Ким кездесуге мініп баруға Трамптың автокөлігіне теңдесетін көлік іздестіруде
2018 ж. 08 маусым
4550
0
АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының кездесуінің дайындық жұмыстары қызу жүріліп жатқан тұста, «Ким Жоң Унның кездесу кезіндегі шығындарын кім мойнына алады» деген ыңғайсыз сұрақ туды. The Washington Post басылымының хабарына қарағанда, Солтүстік Корея тарабы экономикалық санкцияларға байланысты мемлекет жағдайының ауыр күйде екенін алға тартып, келіссөз шығынын қарсы тараптың өз үстіне алуын талап еткен.
Бұл туралы qazaqtimes.com хабарлайды.Аталған басылымның хабарына қарағанда, Ким кездесу өткізу үшін Сингапурдың Сентоза аралындағы бес жұлдызды The Fullerton Hotel қонақ үйін көрсеткен. Алайда, әлемге танымал қонақ үйдің президенттік бөлмесі әр тәулігіне 6 мың АҚШ доллар төлеуіне тура келеді. 2 маусымда АҚШ үкіметінің мәлімдемешісі Хизер Науерт (Heather Nauert) бұл шығынды АҚШ үкіметі мойнына алмайтынын мәлімдеді. Кездесу өтетін The Fullerton Hotel қонақ үйі. Фото: www.fullertonhotels.com.
АҚШ пен КХДР қарым-қатынасын зерттеуші Скот Снидердің айтуынша, Ким режимінің бұндай талап қоюы «сайқымазақ ойыны». Олар кездесуде АҚШ-пен терезесінің тең болуын қалайды. Естеріңізде болса, Пиоңчаң қысқы Олимпиадасы кезінде Солтүстік Кореядан барған өкілдер тобының барлық шығынын Оңтүстік Корея тарабы көтерген еді.
Жапон үкіметінің лауазымдылары бұл туралы: «Оларға тек үстел мен орындық қана керек секілді. Шын мәнісінде екі тараптың сәтті келіссөзі үшін үстел-орындық қана емес, басқан-тұрған әрбір қадамды, барлық қимылдарға дейін көңіл бөлуі керек», – деген пікірлерін айтып үлгірді.
Шын мәнісінде, әлем көз тіккен бұндай келіссөзде кездесудің қайда өтетіні, екі тарап лидерінің қай орында отыруы, қатарларында кімдердің болатыны, келіссөз үстелінде қанша адамның отыратыны, ас мәзірінен тартып өзара қандай тарту-таралғы алмасатыны және шығынды қалай өтейтініне дейін аса маңызды. Қос тараптың да ең алдымен ойластыратыны да қауіпсіздік мәселесі. Кездесуді өткізуші болып отырған Сингапур жол қауіпсіздігін өз жауапкершілігіне алды. Ал, кездесудің жалпы барысында қос тарап лидерлерінің қауіпсіздігін тараптар өз мойнына алады.
Трамп кезекті сапарына өзінің арнайы дайындықтан өткен оққағар қосынын, сауытты сәулетті автокөлігін және арнайы тікұшағын да алып бармақ. Ал, Ким Жоң Ун болса 2011 жылдан бері алғаш рет алысқа сапар шеккелі тұр.
Осы жерде бір қызықты мәліметті айта кетейік. Сингапур басылымдарының хабарына қарағанда (The Straits Times), Солтүстік Корея тарабы лидерлерінің келіссөз кезінде пайдаланатын автокөлігінің АҚШ президентінің көлігінен еш кем болмауын талап етуде. Сингапурдан соған лайықты көлікті жалға алуға іздестіру үстінде екен. Алайда, қысқа уақыт ішінде Сингапурдан Трамптың көлігімен сәулеті мен айбыны шендесетін көліктің табыла қоюы екіталай. Үйткені, әлемдегі ең қуатты елдің президенті Трамп пайдаланатын көлік – «The Beast» деп аталатын әлемдегі ең алдынғы сауытты әрі сәулетті автокөлік. Аталған көліктің салмағы 8 тоннадан асады, ұзындығы 5,5 метр. Есіктері 20 см қалыңдықтағы оқ өтпейтін металлдан жасалған болса, терезе әйнектерің қалыңдықтағы 12 см етіп жасалған. Тек қана жасалу құнының өзі 1,2 млн АҚШ долларынан асады.
Өткен аптада Сингапурде өткен Азия қорғаныс өкілдерінің Shangri-La Dialogue саммитінде, сол елдің қорғаныс министрі сөз арасында, Трамп пен Ким кездесуіне кететін шығынның аз бөлегін Сингапур үкіметінің де бөлісетінін айтты. Бірақ, қаншалықты қаражатын мойнына алатынын анық айтпады.
Трамптың әлем елдерінің лидерлерімен кездесу кезінде өткізген қателіктері өте көп. Ол бұндай кездесулер кезінде дағдылы салттарға қатты көңіл бөліп кетпейді. Ал Солтүстік Корея лауазымдылары керісінше, жол-жоралғыларға ерекше назар аударады. Олардың салты бойынша, лауазымы ең жоғары адам залға ең соңынан кіруі, әрі есіктен ең алыс орынға барып отыруы керек. Әлем назарындағы осы кездесудің сірә қандай болатынын, Ким мен Трамптың қалай кездесіп, қандай мәміледе болатыны бес күннен кейін белгілі болмақ.