Орталық Азиядағы Қытай инвестициясының үлес салмағы
2018 ж. 09 шілде
3833
0
2013 жылы Қытай басшысы Ши Жиңпиң әлемге «Бір белдеу – бір жол» жобасын таныстырды. Онда ресми Бейжіңнің Орталық Азия мен Еуразия аумағын батысқа апарар жол ретінде қарастыратындығы және аталмыш аймақтың инфроқұрылымын жақсарту үшін инвестиция құятындығы айтылды. Содан бері бес жыл уақыт өтті. Осыған байланысты qazaqtimes.com Орталық Азия елдеріне салынған Қытай инвестициясының үлес салмағына тоқталып өтті.
Ресми ақпараттарға сүйенсек, Қытай билігі «Бір белдеу – Бір жол» жобасы аясында Қазақстан ифорқұрылымын жақсартуға 600 миллион доллар қаржы құюды жоспарлауда. Бұған қоса ресми Бейжің 2007 жылдан бері Қазақстанға салған инвестиция көлемін екі есеге арттырған. Атап айтқанда 2007 жылы елімізге құйылған Қытай инвестициясы 439,1 миллион доллар болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 998,7 миллион долларды құраған. 2016 жылғы статистика бойынша, Қазақстанның Қытай алдындағы қарызы 12,3 млрд доллар болған. Бұдан бөлек қазіргі таңда Қазақстан аумағында 51 Қытай зауытының құрылысы басталуда және жүздеген қазақ-қытай бірлескен кәсіпорындары жұмыс істеуде.
Енді Орталық Азияның екінші экономикасы саналатын Өзбекстан еліне келсек. Билік басынша Шавкат Мирзиеевтың келуімен өзбек еліде Қытаймен қоян-қолтын жұмыс істей бастады. 2016 жылғы статистика бойынша, Өзбекстан Қытайдан 2 миллиард 182,6 миллион доллардың тауарын импорттаған. Яғни Қытай соңғы жылдары Өзбекстан нарығында бұрын соңды болмаған басымдыққа ие болған. Қазіргі таңда Өзбекстанға салынған Қытай инвестициясы 8 миллиард доллардан асқан. Бұдан бөлек ел аумағында 700-ден астам Қытай капиталы бар кәсіпорын жұмыс істеуде. Олардың ішінде 90 кәсіпорын 100 пайыз Қытай компанияларына тиесілі. Биылғы жылдың өзінде Қытай Өзбекстанға 250 миллион доллар несие берген және «Бір белдеу – Бір жол» жобасы аясныда Өзбекстан темір жол станциядары мен жүк пойыздарын модернизациялауға 168,20 миллион доллар қаржы салған және Ташкент қаласын жарықпен қамтамасыз етуге 25 миллион доллар инвестиция құйған.
Соңғы он жылда саясаты сағат сайын құбылған Қырғыз елінің Қытай алдындағы қарызы 1,5 миллиард доллардан асқан. АҚШ-тың "Center for Global Development" сараптама орталығының мәліметінше, Қырғызстан болашақта Қытай қарызын қайтара алмауы мүмкін. Себебі Қырғызстанның Қытай алдындағы қарызы қазірдің өзінде жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құрайды және ресми Бішкек Бейжіңнен несие алуын жалғастыруда.
Америка ғалымдарының пікірінше, Тәжікстанның жағдайы Қырғызстанмен салыстырғанда тіпті қиын. 2017 жылғы статистика бойынша, Тәжікстанға сырттан келген инвестицияның 58 пайызын Қытай құйған. Яғни ресми Душанбе экономикасын Қазақстан немесе Өзбекстан сияқты көп векторлы бағытта ұстай алмай отыр. Бұл түбінде Қытайдың экономикалық экспанциясына алып келеді және Тәжікстан экономикалық тәуелсіздігінен айырылуы мүмкін.
Жалпы, Қытай осы уақытқа дейін өзінің «Бір белдеу – Бір жол» жобасы аясында Азия, Еуропа және Африканың 68 еліне 8 триллион доллардан астам қаржы құйған. Бірақ бір қызығы Қытайдың несие беру тәртібі басқа елдермен салыстырғанда өзгеше жолға қойылған. Қытай өзге несие берушілерге қарағанда белгіленген сомманы толықтай бір ретте береді. Бірақ бір шартпен. Бейжің саясаты бойынша, бөлінген қаржыны әлемнің қай түкпірінде болса да Қытай компаниялары мен жұмысшалары игеруі тиіс. Бір сөзбен айтқанда Қытай өзі берген қаржыны өзі игеріп, қытайлық компаниялар арқылы елге қайтадан қайтарып алуда. Ал несие алған ел соңында Қытай қаржысына салынған жол немесе зауытқа ие болады және миллиардтаған қарызды төлеуге міндеттеледі. Бұл Қытайдың экономикалық экспанициясы ма?, жоқ әлде өте жақсы жолға қойылған саясаты ма? оны дөп басып айту қиын. Десе де, Қытаймен қандай да бір бірлескен зауыттың немесе кәсіпорының "лентасын" қимас бұрын «жеті рет өлшеп бір рет кескен» абзал.