Сот Жәкішевтің мерзімінен бұрын босатуға берген өтінішін қанағаттандырмады

Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі №2 соты «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы, ұзақ мерзімге сотталған Мұхтар Жәкішевті шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартты. Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев судья Нұрлан Нұралинов Жәкішевтің өзін мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмағанын, бірақ оның себебін айтпағанын хабарлады.

Судья көмекшісінің айтуынша, сот Жәкішевті «шығынды өтемегендіктен» мерзімінен бұрын босату өтінішін орындамады.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр. Жәкішев саясатпен айналыспағанымен, 2013 жылы қазақстандық бірқатар құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған.

Биыл қыркүйекте Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті Мұхтар Жәкішевті қайтыс болған анасы Раиса Жәкішеваның жерлеуіне баруға рұқсат бермеген. 80-ге қараған шағында ауыр науқастан көз жұмған Раиса Жәкішева көзі тірісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа денсаулығының нашарлағанын айтып, ұлын түрмеден босатуды сұрап хат жазған еді.

Дереккөз: Азаттық