақырды. Оның сөзінше, президент Шавкат Мирзиеевке ешқандай жарнаманың қажеті жоқ. «Бұдан былай мақтаудың қажеті жоқ» деп президенттің өзі айтқан» — дейді Абдукаххоров. Бұл туралы kaz.365info.kz порталы Lenta.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.
— Біз бүгін үнсіз қалсақ, ертең Жаһангер Пазылжонов президентке ұнаймын деп екінші, үшінші әндерін шығарады. Осыдан кейін «тырнақ астынан кір іздейтін» біздің шетелдегі журналистеріміз «Билік президентті мақтатып ән шығартуда» деген сарындағы мақалалар жазады. Бұның бізге қажеті қанша? — деп мәлімдеді Абдукаххаров.
Әндердің орнына Абдукаххаров президенттің реформаларына үлес қосуға шақырды.
«Өзбекконцерт» Мирзиеевтің үкімімен 15 ақпан 2017 жылы құрылған. Құрыла салып, жастарды рухани тәрбиелеу тақырыбында өткізілген жиынға келмегені үшін төрт әртісті лицензиясынан айырды. Сонымен қатар, әртістерге ұлттық менталитет пен жалпықоғамдық құндылықтарға сай келмейтін бейнебаяндар түсіруге шектеу қойған.
Осыған дейін әлеуметтік желілерде «Божалар» тобының әншісі Жаһангер Пазылжоновтың «Президентпен селфи» әні қатаң сынға ұшыраған. Осыдан кейін Өзбекстан мәдениет министрлігінің баспасөз хатшысы Мавлюда Асқарходжаева «Президентпен селфи» әнінің бейнебаяны телеарналардан «Өзбекконцерт» көркемдік кеңесінің рұқсатынсыз көрсетіліп жатқандығын айтқан.