Аса ірі көлемде қаражат қымқырған қазақстандық елші кепілмен босатылды
2019 ж. 21 қаңтар
2194
1
Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі қызметінен уақытша шеттетілген Ерік Үтембаев Астана қаласының мамандандырылған сотының шешіміне сәйкес кепілмен босатылды. Бұл туралы елордалық соттың баспасөз хабарламасында айтылған.
Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты кепілге рұқсат беру туралы шешім қабылдады.
"Үтембаев Ерік Мылтықбайұлына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл таңдалды", — делінген сот хабарламасында.
Былтыр қазан айында мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлағандай, дипломат аса ірі көлемде бюджет қаржысын қымқырды деген күдікке ілінген. Ташкентте елші қызметін атқарып жүрген 52 жастағы Ерік Үтембаев Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігі әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша атқарылған жұмыстардың жалған актілеріне қол қойғаны анықталды. Оның заңға қайшы әрекеті салдарынан мемлекет бюджетіне 140 миллион теңге (400 мың доллардай) шығын келді.
Қазақстан президенті Үтембаевты қызметінен шеттеткен.