Мемлекет халық алдындағы өзінің әлеуметтік міндеттерін орындамай тұр - Оразалы Сәбден
2018 ж. 23 тамыз
4614
0
Академик Оразалы Сәбденнің Елбасыға бес ұсынысы
Академик Оразалы Сәбденнің
ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевқа,
Қазақстан халқына екінші ашық хаты
Академиктің бірінші Ашық хаттағы «Біз өзі қайда бара жатырмыз...» деген сұраққа жауап ретінде берген
БЕС ҰСЫНЫСЫ
«Өзге емес өзіме айтам өз жайымды...», - деп, ақын Қасым Аманжолов айтқандай, алдыңғы Ашық хатта өзекті өртеген елдің ішкі жағдайын жазып едім. Енді елімнің ертеңі үшін жауабын өзім беруге бел байладым.
Төрткүл әлем күрт өзгеріс күйді айрықша бастан кешіп отырған заманда өмір сүріп отырмыз. Әлемдік дағдарыс, аймақтық толассыз соғыс, климаттың жылынуы, босқындардың жосылуы, ашаршылық күйдегі 1,3 млрд. халықтың трагедиясы, т.б. жер шарының жағдайына көз жібере отырып, «біз осы қайда бара жатырмыз?» демеске амал жоқ... Бұл нәубеттің алдын алуға, қандай да бір шара қолдануға дамыған елдердің өздері дәрменсіздік танытуда. Алпауыт АҚШ-тың көлеңкесінен шыға алмайтын Біріккен Ұлттар ұйымы жай ғана құлақ салудан артық ештеңе жасап отырған жоқ. Қысқартып айтсақ, әлемнің өзі қазір бей-жай күй кешуде, өркениет дағдарыста. Бұл туралы ой-ұсыныстарымды G7, G20 мемлекет басшыларына кезінде хат арқылы жолдаған болатынмын.
Өткенде мен бір Ашық хат жаздым. Осы біздің қазақ елінде мақтануға тұратын қандай жетістіктеріміз бар? Ең түбегейлі мәселе, елдің қал-жағдайы, күн-көріс деңгейінің төмендігі, жұмыссыздық, әсіресе, ауылдағы жұмыссыздық, жалақының аздығы, сөз бостандығының жоқтығы, адам құқығының аяққа басылуы мен адам өмірінің қауіпсіздігінің сын көтермейтіндігі қатты алаңдатады. Осы келеңсіздіктер тапа-тал түсте, Алматының қақ ортасында спорт жұлдызы Денис Тенді өлтіріп кеткен кезде, қайраңға шыққан шабақтай ашық көрінді. Қазір халық көп нәрсеге наразы және халықтың бұл наразылығы негізсіз емес. Еліміз сыбайлас жемқорлықтың шырмауында. 5 млн. жерлестеріміз кредиттен көз ашпай отыр. Оның басым бөлігі төлей алмай, ипотекаға алған пәтерлерінен, бизнестерінен айрылуда. Осы жағдайда өз-өзіне қол жұмсағандар қаншама! Бүгінге дейін әр жанұяның баспана салуына мүмкіндік беретін 10 сотық жер үлесі туралы мәселе өз шешімін таппай отыр. Абай айтпақшы "... қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң қара жерде береді, құры тастамайды". Елбасының «5 жылға дейін жер сатылмасын және шетелдіктерге жалға берілмесін» деген мораторийі де заңмен шегеленбей, арғы жағы күмәнді болып, елді алаңдатуда. Теңгенің құнсыздануы, сол себептен тұтыну тауарларының толассыз қымбаттауының аяғы кедейшілікке апарып соғуда. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін халық алдында орындамай тұр. Заң мен жарлықтар көбейген сайын ұрлықшылардың да саны көбеюде. Мұның бәрі бұқарамен етене жұмыс істемеудің салдары.
Алдағыны ақылмен болжап білетін, кемел ойлы басшы болатын өзгерісті алдын-ала сезе отырып, «қазаннан қайнаған буды» дер кезінде шығармаса, қазан қақпағының атылатыны әмбеге аян. Алысқа бармайық, мұндай жайды көршілерден көріп, куә болдық емес пе.
Міне, осындай әлемдік және елімізде белең алып отырған келеңсіздіктерден кейін еріксіз сұрақ туады: «Біз өзі қайда бара жатырмыз? Бізді қайда алып бара жатыр? Бізде қайда бара жатқанымызды білмейміз. Алып бара жатқандар да білмейді».
Қиындықтар жайында әркім де айтуы мүмкін. Ал одан шығудың жолдары қандай? Дәл осы сұраққа жауап беру, тетіктерін көрсетіп беру – қиынның қиыны. Енді «не істеу керек?» деген сұраққа маман ретінде жауабым төмендегідей. Мәселенің ең үлкені, істі насырға шаптырмау, күні ертең «қолыңды мезгілінен кеш сермеп» қалмау. Бір сөзбен айтқанда, халық түбегейлі өзгерісті күтеді.
Ол үшін 5 маңызды ұсынысым бар:
Ең басты мәселе Қазақстанға саяси, әлеуметтік -экономикалық заңмен шегеленген тұрақты жүйе жасау керек. Бүкіл еліміз осы жүйе бойынша жұмыс жасайтын болады. Халық сайлаған билік келеді-кетеді, бірақ жүйе тұрақты жұмыс істеп тұрады, дамыған елдердегідей... Осы жүйе арқылы мемлекетіміз үзіліссіз-тиімді дамbды. Менің 5 ұсынысым да, осы жүйені жасап, қалыптастыру үшін беріліп отыр.
Бірінші ұсыныс. Қазір саяси реформаға басымдылық беріп, Конституциялық өзгерістерден бастау керек. Қоғамның саяси құрылымында бүкіл Қазақстан халқы сайлаған жоғарғы органның статусын көтеру қажет. 4 рет Парламенттің депутаты болып, көп нәрсенің ащы-тұщысын татқан кәсіби маман ретінде көзімнің жеткені, осы кезге дейін егеменділікті қалыптастырдық, іргемізді бекіттік, бұны біз «ел ретінде дамудың бірінші кезеңі» деп атайық. Екінші кезеңде, яғни, дәл қазір Парламенттік Республикаға көшудің уақыты келді. Қазақ елі унитарлы мемлекет болғандықтан, бірпалаталы Парламентке көшуі керек, оның құрамының 50% партиялардан сайлануы тиіс, келесі 50% халық жергілікті жерден, округтардан өз қалаулыларын сайласын. Сонда халық өз депутатына үндеу жасап, міндеттер қоя алады. Сенімді ақтамаса, басқамен ауыстыруға, ротация жасауы да мүмкін. Парламентке депутаттар тек таза сайлаумен өткен жағдайда ғана халық билікке деген сенімі артады. Өкінішке орай, қазіргі жағдайда олай болмай тұр.
Ел ішіндегі және біздің жағдайымызды жіті бақылап отырған алыс-жақын шетелдердегі «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлынан кейін кім келеді?» деген қызығушылықтың басымдылығы ракусынан алып қарастырғанда, дәл қазір бізге қажеті революциялық күрес емес, конституцияға, кодекстерге, заңдарға тиісті өзгерістер енгізіп жүйені эволюциялық түрде өзгертетін нақты ұсыныстар керек. Бірақ Мемлекетіміздің саяси мақсаты анық, болжамды, ертең бір жағдайларға байланысты өзгермейтін ( АҚШ-тың Конституциясы сияқты) тұрақты болуы керек. Сонда халық сенеді де ереді.
Екінші ұсыныс. Халық қазір саяси, бизнес элитаның, биліктің құрсауында тыпыр ете алмай отыр. Бұдан шығатын бір ғана жол бар – Ұлттық келісім арқылы шығу. Жаңадан Мемлекеттік Ұлттық кеңес құру арқылы еліміздің саяси және қоғамдық дамуының ұлттық басымдылықтарын жасау, ынтымақ бірлікті, демократиялық үрдісті күшейту қажет. Сыздауықтай асқынған елдің ішкі келеңсіздіктерін шешу үшін Елбасының өзі мұрындық болып, халқымыздың арасынан мақтау-мадақтан алыс, келелі ой айта алатын, іс жасай алатын, табанының бүдірі бар ақылман игі-жақсыларды бір дөңгелек үстел басына жинап, ақыл-кеңес құру мәселесі уақыт күттірмейтін аса қажет мәселе болып отырғанын тағы да айтамын. Аталмыш проблемаларды шешудің негізгі тетіктері қандай, мемлекетті жаңа жолға салу үшін не істеу керек, осы сұрақтарының төңірегінде Кеңес құру – бүгінгінің ең ұтымды қадамы болмақ. Бұл Кеңес – тұрақты Мемлекеттік ұлттық Кеңес ретінде үнемі жұмыс істеп тұруы керек. Оның заңмен шегеленген функциясы Конституциялық өзгерістерге, саяси-әлеуметтік, экономикалық күрделі өзгерістерге оң ықпал ететін ұсыныстар беріп отыру болып табылады. Кеңесте талқыланатын мәселелердің бәрі халыққа жария түрде өткізілуіне мән беру де аса маңызды болмақ. Бұл отырыстың жариялы болуы я оны барлық ақпарат құралдары тегіс көрсетіп отыруы аса маңызды. Сонда кімнің ішінде не бар, кімнің қандай ойы бар екенін халық білетін болады. Ат төбеліндей аз халықпыз, мақсатымыз ел мен жерді, тіл мен ділді сақтап, келер ұрпақты бақытты ету, өзге елге жем болмау, өркениетті, дамыған, демократиялық ел болу! Осыны көрген халқымыз өз уәжін ел алдында сөз айта алатын марқасқа азаматтары арқылы білдірер еді, жаңа заманның тура жолы көрсетілер еді.
Мемлекеттік Ұлттық кеңес Президенттің жарлығымен құрылсын, оның құрамында әр облыстан 1-2 адамнан, 6 партиядан 6 адам, қалған 50% елдің сөзін айтатын белгілі тұлғалар, қоғамдық ұйымдардан, кеңестің 2 тең төрағасы болуы керек. Кеңестің құрамы мұқият қаралып, арнайы ережемен нағыз халық өкілдерінен жасақталуы тиіс. Ұлттық кеңестің «регламенті мен ережесін» оның. өздері қабылдағаны дұрыс. Егер Ұлттық Кеңес қазір құрылмаса, оның функциясының аса мағыздылығы алдағы уақытта бәрібір соған әкеледі. Себебі Ұлттық кеңес арасы ажырап кеткен халық пен билік ортасында көпір болар еді
Үшінші ұсыныс. Менің ойымша қазір әлем үшін де, біз үшін де өте маңызды екі күрделі мәселе тұр. Ол адамзат үшін ең маңызды оның рухани құндылығы мен материалдық қажеттілігі – өмірдің негізгі өзегі екендігін түсіне білуі, соларды орнымен іске қоса білуі. Екеуінің тығыз байланыста, бір көгенде екендігін түсіне отырып, бірге қосып шешуді қолға алу қажеттігі – қазір өте актуалды мәселе. Дамыған мемлекеттер бұл екеуін біржақты шешіп, материалистік жолға түсіп, тек баюды ойлап, өркениет жолынан шатасып, руханияттан кенже қалды. Кризистің себебі де осында жатыр. Ал біз болсақ, қыруар байлықтың үстінде отырып, жағдайымызды неден бастауды білмей, дағдарудамыз. Бір де «экономика – бірінші орында» дедік, көп жылдар бойы идеологияны, тәрбиені, діни ізгілік бағытты дұрыс жолға қоймай, енді «рухани жаңғыру» дейміз. Рухани дамуды адамның ой санасын, ішкі жан дүниесін ізгілендіруден, тәрбие мен моральдан, Ұлы Абайдың "Толық адамы" ілімін бойға сіңіруден бастау керек. Кеше ғана «саяси реформаны бастаймыз» деп жар салсақ, көп уақыт өтпей ол ұмыт қалады. Сананы жаңа бір ұран діңкелейді. Мемлекеттік деңгейде бір нәрсенің басын бастаймыз да, аяғына жеткізе алмай, соңынан жаңа бір «бағдарламаға» ауысып кетеміз. Бұрынғысы ұмытылады, қыруар қаржы жұмсалады. Мысалы, 2003 ж. және 2010-2014 жж. мемлекеттік инновациялық бағдарламалар аяқсыз қалып, толық орындалған жоқ. Бұған дәлел жеткілікті.
Рухани құндылыққа келсек, менің 2012 жылы тікелей жоба ретінде 8 млрд. АҚШ доллары тұратын барлық есебімен жазып берілген Түркістанды рухани Астанаға айналдыру арқылы рухымызды ояту жобасы Елбасына жіберілген болатын. Үкіметтен, мәдениет министрінен бұл Түркістан жобасы өзекті, қажет жоба деп қолдау көрсетіліп, бірақ қаржының тапшылығынан сол уақытта жүзеге асыру мүмкіндігінің болмайтындығы туралы хат алғанбыз. Бүгінгі таңда бұл жобаны жүзеге асырудың өзектілігі артпаса, кеміген жоқ. Бұл жоба 6 үлкен кластерден тұрады: Рухани астана Түркістан қаласын ескі нақышта салу; Кентау технологиялық кластері; Жаңа ауыл кластері;Туризм кластері; Инфрақұрылым; Логистика. Жобада: «Түркістанды халықаралық деңгейде рухани мегаполис жасау арқылы Түркі әлеміне рухани серпіліс беріледі» делінген. Ендігі менің ойым осылар сөзбұйдаға салынбай толыққанды іске асса деген тілек.
Төртінші ұсыныс. Қазақстанның үдемелі дамуы үшін ақсап тұрған ғылым мен білімге серпіліс беру керек. Білімді халық, білімді қоғам болмай біреулердің жетегінде жүргеніміз-жүрген. Советтер одағында фундаментальды ғылымның биік денгейінің арқасында космосқа Ю. Гагаринді тұнғыш рет ұшырған ғылымды, білімді біз батысқа жалтақтап "Болондық процесінің" аяғына таптаттық. Кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғау ғылыми кеңестерін депутаттар қабылдаған заңмен жауып тастадық. Қазір ғылымға берілетін қаржы «жетім қыздың жасауындай» жалпы ішкі өнімге шаққанда (ЖІӨ) бар болғаны 0,14% ғана. Ал дамыған елдерде 3-4%. Демек 20-30 есе төмен. Материалдық-техникалық база төмен, бәрі ескіріп тозған. Ғалымның хәлі өлмес қамның күні. Басқаларын былай қойғанда, ғылым докторының алатын жалақысының өзі ірі компания күзетшісінің айлығындай-ақ. Бізге тек қатардан қалмау үшін ғылымға кем дегенде ЖІӨ-нен 1,5% қаражат бөліну керек. Әділетсіз жабылған ұлы Академік Қ. Сәтпаев негізін қалаған Ұлттық Ғылым Академиясын қайта жаңғыртып, Мемлекеттік Ұлттық Ғылым Академиясы етіп құру өте қажет! Мұндай Академиялар мен диссертациялық ғылыми кеңестер бізден басқа барлық ТМД мемлекеттерінде сақталып қалды. Сонда біздің ғылымымыз Ресей мемлекетінің ғылымынан жоғары болғаныма? Өкінішке орай олай емес... Жеке ғылым министірлігін құру қажет. Біз рухани құндылықтарымызбен жоғары технологияларды бірге қосып дамытсақ қана жаңа халықаралық деңгейге шыға аламыз.
Бізге жаңа технологияларды, VI-VII технологиялық укладтарды: нано-биотехнология, генді инженерия, космостық технология, жасанды интеллект, роботтандыру, атомдарды телепортациялау, күн және сутекті энергия, магнитизм, информациялық – коммуникациялық технологияны тез дамыту қажет. Мысалы Индия бұл саладан Азия елдерінен көш бастап тұр. Әсіресе бізде «критические технологияны» бүгін қолға алу керек, көп кешігудеміз. Алдымызда цифрлы дәуірден соң ізгілікті қоғамның дәуірі келмек.
Бесінші ұсыныс. Жоғарыда айтылғандардың барлығының басын қосатын ең маңызды жобам – «Мемлекетті 5-тік спиралмен жаңаша басқару» жобасының негізгі идеясымен таныстырғым келеді. Олар мемлекет, бизнес, ғылым, қоғам және адам қажеттілігі, ақпараттық жүйе сынды мемлекетті тиімді басқарудың 5 базалық элементтерінен тұрады. Әр блок бойынша жобалар мен тетіктері дайындалды. Олар іске қосылуға дайын тек саяси шешім болса! Әлемде аналогы жоқ бұл жобаны халықаралық конгресте, конференцияда таныстырып, баяндамалар жасадым. Егер біз осы бес блокта, бір сағаттың тетігі тәрізді жұмыс істесек, тез алға кетеміз. Қазір бізде мемлекет және бизнес (ГЧП) дейді. Кейде бәзбіреудің я мемлекеттік қызметте жұмыс атқаратынын, я үлкен бизнесмен екендігін ажырата алмай жатамыз. Тек істі болып, ұсталып жатқан кезінде ғана оның үлкен лауазымды қызметте отырғанын халық біліп жатады. ХХІ ғасырда әлем күрт өзгеріс үстінде. Біз соны сезіп, дер кезінде экономиканы да, саясатты да трансформация жасап, басымдылықтарды күрт өзгертіп елімізді дамытуда жаңа серпіліс беретін деңгейге шығуымыз керек. Осыған орай кейінгі кезде елімізде жусап қалған зиялы қауымның үнін шығаратын, ұлттың рухын көтеретін кезі келді. Қазақ зиялыларының пісіп жетілмегені, батылдықтың жетпегені бүгінгі таңда халықтың да түбегейлі өзгеріске дайын еместігін көрсетеді.
Елдегі жаңа кадр саясаты, жаңа саяси және әлеуметтік, құқықтық реформа тек адамның тыныс-тіршілігіне тікелей әсер еткенде ғана халық билікті қолдайды. Сондықтан қателіктерді ең алдымен өзімізден, өз ісімізден іздеуіміз керек. Өз мінін көре алмаған билік пен халық өркениетке ұмтыла алмайды!
Осы қиын-қыстау, тағдырлы заманда Қазақстанды «Отаным, жерім, тілім, ділім» деп білетін әр азаматының бойынан патриоттық сезім қаулап, жарып шығатын уақыт келді. Тағы да айтам, біз ат төбеліндей аз халықпыз, өз өзіміздің қадірімізді білмесек, онда басқаларға жем боламыз. Құр алақан емеспіз, тарихымыз сонау ата-тектен: сақ, ғұн, түркі қағанаты, хандықтардан бері текті халық екенімізді білдіреді. Тіпті бір уақыттарда Түркі қағанаты империялық әлемдік өркениет елі, Рим империясы сияқты, 6 цивилизацияның бірі болғаны да тарихтан белгілі. Міне, сол империялық жойқын күштен, тарихи ізгіліктен біздің ұрпаққа да бірер нәрсе қалған болар. Сол генетикалық күшке, сананы, ұлттық, иммунитетті оятып, ата бабалар әруағына сыйынып, елдің бірлігін, келешегін ойлап эволюциялық өзгерістерге қарай бет түзейік. Бұл соңғы мүмкіндігіміз болуы мүмкін.
Шындығына келгенде біз Қазақстан, АҚШ, Қытай, Ресейде емеспіз, жойқын күшіне, армиясына, экономикасына сеніп күшпен алып та шалып та жығатын. Ал біз болсақ тек жоғарыда айтылған тектілігімізге, адам потенциялына, саны аз халықты біріктіретін ынтымағымызға, ата- бабаларымыздың бізге қалдырған жер байлығын ақылмен тиімді пайдаланып демократиялық ел болу.
Құрметті Елбасы, қара орман Халқым, сіздерді елдің ертеңі, ұрпақтың келешегі үшін соны өзгерістерге шақырамын! Өз басым осы жолда риясыз еңбек етуге сөз беремін.
Осы хаттағы ұсыныстарға пікір алысқан соң, алдағы уақытта қазақ халқының әл-ауқатының артуына ықпал ететін жобаларымды ұсынып отырмақпын.
Аса құрметпен, Оразалы Сәбден,
Қазақстан ғалымдар Одағының Президенті, академик,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,
ҚР Парламентінің 4 дүркін депутаты
Қазақ үні