"Құран бағыштаған": Аудан әкімі халықты қымбат мейрамханада қабылдады
2018 ж. 24 шілде
3559
0
"Ай-ғасыр" мейрамханасында өткен кездесуде аудан ақсақалдары бата беріп, Абдул Хамит Қаттани мешітінің наиб имамы әруақтарға құран бағыштаған
Шымкенттік әкімдер қашанда креативті ойларымен ерекшеленеді. Жақында ғана еліміздің үшінші мегополисіне айналған Шымкент қаласына қарасты әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов халықпен кездесуін қымбат мейрамханада өткізіп, айды аспанға бір-ақ шығарды.
Жаңадан тағайындалған әкім өзіне бағынышты құрылым басқарушыларымен жақын танысып, жұмысын бастамас бұрын жергілікті зиялы қауым өкілдерін ақ дастархан басына шақыруды жөн көріпті. "Ай-ғасыр" мейрамханасында өткен кездесуде аудан ақсақалдары бата беріп, Абдул Хамит Қаттани мешітінің наиб имамы әруақтарға құран бағыштаған. Бұл туралы аудан әкімдігінің фейсбук парақшасындажарияланды.
Әкім - жергілікті биліктің айнасы. Әрине, қазақылық реңк беріп, әруақтарға құран оқыту бір қарағанда дұрыс та шығар. Бірақ, бұл асқа қаржы қайдан алынды? Мемлекеттен бе? Елдің шөкімдеп жиған салығын мейрамханада ас беруге жұмсауға ешкімнің хақысы жоқ. Бұл - бір. Екіншіден, "қаржы әкімнің жеке қалтасынан төленді" дегеннің өзінде ашықтан ашық (әлеуметтік желіге жариялап) зиялы қауымның аузын майлап, тамаққа тойдыру сыбайлас жемқорлыққа жол ашары анық. "Су ішкен құдығына түкірмейтін қазақ, түрлі жағдай туа қалса Мәуленқұловтың дастарханын аттап кете алмайтыны тағы анық. Үшіншіден, бұл үрдіс басқа әкімдерге "үлгі” болып кетсе, сорымыз және қайнайды. Дастархан басы - ағыл-тегіл тілек пен мақтау үшін таптырмайтын орын. Мұның пайдасынан зияны көп екенін мейрамханада кездесу өткізбей-ақ көріп жүрген жоқпыз ба?
Осыған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахманов та әкімдіктің барлық басшыларына: “Жұмысқа қоғамдық көлікпен келіп, кешке қоғамдық көлікпен кетуін талап етемін. Болмаса шайтанарбамен жүруге болады. Оны өздеріңіз шешіңіздер", - дегені есімізде.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz