Шет мемлекеттердің басшылары Қазақстан Президентінің туған күніне орай құттықтаулар жолдады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшылары Назарбаевты туған күнімен құттықтады
2018 ж. 04 шілде
4752
0
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтай келіп, Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың даму ырғағы жоғары екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай – тату көршілер және көпқырлы стратегиялық серіктестер. Мен Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының дамуын жоғары бағалаймын және Сізбен бірлесе отырып, өзара қолдауды әрі қарай нығайтуға, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Бір белдеу – бір жол» бастамасы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, екі ел халықтарының игілігі үшін жұмыс істеуге дайынмын», - делінген жеделхатта.
Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қазіргі Қазақстанның барлық жоғары жетістіктері, табыстары мен жеңістері Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тікелей байланысты екенін атап көрсетті.
«Өзін толықтай халқына қызмет етуге арнаған, елінің болашағы мен әр азаматтың тағдыры үшін алғаусыз алаңдайтын Сіздің шын мәніндегі адами және іскер қасиеттеріңіздің, әділетті де талап қойғыш басшының талантының арқасында Сіз тек Қазақстан мен біздің өңірде ғана емес, сондай-ақ одан шалғай жерлерде де орынды құрмет пен жоғары беделге ие болдыңыз», - делінген жеделхатта.
Ш.Мирзиёев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік әрі қарай да дәйектілікпен тереңдейтініне және жан-жақты нығаятынына сенім білдіреді.
Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон Нұрсұлтан Назарбаевты туған күнімен құттықтап, оның Қазақстанның әрі қарайғы өсіп-өркендеуі мен прогресі жолындағы қызметіне жаңа табыстар тілейді.
«Тәжікстанда біздің халықтарымыздың арасында тарихи қалыптасқан достық пен құрмет үдерістері үздіксіз дамуына Сіздің қосып келе жатқан жеке үлесіңізді жоғары бағалайды. Біз жақында болып өткен Астанадағы келіссөзіміз бен кездесуіміз барысында көпқырлы тәжік-қазақ ынтымақтастығын жаңа маңызды уағдаластықтармен нығайттық. Олардың дәйектілікпен жүзеге асырылуы біздің елдеріміздің стратегиялық серіктестігін жан-жақты бекемдеудің факторы болатынына сенімдімін», - делінген жеделхатта.
Өзінің құттықтау жеделхатында Моңғолия Президенті Халтамаагийн Баттулга Қазақстан-Моңғолия қарым-қатынасының дамуына Нұрсұлтан Назарбаевтың қосып отырған жеке үлесін атап көрсете келіп, Циндао қаласындағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті алаңында өткізілген екіжақты кездесудің нәтижелерін оң бағалайды.
«Мен Сіздің сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамыту үшін бізде үлкен мүмкіндіктер бар деген пікіріңізбен келісемін. Біз алдағы кезде де ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі саласында белсенді өзара іс-қимыл танытуға дайынбыз. Сізге зор денсаулық, ал достас Қазақстан халқына өсіп-өркендеу тілеймін!», - делінген жеделхатта.