Назарбаева: Құқық қорғау органдары өз ішіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресуілері тиіс
2018 ж. 13 желтоқсан
2656
0
Парламент Сенатында Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру мәселелері талқыланды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі шаралар туралы баяндады.
Бұл туралы "Қазақ үні" ҚР Парламент Сенатының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.Ол мемлекеттік аппараттың кәсіби сипатқа көшуімен қатар шенеуніктердің азаматтармен тікелей байланыстары елеулі түрде қысқарғанын және сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолайлы жағдайлар азайғанын атап өтті.
Жалпы алғанда, халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 83 пайыз қызмет электронды түрде, оның ішінде 63 пайызы «электронды үкімет» порталы арқылы көрсетіледі. Мәліметтер базасын кіріктіру 2,5 есе өсіп, 30 пайызды құрап отыр. Ағартушылық жұмыстары арқылы азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлықпен белсенді түрде күреске тарту және оның кез-келген көріністеріне төзбеушілік ахуалын қалыптастыру жүзеге асуда.
О.Бектенов Астанда іске қосылған «Қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасы» туралы сенаторларға айтып берді. Ол құрылыс, жөндеу жұмыстары мен инфрақұрылымдар және әлеуметтік нысандарды ұстау шығындары туралы нақты уақыттағы деректерді көрсете алады. Карта жергілікті бюджетті іске асыруды көрсетуге және бағалауға, сауалдар беру мен шағымдар айтуға, сондай-ақ кері байланысқа шығуға мүмкіндік береді.
Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед осы жобаны еліміздің барлық аймақтарына кеңінен таратуды ұсынды. Оны тиімді іске асыру үшін арнайы бағдарлама әзірлеп, бірнеше сатыға бөлу керектігі айтылды. Халықтың кең жолақты интернетке қол жеткізуін қамтамасыз етуге арналған бюджет қаржысын тиімді жұмсау мәселелеріне байланысты қызу пікірсайыс өрістеді. Сенатор Талғат Мұсабаевтың пікірінше, ол үшін талшықты-оптикалық қымбат байланыс желісін емес, KazSat-2 және KazSat-3 жер серіктерін пайдалану орынды болар еді.
Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына бөлінген қаржыны жұмсау бойынша қоғамдық мониторинг жүйесін жасауды ұсынды. Сенаторлар мемлекеттік органдардағы, оның ішінде ІІМ жүйесі, салық қызметі, кеден, көлік саласындағы сыбайлас жемқорлық деректеріне алаңдаушылық білдірді.
Сенатор Д.Назарбаеваның пікірінше, бірінші кезекте құқық қорғау органдары өз ішіндегі сыбайлас жемқорлықпен күресуілері тиіс. Сондай-ақ мемлекеттік органдардағы өзара бақылау жүйесін құру және заңнамалық актілерге сыбайлас жемқорлық тұрғысында жүйелі талдау жасау керек.