ҰҚК-ның бұрынғы төрағасы Назарбаевтың сайлауға қатысу мүмкіндігіне қатысты пікір айтты
2018 ж. 04 шілде
4755
1
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Нұртай Абықаев сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында шетелдік телеарнаға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев туралы айтқан сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Spunik Қазақстан.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлыбританиялық телеарнаға берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаевтың 2020 жылы сайлауға қатыспауы мүмкін екенін мәлім еткен еді.
"Ол өзінің пікірін айтты. Менің ойымша, шешімді біздің президентіміз өзі қабылдайды. Ол кезінде егер халық қолдаса және қойылған міндеттерді орындау үшін тиісті команда болса, әрі қарай жұмыс жасаймыз деп айтқан еді", — деді Абықаев Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Айта кетейік, Нұртай Абықаев Жібек жолы елдерінің қала мэрлері форумының пленарлық отырысында спикерлердің бірі болды.
Естеріңізге сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев екі жылдан кейін президенттік сайлауға қатыспайды деген пікір білдірген еді. Кейін ол бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен өзінің айтқан сөзі туралы "қара аспанды төндірмеуді" сұраған еді.
Тоқаевтың сөзіне қатысты Ақпарат министрі Дәурен Абаев, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, сондай-ақ Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та пікір білдірген болатын.