Түркия сыртқы істер министрлігінің өкілі Хами Аксой "миллионнан астам ұйғыр азаптау орталықтарында қамалғаны қазір құпия емес. Қамауға алынбағандар қысымға ұшырап жатыр. Қытай билігінің 21 ғасырда лагерь ашуы және ұйғырларды қудалауы - адамзатқа жасалған қарсы әрекет" деген.
Түркия Шыңжаңдағы жағдайға БҰҰ жедел араласуы керек деп санайды.
Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтала бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.
Қазақстандағы қазақтар да Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.