2018 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында Каспий маңы елдерінің бесінші саммиті өтеді. Аталған жиында қандай мәселелер талқыланады? Саммит елiмiзге не бередi? Оған кiмдер қатысады? Осы және өзге де сұрақтарға Baq.kz тiлшiсi жауап iздеп көрген едi.
Каспий теңiзiнiң құқықтық статусы туралы құжат қабылданбақ
2018 ж. 09 тамыз
3326
0
Саммитке кiмдер қатысады?
Маңызды халықаралық жиынға Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Алиев, Иран Ислам Республикасының Хасан Рухани, Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин және Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымұхамедов қатысады деп жоспарланып отыр.
Жиында қандай мәселелер талқыланады?
Саммит барысында тараптар Каспий теңізінің құқықтық статусы, Каспийде экономика, көлік, экология, қауіпсіздік салаларында ынтымақтастық орнату және басқа да мәселелерді талқыламақ. Ал, саммиттің қорытындысы бойынша Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы конвенция қабылданады. Бұл конвецияны әзірлеу жұмысы 20 жыл бойы жүргізілді. Құжат жобасында тараптардың Каспий теңізіндегі қызметінің негізгі қағидаттары, теңіз акваториясын, ұлттық су түбі секторларын бөлу мәселелері, биологиялық ресурстарды, су түбі мен жер қойнауларын игерумен байланысты әскери ынтымақтастық және шаруашылық-экономикалық қызметті жүргізу, кеме жүргізу, қоршаған ортаны қорғау, теңізге қатысты ғылыми зерттеулер тағы сол сияқты мәселелер нақтыланған.
Саммит елiмiзге не бередi?
Каспий теңізінің құқықтық статусын реттеу Каспий аймағының саяси тұрақтылығы мен экономикалық дамуын қамтамасыз ету, оның табиғи байлығын сақтау және көбейту, бірегей географиялық орналасуын пайдалану, жағалау маңындағы бес мемлекеттің жан-жақты ынтымақтастық орнатуы тұрғысынан стратегиялық маңызды саналады.
Алдыңғы төрт Каспий маңы саммиті туралы не бiлемiз?
Қазіргі уақытқа дейін Каспий маңы мемлекет басшыларының төрт кездесуі өтті: 2002 жылы 23-24 сәуірде Ашхабадта; 2007 жылы 16 қазанда Тегеранда; 2010 жылы 18 қарашада Бакуде; 2014 жылы 29 қыркүйекте Астраханда. 2002 жылғы бірінші Каспий саммиті жоғары деңгейлердегі кездесулерді өткізуге негіз болды. 2007 жылы Тегеранда өткен Екінші Каспий саммитінің қорытындылары бойынша Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түркіменстан декларациясына қол қойылды. Онда мемлекеттердің қолданыстағы келісімшарттары саяси деңгейде бекітiлдi. 2010 жылы Бакуде өткен Үшінші Каспий саммиті аясында президенттердің бірлескен мәлімдемесі мен Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. 2014 жылы Астрахандағы Төртінші Каспий саммиті барысында президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда жағалаудағы мемлекеттер теңіздегі іс-әрекетін сәйкесінше жүргізуі тиіс көптеген қағидаттар тізімі нақтыланған.
Каспий теңізінің құқықтық статусын айқындау бойынша келіссөздер процесі қандай?
Каспийдің құқықтық статустын айқындау бойынша келіссөздер 1994 жылы Каспий маңындағы бес мемлекеттің теңіздегі ынтымақтастығы мәселелерін реттеу мақсатында басталған. 1992 жылдан 1996 жыл аралығында Каспий маңы мемлекеттерiнiң сыртқы істер министрлері орынбасарларының бес кездесуі, сарапшылардың үш отырысы, сонымен қатар бірқатар екіжақты және үшжақты кездесулер өткізілдi. Олардың барысында тараптар Каспий теңізімен байланысты жекелеген мәселелерді талқылады. 1996 жылы қарашада Ашхабадта өткен жағалау елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде Каспий теңізінің құқықтық статусы туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі Арнайы жұмыс тобы құрылды. Бұл институттың отырыстары Каспий маңы мемлекеттерінің әрқайсысының аумағында кезек-кезек жиі өткізіледі. Бүгінге дейін Арнайы жұмыс тобының 51 отырысы өткізілген. Соңғы кездесу 2018 жылы 21-24 мамырда Астанада өтті. Тараптардың келісімі бойынша Арнайы жұмыс тобының қорытынды 52-ші отырысын биылғы 10 тамызда Ақтау қаласында өткізу жоспарланған. Бұдан өзге, құқықтық статус мәселелері Каспий маңы мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кеңестерінде талқыланады. «Каспий бестігінің» сыртқы саяси ведомство басшыларының кезекті кездесуі Бесінші Каспий саммиті қарсаңында биылғы 11 тамызға белгіленген.
Қ. Елтайқызы