Гүлнара Каримова Швейцария банкіндегі 800 млн долларын қайтара алмады
2018 ж. 17 тамыз
5332
0
Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің үлкен қызы Гүлнара Каримова Швейцария банктерінде бұғатталған 800 миллион доллар ақшасын қайтара алмады. 31 шілдеде Швейцарияның Қылмыстық істер жөніндегі федералдық соты Гүлнара Каримованың аталған қаржыны бұғаттау туралы сот шешіміне берген апелляциялық шағымын қайтарып тастады. Енді қаржы таяуда Өзбекстан билігіне қайтарылуы мүмкін деп жазады Азаттық.
Гүлнара Каримова ұзақ уақыт өзін поп-әнші ретінде көрсетіп, киім дизайнімен айналысты, дипломатиялық салада жұмыс істеді. Ол бір кездері президент қызметіндегі әкесінің ықтимал мұрагері де саналған.
Алайда, 2015 жылы Каримованың үстінен бір миллиард долларға жуық қаржы жымқырды деген күдікпен іс қозғалған. Тергеу долбарынша, Каримова кем дегенде алты телекоммуникациялық компаниядан пара алған. Пара Өзбекстанның ұялы байланыс нарығына кіру үшін беріліп, оффшорлық компаниялар арқылы шетелге шығарылған.
Пара берген компаниялар шетелдікі болғандықтан, Каримованың үстінен қаржы жылыстату туралы іс Швеция мен АҚШ-та қозғалды да, сол елдердегі Каримоваға қатысты банк есепшоттары мен басқа да активтер бұғатталып, жылжымайтын мүліктер арестке алынған. Сонымен қатар Өзбекстанда Каримова 53 миллион доллар қаржы жымқырды деп айыпталып, үйқамаққа алынған.
2015 жылы тамызда Ташкент соты Каримованы салықтан жалтарды, қаржы жымқырды, бопсалады және оффшор компанияларының құжаттарын жойды деп айыптап, еркіндігін бес жылға шектеген.
Гүлнара Каримоваға тиесілі делінген қаржының көбі - 800 миллион доллар Швейцария банктерінен табылып, бұғатталған. Ислам Каримов қайтыс болған соң орнына келген Өзбекстанның жаңа билігі аталған қаржыны қайтаруға бірнеше жыл күш салып келеді.
Гүлнара Каримованың адвокаты Грегуар Манжа 21-22 маусым күндері Ташкентте Каримовамен кездескен. Ол Азаттықтың Өзбек редакциясына белгілі бір шарттар орындалса, Каримова ымыраға келуге даяр екенін, Өзбекстан мен Швейцариядағы оған қатысты қылмыстық істер жабылып, оның бостандыққа шығатынын мәлімдеген.