Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елімізде микрокредиттер беру бойынша қаржының игерілмей тұруына байланысты сын білдірді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Сағынтаев: Қаржы бар - игерілмейді, сұраныс бар - шешімін таппаймыз
2018 ж. 11 шілде
3198
1
«Ережеге сәйкес, қазіргі таңда кредит алған кісі екі жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуы керек. Ауылдық жерде бұл қиындық туындатып отыр. Себебі, Бизнес Бастаудан оқып келеді де, бизнес-жобасы бойынша шаштараз ашып, онда өзі ғана жұмыс жасайды. Сол сияқты, 3 млн теңгеге 12 бас мал алады. Ал оған біз екі тұрақты жұмыс орнын ашуды жүктеп отырмыз. Осыған қатысты қаражатты игеру қиыншылық тудырып отыр», - деді селекторлық жиынның соңында пікір білдірген Атырау облысы әкімінің орынбасары.
«Бірқатар мәселелердің басы ашылды. Сол себепті, Ерболат Әскербекұлы, Өмірзақ Естайұлы, көтерілген проблемалар бойынша аптаның соңына дейін ақылдасып, сенбі күні айтылған ұсыныстар бойынша шешімдер қабылдау қажет. 14 мың жұмыссыз адамға микрокредит беру жоспарланған Елбасы өзі жариялаған 5 әлеуметтік бастамасы аясында тағы 20 млрд теңге қосып берді. 68,6 млрд теңге. Ал берілген микрокредитіміздің көлемі 2 млрд 559 млн теңгеге микрокредит берілді. Жарты жыл бітті. Қалған қаржыны қашан игереміз? Әрине, бұған дейін айтылған бірқатар кедергілер бар. Олардың барлығын жою керек. Сосын тағы, микрокредиттің көлеміне қатысты айтылып жүр. Ауылдық жерлердегі 12 млн теңге бұл микрокредит пе, әлде бұл әжептеуір «жақсы» кредит пе? Немесе, қалалық жерлерде 15 миллионнан. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау – 9 млн», - деді Сағынтаев.
Үкімет отырысында осы мәселеге қатысты баяндама жасаған ҚР Денсаулық сақтау министрі Мадина Әбілқасымова микрокредит көлемі 3,2 млн теңге екенін атап өтті.
«Мен мұның барлығын сіздің баяндамаңыздан алып отырмын. Міне, ауылдық жерлердегі микрокредит 12 млн деп тұр. Көп. Сол себепті, сенбі күні осы мәселені талқылап, арнайы шешім шығару қажет. Қаржы бар, игерілмейді, сұраныс бар, шешімін таппаймыз», - деп ескертті Үкімет басшысы.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев микрокредит алған азаматтардың тұрақты екі жұмыс орнын ашу міндеттемесіне қатысты пікір білдірді.
«Атырау облысы әкімінің орынбасары 3 млн теңге бергенімізбен, екі жаңа орын аша алмайды деп отыр. Бұл 1 шілдеге дейін белгіленген нормалар. Бұған мүмкіншілік бар. Сенбі күні барлық сандарды көрсетіп, шешім шығарамыз. Жаңа орындар ашу керек, онсыз болмайды. Шаштараз ашса, онда бір ғана адам жұмыс істейді, оны түсінеміз. Бірақ, біреу қой алса, мал алса, артынан қарайтын адамдар бар. Онсыз енді біз микрокредит беру мүмкін емес», - деді Досаев.
«Әр саланы салыстырмалы түрде қарау керек. Барлығын бір жерге салып қоймай, онда мамандық бойынша бөлек-бөлек қарау керек. Қайда екі адам, қайда бес адам, қай жерде микрокредит алған адам өз шаруасын өзі істеу керек екенін», - деп тапсырды Үкімет басшысы.
Осы тақырып төңірегінде пікір білдірген Үкімет басшысының орынбасары Өмірзақ Шүкеев «Бастау Бизнес» арқылы оқыған адамға міндетті түрде микрокредит беріледі деген түсінік қате екенін жеткізді.
«Жиі қойылатын мәселе – Бастау Бизнеске барған адам міндетті түрде несие алуы керек деген түсінік бар. Оны қалай түсінуге болады? Несие берген кезде жауапкершілікті несие ұйымының басшысы өз мойнына алады. «Атамекен» ҰКП оқытады, ал несие ұйымы жауапкершілік алып несие беруі керек. Онда шешім оқытқан кезде қабылданады ғой. Мұның жақсылап басын ашып алу керек. Олай болса, ҰКП оқыту және несие беру жауапкершілігін де өз мойнына алуы керек немесе оқығанның барлығына несие беріледі деген шартты алып тастау керек. Себебі, бизнес-жоспарды қорғауы керек», - деді Шүкеев.