"Шығыс Түркістан" деп аталатын қазақтың жері қалай Шинжиаң өлкесі болды - тарихшы
2018 ж. 14 шілде
15492
8
Бір жарым ғасырдан бұрын Ресейдің боданында болған Қазақтардың ата-бабалары мекендеген жерлері (Шығыс Түркістан аймағы) олардың ықтиярынсыз Ресей мемлекеті тарапынан Қытаймен өзара саудаланып, 1860 жылғы Пекин, 1864 жылғы Шәуешек, 1881 жылғы Петербург келісімдері бойынша заңдастырылды. Ал 1864 жылы қазан айының 7-сі күні Ресей мен Қытай арасында "Шәуешек келісімі" қазіргі қазақ-қытай шекара сызығының тартылып белгіленуінің негізі болды. Бұл келісім-шартты кезінде ресейлік тарихшы ғалым Владимир Моисеев "1864 жылғы "Шәуешек келісімі" – орыс дипломатиясының ірі табысы" деп бағалапты. Бұл келісім Ресей империясының шығыс шекарасы мен Қытайдың батыс шекарасы жөнінде алғаш жасалған 1860 жылғы Пекин келісімінен бастау алып, 1869 жылы Қобда хаттамасына, 1870 жылы Тарбағатай демаркациялық хаттамасына және 1881 жылы Петербург келісіміне ұласты. Петербург шарты — 1881 жылы Ресей мен Қытайдың Іле аймағындағы шекара мәселесін айқындауға арналған келісімі. Қытайдағы мұсылмандар көтерілісінің қол астындағы ұлт аймақтарына қанат жаюынан сескенген Ресей 1871 жылы қазақ жеріне жақын Іле аймағын басып алды. Қытай Шыңжаңдағы көтерілісті басқаннан кейін Ресейге Ілені қайтару туралы талап қойды. Екі ел арасындағы ұзаққа созылған дипломат. келіссөздерден кейін 1881 жылы 12 ақпанда екі жақ Петербург шартына қол қойды. Келісім бойынша орыс әскерлері басып алған Іле аймағы Қытай үкіметінің билігіне қайтарылды, тек Цин өкіметінің билігінде қалғысы келмейтіндерді орналастыру үшін деген желеумен Ресей Іленің батыс бөлігін иемденді. Іле халқына бір жыл ішінде Ресейге дүние мүлкімен кедергісіз қоныс аударуға рұқсат берілді. Екі мемлекеттің Іле аймағындағы шекарасы Бежінтаудан басталып, Қорғас өзенін бойлай оның Ілеге құяр тұсына дейін созылып, одан қазіргі Алматы облысындағы Көлжат ауылының шығысын орап өтіп, оңтүстікке қарай Ұзынқаратауға дейін, ал қалған жері 1884 жылғы Шәуешек келісімінде көрсетілген сызықпен өтетін болды. Алайда қазақтардың бұрынғысынша жайлау мен қыстауларын ауыстырып, көшіп-қонып жүруі Ресей мен Қытай шекарасында біраз қиындықтар туғызды. Келіссөздер барысында патша өкіметі “жерлері дұрыс бөлінбеген қазақ рулары тұтасымен Ресей бодандығында болу керек” екендігін дәлелдеу арқылы, Зайсан мен Қара Ертіс аумағындағы шекараны Ресейдің пайдасына қайта белгілеуге қол жеткізді. Шекара сызығы Қара Ертістің Күйтін тауларынан Сауыр жоталарына қарай кесіп өтетін болды. Алайда шекара сызығын жүргізу туралы келісімдердің ішінде негізгісі, кейінгі келіссөздерде талқылайтын мәселені анықтағаны 1860 жылғы Пекин келісімі екені байқалады. Пекин келісімі бойынша даулы екі сызық сызылғаны мәлім. Екі сызық та Пекин келісімінде талқыланатын мәселе ретінде қала берген. Қазіргі шекараның жалпы сорабы сол кезде айқындалған. Ол бойынша "орыс-қытай шекарасының жалпы бағыты Алтай, Тарбағатай, Жоңғар Алатауы, Тянь-Шань және Памир таулары арқылы, ірі өзендер Ертіс пен Ілені қиып өтетін болған". Әлгі даулы екі сызықтың бірі Зайсан көлінің үстінен өтсе, бірі Зайсан көлі Ресей иелігінде қалатын болып белгіленген. Ресей мен Қытай арасындағы аталған келісімдер Совет өкіметі тұсында да, кейін де Қазақстанның Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарасының негізіне айналды. Ал енді Шығыс Түркістан жері туралы айтатын болсақ, ол аймақ ежелден көк түріктің яғни, қазақтардың ата-бабаларының қоныс тепкен жері екендігін тарихта, археологиялық зерттеулер де растайды. Тіпті, қазақтардың ата-баблары қоныстанған жер екендігін қазіргі Шығыс Түркістанның қожасы қытай тарихы да жоққа шығара алмайды. Шығыс Түркістан жері қазір Қытай мемлекетінің жері болып саналып оған Шинжиаң (жаңа шекара, жаңа өлке) өлкесі атауы берілген. Солтүстігі мен солтүстік шығысында Алтай, батыс ортасында Тәңір тауы (Тянь-Шань), оңтүстігінде әйгілі Такламакан шөлі мен Кунлунь тауларын алып жатыр, Қытайдың батыс солтүстік бөлігінде, территориясының алтыдан бір бөлігін құрайтын өлкелік көп ұлтты елді мекен . Солардың Ішіндегі қазақ көп шоғырланған Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтары географиялық жақтан Шығыс Қазақстан мен Жетісу жерімен шекаралас. Шығыс Түркістан атауы - ешқандай саяси мүддеге тәуелсіз географиялық атау ғана, былайша айтқанда, түркі әлеміне тәуелді жердің шығыс қанаты. Ежелден түркілердің өзі билеп, өз төстеген жері. Қытай жылнамалары түркілерді ғұндардың ұрпағы деп атаған. Бастапқы кезде түрік деген сөз түркітілдес көшпелілердің ішіндегі басқарушы ақсүйек ру өкілдеріне ғана қатысты болды. Содан кейінгі кездерде түрік деген атау саяси мәнге ие болып, олардың қол астында болған өзге тайпалар да атала бастады. Дегенмен Түрік қағанаты құлағаннан кейінгі түрік ұлыстарын түріктер дегеннен гөрі түркі тілді, түркі нәсілді халықтар деп атау үрдісі қалыптасты. Түріктер 552 жылы Солтүстік Моңғолия жерінде Түрік каганатын құрды. Оның алғашқы билеушісі Бумын қаған еді. Мұқан қаған тұсында бүкіл Ішкі Азия, Оңтүстік Сібір жері, Оңтүстік-батыс Маньчжуриядағы қидандар, қарақытайлар, Тува жері мен Енисей қырғыздары бағындырылды. Иштеми (Естеми) қаған тұсында түріктер батысқа қарай жылжып, Жоңғария жерін, Қазақстанның, Орталық Азияның шығыс аймақтарын бағындыра бастады. VI ғасырдың екінші жартысына қарай түріктер бүкіл Қазақстан жерін, Орталық Азияның біраз бөлігін бағындырып, Қара теңіз жағалауына дейін жетті. Билік басында ақсүйек ашына (ашина) руы тұрды. Бұл - «киелі қасқыр» деген сөз. Қағандар мемлекеттің басты билеушісі болды. Түріктердің туы бөрілі байрақ болуымен қатар олардың қорғаушы оқ қағарлары да «бөрі» аталған. Оның алғашқы қағандары Түмен (Бумын), Мұқан, Естеми, Қара-Еске қағандар еді. Қытай жазбаларында айтылғандай Бумын (Тұмын) қағанның кіші інісі Мұқан қаған 552—554 жылдары Түрік қағанатының негізгі дұшпанының бірі жужандарды (аварларды) бағындырып, Орталық Азия билеушісіне айналады. Түрік қағанының тағы бір інісі Иштеми (Естеми) (552-582 жж.) батысқа жылжып, Жетісу мен Қазақстанның далалық аймақтары және Сырдария, Арал теңізіне дейін жетті. Түрік қағанаты Қазақстан жеріндегі алғашқы ортағасырлық мемлекет болды. Батыс түрік қағанаты (603-704). Сонымен 580 жылға дейін Түрік қағанаты дамуының шарықтау шегіне жетті. 20 жылға созылған түрік билеушілерінің арасындағы өзара соғыстар нәтижесінде 582-603 жылдары Түрік мемлекетінде ыдырау үдерісі жүрді. Түрік қағанаты 603 жылы Шығыс (Моңғолия), Батыс (Орта Азия мен Қазақстан жеріндегі) болып екіге бөлінді. Батыс Түрік қағанаты ежелгі үйсін мемлекетінің жерінде құрылды. Батыс қағанаттың орталығы Шу аңғарындағы Суяб (Жетісу) қаласы болды. Аумағы: Қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жер, Алтай,Сібір, Әмудария, Еділ, Жайық өзенінің төменгі ағысы аралықтарын қамтыған. Құрамына Шығыс Түркістан, Самарқанд, Кеш, Бұқара сияқты отырықшы-егінші аймақтар да енді. Шығыс Түрік қағанатының жұрты көк түрік, ал Батыс Түрік қағанатының жұрты «он оқ бұдын» - «он оқ елі» аталды. Батыс Түрік қағанаты өзіне жаңа жерлер мен жаңа елдерді жаулап алып жатты. Олар 588 жылы Еділ бойын, Орал тауының бергі бетіндегі елдерді, Орталың Азияның біраз бөлігін өздеріне бағындырып алды. Алайда «он оқ бұдын» елінің оң қанаты (5 нушиби) мен сол қанаты (5 дулу) арасындағы 16 жылға созылған билік үшін күрес қағандықтың іргесін шайқалтты. Бұған 657 жылы Жетісуда өз үстемдігін орнатуға ұмтылған Қытай экспансиясы қосылды. Екінші Түрік қағанаты кезеңі және оның атақты билеушілері (683-745). Бірақ Батыс Түрік қағанаты құлағанымен, Шығыс түріктері Қытай билігін мойындамай тәуелсіздік үшін күрестерін жалғастыра берді. 679-689 жылдары Шығыс түріктері Қытаймен күресте өздерінің тәуелсіздігіне қол жеткізді. Шығыс түріктері қағаны Елтеріс-Құтлық қаған, көмекшісі, кеңесшісі Тоныкөк кезінде Екінші Түрік қағанатын қайта құрды. Екінші Түрік қағанатын құрушыларды «түркі-қыпшақ» деп атады. Сол кездегі ескерткіштегі жазуда «түркі-қыпшақ елу жыл биледі» дейді. Екінші Шығыс Түрік қағанаты және оның негізін салған Тоныкөк жайындағы деректі Тақ әулеті шежіресінен, Тоныкөк құрметіне қойылған ескерткіштегі тас жазу дәлел. Онда 646 жылы дүниеге келген, шыққан тегі теле бірлестігіне қарайды делінеді. Тоныкөк жас кезінде Қытайда оқыған көрінеді, ол Шығыс Түрік қағанатының үш бірдей ханына уәзір болды. Күлтегін (686-731) - Екінші Түрік қағанатын құрушы Елтеріс-Құтлық қағанның ұлы. Екінші Түрік қағанатын құруға атсалысқан қолбасшылардың бірі. Ол 16 жасында, демек, 702 жылы Тақ империясының 50 мың қолын талқандап, әскербасын тұтқынға алады. 706 ж. ағасы Білге қағанмен түріктердің қолын бастап, Хуанхэден өтіп, астана аймағына қауіп төндіреді. 716 жылы Білге қағанның тұсында түріктер қытай әскерлеріне үлкен соққы берді. Қапағаннан кейін ел билеген Білге, Күлтегін (686-731) сияқты ағайынды қағандар Қытаймен соғыста тағы да жеңіске жетіп, шекаралық сауда жақсы дамыды. 731 жылы Күлтегін қайтыс болды, 734 жылы Білге де у беріліп өлтіріледі. Көк түріктер құрған Екінші түрік қағанатын 744-745 жылдары Орхон ұйғырлары мен қарлұқтар (тоғыз оғыз конфедерациясы) талқандады. Қазіргі Моңғолиядағы Орхон өзені бойында ағайынды билеушілерге тас белгі қойылып, оған қағанаттың тарихы қашап жазылған. Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі жазбалар Екінші түрік қағанатының құрылу мен өрлеу кезеңіндегі қағанаттың Тақ империясымен болған қарым-қатынасынан хабардар етеді. «Шығыс түркі қағандығының соңғы қағаны Озмештегін қаған 744 жылы ұйғырлар қолынан қаза табады. Бос қалған түркі қағанының орнына Құтлық Білге Құл қаған отырып, Ұйғыр мемлекетін құрды. Шығыс түркі мемлекеті қираған соң батыс жағындағы жерлерге найман, керей, меркіт, қимақ, қыпшақ тайпалары ие болды. (К.Р.Аманжолов «Түркі халықтарының тарихы», Алматы, «Білім» 2005 1-том, 135-136 бет). Жоғарыда айтылған Шығыс Түркі қағандығының Шығыс Түркістан атуының қалыптасуына негіз болғанын байқайымыз. Тарих бір мезет Түркі елінің байтақ даласын орыс және қытай елдерінің отарына айналдырып тынды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан түркілері Батыс Түркістан аталса, Шынжаң жері – Шығыс Түркістан аталды. Ал, Түркістан атауының ресми қалыптасуына келсек, «Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы» деген кітапта былайша түсіндіріледі: «Түркістан деген сөз жағрапиялық атау, ол «Түркілер мекені» деген ұғымды білдіреді. Бұл Түрік қағаны жойылғаннан кейін ішінара жағрапиялық шығармаларда қолданылған ұғым. Жаңа эраның ІХ ғасырының ХІ ғасынына дейінгі аралықта, арабтардың жағрапиялық шығармаларында орта Азиядағы Сыр дарияның солтүстігіндегі Бенгалдың шығысындағы өңірлер Түркістан деп аталды… «Түркістан» деген жағрапиялық атаудың қайтадан аталуы ХІХ ғасырдың бас шенінде капиталистік белді елдердің, Орта Азия өңіріндегі отар жерлерінің іргесін кеңейтуінің туындысы еді. 1805 жылы Ресейлік Жимоковский баяндамасында Орта Азиядағы аудандарды және Қытайдағы Шынжаңның оңтүстігіндегі Тарым ойпатын «Шығыс Түркістан» немесе «Қытай Түркістаны» деп атады. Өйткені осы екі жердегі тарих, тіл, ғұрып-әдет жақтағы айырмашылықтарды және саяси жақтағы ұқсастығы ескерілген еді. («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Шынжаң халық баспасы, 2006ж.Үрімжі 244 бет).
Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара сызығы.
Ресей мен Қытай арасындағы "Шәуешек келісіміне" дейінгі тартыстардың, тарихи мәліметтерге қарағанда, Жоңғария мен Шығыс Түркістанды жаулап алған Қытай және Орта Азияны құрамына қосып алуды көздеген Ресей арасындағы бәсеке және көп бөлігі қазақ жеріне талас түрінде жүргені аңғарылады. Моисеевтің дерегі бойынша, 1861 жылы Қытай жағы Батыс Сібір генерал-губернаторы Дюгамельге шекара жөнінде келіссөз жүргізу үшін Шәуешекке Ресей дипломаттарын жіберуді ұсынған. Сол жылы тамыздың 15-і күні Шәуешекте кездескен екі жақ 1862 жылы маусымның 29-ынан бастап ресми келіссөз бастау жөнінде уағдаласқан. Осы уағдадан соң екі жақ та келешек шекара маңындағы әскери жасақтарын күшейтіп, қарауыл қоюға кіріскен. Ресейлік зерттеуші "Шыңжаң билігі шекара өтуі мүмкін тұстарға қытай тіліндегі жазулары бар тастар көміп, белгі қоя бастады. Ол жерлерді мекендеп отырған қазақтарды Ресейге қарсы шығуға шақырды" деп жазады. 1862 жылы қаңтардың 10-ы күні Ресей патшасы ІІ Александрдың қатысуымен өткен кеңесте "шекараны Ресей бодандығын қабылдаған қазақтардың жеріне дейін жеткізіп, Пекин келісімінен ауытқымау жөнінде" шешім қабылданды. Ресейлік тарихшы Владимир Моисеев "Ал келіссөз басталған кезде Қытай жағы Пекин келісімін мойындамай жаңа жоба ұсынды. Ол жобада Ұлы жүз бен Орта жүз ғана емес, Ембі мен Оралға дейінгі Кіші жүз жерлері Қытайға қосылуы тиіс екені жөнінде айтылған еді. Цин өкілдері "боғдыханның бодандары – қазақ пен қырғыз әуелден-ақ Қытайға тиесілі" екенін мәлімдеді" деп жазады. Келіссөз тұйыққа тірелген соң Ресей жағы Ұлы жүз қазақтары мен қырғыз жерін тезірек отарлауға кірісті. 1860 жылы қазан айында өткен Ұзынағаш шайқасында Қоқан хандығының 15 мыңдық жасағын жеңген Колпаковскийдің әскері 1862 жылы Қоқанның тағы бір бекінісі Пішпекті алды. Ақмешіт, Созақ, Шолаққорған, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Мерке, Тоқмақ секілді Қоқан хандығының ірі бекіністерін де Ресей өзіне қаратты. Ал бұл кезде Қытайдың өз ішіндегі мұсылмандар көтерілісі Қашғар қаласына жетіп, Іле аймағына қарай өтуі Қытай жағын Ресеймен шекара мәселесін тезірек шешуге мәжбүрледі. Олар әуелі шекарадағы қазақ сұлтандарына хат жолдап, "орыс жасақтарын қуып шығу, қайта келсе, ол жөнінде Шәуешекке дереу хабарлау жөнінде" нұсқау берді. Ресейлік ғалымның дерегінше, "Алайда, қазақ сұлтандары орыс билігімен жауласқысы келмеген". Тарихи деректерге қарағанда, 1863 жылы Ресей мен Қытай әскері бірнеше рет қақтығысқан. Сол жылы тамыздың 22-сі күні Верныйға келген Дюгамель Ресей әскери министрі Милютинге "шекара мәселесі қозғалғалы Қытай жағы ақылға сыймайтын талаптар қойып, Пекин трактатын ("Пекин келісімін" айтады – ред.) жоққа шығарумен шұғылданып жатыр" деп хат жазған. Бірақ 1964 жылы шілденің 30-ы батыс аймағында мұсылман халықтардың толуына байланысты Қытай жағы Ресей талаптарына мойынсұнатынын білдіріп, қазан айында "Шәуешек келісіміне" қол қойылған. Орталық Азия аймағындағы халықаралық қатынастар маманы, ресейлік тарихшы Борис Гуревич (2004 жылы қайтыс болған – ред.) "Шәуешек келісіміне" берген бағасында: "1864 жылғы Шәуешек келісімі орыс дипломатиясының ірі табысы болды. Орталық Азияда қалыптасқан жағдайды (шекараны айтады – ред.) біржола бекітті. Алтай мен Күршімнің бай өлкесі, балығы сыймай жатқан Зайсан көлі, Тарбағатай, Алатау, Тянь-Шаньның тамаша жерлері Ресейге өтті" деп жазған. Кейбір тарихшылар "шекараны бөліске салуда екі мемлекеттің әскери қуаты басты рөл атқарғанын, Қытайдың әскери күші өзінен мығым Ресей талаптарына амалсыз көнгенін" айтады. Тарихшы Нәбижан Мұқаметханұлы "10 тараудан тұратын "Шәуешек келісімінің" 5-тарауында "жер қайсы елге бөлінсе, сол жерде отырған халық сол елге тәуелді болатын" көрсеткен –дейді осы тақырыпты арнайы зерттеген азамттық тілшісі Асылхан Мамашұлы. - Шекараны қандай негізде белгілеу қажет дегенде Қытай тарапы "Жоңғарлар - Қытайға тәуелді болған ел. Сондықтан жоңғарлардың барған жерлері Қытайдың аумағы болады" деген талап қойған. Алайда "Шәуешек келісімі" жасалғанымен, шекараны демаркациялау шаралары 1917 жылғы төңкерістен кейін большевиктер тұсында ғана жүзеге асырыла бастаған, бірақ толық аяқталмаған екен. - Келісім жасауын жасағанымен, Қытай жағы "Ресей өзінің әскери күшіне сүйеніп, бізге зорлықпенен қол қойдырды" деген пікірінен қайтпайды. Қытайдың бұл дауы Совет үкіметі тұсында да жалғасады. Бірақ Совет үкіметі оны мойындамайды. - Қазақстан-Қытай шекарасын демаркациялау жариялы болмаған, сондықтан ол жағы беймәлім. Қазақстанның бақылауындағы даулы аумақтың 47 пайызын Қытайға беріп, 53 пайызы Қазақстанда қалдырумен бұл мәселеге нүкте қойылды,- деген ақпаратта күмәнді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 1994 жылы Қытаймен арадағы мемлекеттік шекара туралы келісім жасасты. Мұнан кейін де Қытаймен шекараны анықтау процесіне байланысты қоғамда түрлі қарама-қайшы ойлар күні-бүгінге дейін анықталмай келеді. Бүгін таңда Қытайдың Шыңжаң автономиялық ауданындағы өздерінің ата-баба жерлерінде өмір сүріп жатқан 1,6 миллион, енді бір басқа деректерде – 3,0 миллион қазаққа қатысты бұрынғы ымыралы саясат соңғы жылдары күрт өзгеріп, біздің қандастарымызды жедел түрде қытайландырып-ассимиляциялап, жұтып қою мақсатындағы жаппай қудалау, қуғын-сүргін, геноцид саясаты жүзеге асырылып жатқаны дәлелденіп отыр. Міне бүгін таңда алып екі империяның зорлығы мен озбырлығынан өзге елдерді мекендеген ұлттар секілді «Адам құқықтары туралы халықаралық билльдің» «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының» 1-бабы «Барлық адамдар тумасынан азат және қадір-қасиеті мен құқықтары тең болып дүниеге келеді», 3-бап «Әр адам өмір сүруге, бостандықта болуға және оның жеке басына қол сұғылмауына құқылы», 6-бап «Әр адам қай жерде жүрсе де, құқықтық субъектісі ретінде танылуына құқылы». 13-бап. «Әр адамның әр мемлекеттің ішінде жүріп-тұруына және өз қалауынша тұратын мекен-жайды таңдауына құқығы бар», «Әр бір адам кез-келген елден, соның ішінде өзінің туған елінен, басқа елге қоныс аударуға және өз еліне қайтып оралуға құқылы» деп заңдастырылып бекітілген ҚҰҚЫҒЫ бұзылмауы ТИІС. Мемлекет аталған құқытардың бұзылуына жол бермеуге МІНДЕТТІ. Бұл кез-келген мемлекеттің ең басты міндеті болып табылады.
Есенғазы Қуандық, Қазақ үні