АҚШ вице-президенті Қытайдың "Бір белбеу - бір жол" жобасын сынға алды
2018 ж. 19 қараша
5684
0
Дамып жатқан елдердің ешқайсысы Қытаймен ынтымақтастық қарым-қатынаста болғандықтан қарызға кірген емес. АҚШ өкілдеріне басқа елдерді сынауды тоқтату керек. Бұл туралы ҚХР СІМ ресми өкілі Хуа Чуньин АҚШ-тың айтқан сынына жауап ретінде айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Осыған дейін АҚШ вице-президенті Майк Пенс Жаңа Гвинеяда өткен саммит барысында Қытайдың "Бір белбеу - бір жол" атты жаһандық инфрақұрылымдық жобасын сынға алған еді. Вице-президент осындай төмен сапалы бағдарламалардың дамып жатқан елдерді қарызға батыратынын мәлімдеген болатын.
"Біз америкалық тараптың мәлімдемесін назарға алдық. Қытай өзара сыйластық пен өзара пайда негізінде әлемнің бүкіл елімен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытып жатыр. Осы серіктестікті дамыта отырып, қытайлық тарап әділдік пен шынайылық принциптерін ұстанады. Сондай-ақ, Қытай осы елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты", - делінген ҚХР СІМ сайтында жарияланған мәлімдемеде.
Хуа Чуньин Хуа Чуньин мәлімдемесінде Қытай көрсеткен көмектің ешқандай да саяси талаптарды қоймайтынын айтып өтті.
"Дамып жатқан елдердің ешқайсысы Қытаймен ынтымақтастықта болғандықтан қарызға батқан жоқ. Керісінше, Қытаймен қарым-қатынаста болу осы елдердің даму деңгейін жоғарылатып, жергілікті халықтың өмір сүру жағдайын жақсартты", - деді ҚХР СІМ ресми өкілі.