Берік Дүйсембинов: Қос азаматтықты қолдағандар жауапқа тартылуы тиіс
2018 ж. 14 қараша
7299
3
Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз
Жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз – бүгін Парламентте өткен Мәжілістің пленарлық отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаты Берік Дүйсембинов «Қос азаматтықты қолдағандар жауапқа тартылуы тиіс» деп мәлімдеді. "Қазақ үні" ақпарат агенттігі Үкіметке жолданған депутаттық сауалдың толық мәтінін ұсынады:
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры
Қ.П.Қожамжаровқа
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі
Қ.Н.Қасымовқа
Қазақстан Республикасының Әділет министрі
М.Б.Бекетаевқа
ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ
Қазақстан Республикасының азаматтығы – бұл мемлекеттіліктің темірқазығының бірі. Ол адамның мемлекетпен саяси-құқықтық байланысын айқындайды, олардың өзара құқықтары мен міндеттерінің жиынтығын білдіреді. Қазақстанның азаматы болу, Конституция мен заңдарда жарияланған, кепiлдiк берiлетiн азаматтық, саяси, экономикалық және әлеуметтiк құқықтар мен бостандықтарды барынша толық иеленуіне негіз болады.
Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, бір елдің ғана, яғни, Казақстанның азаматымыз. Біздің ұғымымызда қос елдің азаматы болу деген түсінік мүлде жоқ және бұл ереже Ата заңымыздың 10-бабының 3-тармағында тайға таңба басқандай етіп жазылған.
Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде қос азаматтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Ал бұндай заң бұзушылықты мемлекеттік қызметтегі адамдар жасаса, жауапкершілік одан да қатаң.
Егер шетел заңнамасына көз жүгіртсек, мысалы Әзірбайжанда қос азаматтық үшін қылмыстық жаза 2014 жылы енгізілген. Тіпті көршілес қырғыз елінде мемлекеттік қызметтегі адамдарды қос азаматтық үшін қылмыстық жазаға тарту мәселесі талқылану үстінде.
Қытай заңнамасы да қос азаматтыққа қатаң қарайтындығы баршамызға мәлім. Қытай азаматтығынан шықпай, Қазақстанға көшіп келмекші болған қандастарымыздың басынан өтіп жатқан жағдайлар оған куә. Сыртқы істер министрлігінің 12 қос азаматтығы бар қытай қазақтарын тұтқыннан босатып алу үшін қыруар күш жұмсағанын да өздеріңіз білесіздер. Естеріңізге сала кетейін, осы мәселені «Ақ жол» партиясының делегациясы былтыр Бейжінде ең жоғарғы деңгейде көтерген болатын. Мүмкіншілікті пайдалана отырып Сыртқы істер министрлігіне барынша қолдау көрсеткені үшін алғыс айтқымыз келеді. Олар үшін керек болса, тіпті Қазақстан азаматтығын алуды жеңілдетуге болар.
Жалпы, ол елдегі қандастарымызға да бір шешімге келіп, қай елдің азаматы болатындығын таңдайтын кез де келген сияқты.
Қарапайым азаматтардың белгілі бір материалдық мүддеге қызығып, мәселен, пенсия, әлеуметтік төлемдер, сол аздаған дүние үшін қос азаматтық алып, заң бұзғаны бір әңгіме. Ал, осы жауапкершілікті толығымен түсіне отырып, саналы түрде заң бұзған мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттерін су ішкен құдығына түкіру, Қазақстанды отаным деп сезінбеу, қосмекенді бақа-шаянның қылығы деп түсінеміз.
Мысалы, ақтөбелік адвокат Валерий Якубенко 2000 жылы Ресей азаматтығын алғанын осы уақытқа дейін жасырып келген. Онымен қоймай, аталмыш Ресей азаматы мемлекетпен кепілдендірілген заңды көмек көрсету аясында бюджеттен 5 миллион теңгеден астам қаржы алған. Адвокаттардың қызметіне кәсіби қадағалау жүргізудің орнына, Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымы, оның үстіне Валерий Якубенконың жұбайы, Раиса Якубенко, кәсіби заңгер ретінде заң бұзушылықты көре тұра, 18 жыл бойы осыған көз жұмып, өзі де заң бұзушылыққа тікелей қатысып келген. Тек, Әділет министрлігінің тікелей араласуының арқасында ғана Валерий Якубенко әкімшілік жазаға тартылып, лицензиясынан айырылған.
Сонымен қатар, қолымызда бар мәліметке сай, елімізде 2016 жылы 400-ден аса, 2017 жылы 600-ден аса, 2018 жылдың 10 айының ішінде 527 қос азаматтық фактілері анықталған. Ал, бұл цифрлардың ішінде қанша мемлекеттік қызметкерлер немесе мемлекеттік билік функцияларын жүзеге асыратын өкілдер бар екендігін бір құдай біледі. Ашық ақпарат көздерінен мұндай мәліметті таппадық.
Көптеген елдерде сол елдің азаматтығын қабылдау кезінде ант беру рәсімі қарастырылған. Мысалы, Америка Құрама Штаттарында азаматтық алу үшін берілетін антта «Мен осы күнге дейін азамат болған кез келген мемлекетке адалдықтан мүлдем бас тартамын, қолыма қару алып Құрама Штаттар жағында шайқасамын» деген сөздер бар.
Осындай сөздерден кейін, шетелдік азаматтығы бар адам қалайша Елімізге қызмет етеді, Ата заңымызды місе тұтып, отандастарының көзіне қалай қарайды?
Мемлекеттік қызметте істеген, тәжірибелі, заңды бес саусақтай білетін, қалтасында басқа елдің төлқұжаты бар адам қай елдің сойылын соғары белгісіз.
Жоғарыда айтылғанды қорыта келе, «Ақ жол» фракциясы:
1. Мемлекеттік қызметкерлердің, билік өкілінің функцияларын жүзеге асыратын адамдардың (адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушылардың және т.б ), қос азаматтығы бар-жоқтығына тиісті тексеру жүргізуді;
2. Жоғарыда аталған тұлғалардың қос азаматтығы үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу мүмкіндігін қарастыруды;
3. Қазақстан паспортын алған кезде Қазақстан азаматының антының мәтіні мен рәсімін заңмен бекітуді;
4. Жоғарыда көрсетілген өрескел заң бұзушылыққа жол беріп қана қоймай, оған тікелей қатысқан Ақтөбе облыстық адвокаттар алқасының төрайымын лауазымынан айырып, жауапкершілікке тартуды сұраймыз.
«Ақ жол» ҚДП фракциясының депутаттары