АҚШ vs Ресей: Қазақстан ақпараттық соғыс алаңына айнала ма?
2018 ж. 04 маусым
7186
1
Жуырда АҚШ Орталық Азия елдерінің тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға 15 миллион доллар бөлді. Қаражат бағытталған тізімде қазақстандық БАҚ-тар да бар. Америкалық мамандардың пікірінше Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан медиада сапалы әрі әлеуметтік маңызы жоғары контент жасай алмай отыр.
Бұл туралы Қамшы порталы хабарлады.АҚШ тарапынан мұншама ақша неліктен бөлінді? Бұл бастаманың негізгі діттегені – ресейлік БАҚ-тардың Орталық Азияға ықпалын азайту. АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің БАҚ-қа ұсынған келісім-шартында ресейлік үгіт-насихаттың кесірінен өңірде қоғамдық пікірдің қате қалыптасатыны, халықтың әлемдік оқиғаларды дұрыс түсінбейтіні айтылған.
Әр ел сырттан таратылатын БАҚ-ты бақылап, тексеріп отырады. Ал кейбір мемлекеттер өз аймағындағы шетелдік БАҚ үлесін 20 пайыздан асырмайды. Бұл тұрғыда Қазақстандағы жағдай аса мәз емес. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, елімізде 270 шетелдік телеарна мен радио жұмыс істейді. Олардың 185-і – Ресейдің, 11-і – АҚШ өнімдері. 169 отандық телерадиокомпания тіркелген. Оның 108-і – телекомпания және 61-і – радиокомпания. Ресейлік арна санының көп екенін ескерсек, АҚШ бастамасының белгілі деңгейде маңызы бар. Журналистер әлемдік оқиғалардың жай-жапсарын баяндау барысында Ресей БАҚ-тарын дереккөз ретінде пайдаланып жатады.
Қазақстанда ресейлік үгіт-насихат белгілері 2014 жылы Украинадағы дағдарыс кезінде анық байқалды. Себебі қазақстандықтар Киевте болған оқиғаларды Ресейдің көзімен көруге мәжбүр болды. Сол кезеңде Қазақстандағы total.kz, capital.kz сынды сайттар Украинаға деген ресейлік агрессияны ашық көрсетті. Бұл Қазақстандағы Ресей пропагандасының анық көрінісі еді.
2017 жылы латын әліпбиіне көшу туралы жарлыққа қол қойылған тұста ресейлік сайттар «Назарбаевтың бұл шешімі тиімсіз» деп жарыса жазды. Мысалы, «Независимая газета» басылымында «Қазақстанның латынға көшуі – Ресейге берілген белгі», «Взгляд» басылымында «Назарбаев қазақ тілін латын әліпбиіне не үшін көшіріп жатыр?» атты мақалалар шыққан.
2014 жылы ақпанда Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет атауын «Қазақ елі» деп өзгерту мәселесін көтергенде ресейлік басылымдар көптеген мақала жариялады. Тіпті «Lenta.ru» сайты бұл бастаманы келеке етіп, Борат фильміндегі кадрды пайдаланған. Ең сорақысы, аталмыш ақпарат сайттың «Бұрынғы ССРО» бөлімінде орналасқан.
2017 жылдың қарашасында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев жаңа заң жобасын таныстыру кезінде: «1,5 миллион халық қазақстандық ақпарат кеңістігінен қалыс қалып отыр. Нақтырақ айтқанда, 1,5 миллион адам Қазақстандағы жаңалықтардан мүлде бейхабар», — деген болатын.
«KazakhSTAN 2.0» сараптама порталы жүргізген әлеуметтік сауалнамаға мамандардың барлығы: «Ресей билігі түрлі ресурстар арқылы тікелей және жанама түрде қазақстандықтарға ақпараттық манипуляция жасап отыр», — деп жауап берген.
Белгілі заңгер Евгений Жовтис: «Қазақстандықтар әлемге Ресейдің көзімен қарап отыр», — дейді.
Ал саясаткер Досым Сатпаев Украинадағы жағдайдан кейін Ресей гибридтік соғыстың негізгі элементі – қоғамдық пікір қалыптастыру екенін түсіне бастады деген пікір айтады.
Биыл Қазақстан БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде Сирия мәселесіне қатысты Ресейдің резолюциясына қол қоюдан бас тартқан кезде орыс БАҚ-тары ұлардай шулады. Қазақстанның көпвекторлы саясатымен сәйкесетін бұл қадамды Ресей пропагандасының өкілі журналист Владимир Соловьев «Воскресный вечер» ток-шоуында әбден сынаған еді. «Қазақстанмен біздің альянс қандай өзі? Олар неге бізге қолдау білдірмей, үнсіз қалды? Біз білмейтін шығармыз, бәлкім арамызды қара мысық кесіп өткен шығар? Әлде келесі «майдан» Қазақстанда болады деп күтеміз бе?», — деді Соловьев.
Бұл қыжыртпаға ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Ресейлік журналист Соловьев? Жоқ, мен эфирді көрмедім. Бұл танымал шоу ма? Шынымды айтсам, мұндай журналисті танымаймын», - деп жауап берді.
2016 жылы Чехияда «Ресей баспасөзінің үгіт-насихатымен және жалған ақпараттарымен күрес» департаменті құрылған. Құрамына 20 адам кіретін департамент 2017 жылдан бері табанды түрде Ресей пропагандасымен күресіп, бұқараға әлемдік оқиғалардан объективті ақпарат тарататын халге жетіп отыр. Ал 2016 жылы Еуроодақ дезинформацияны әшкерелейтін сайт ашып, Ресейдің қитұрқы әрекеттерін әлемге ашық жариялай бастады.
Сонымен, АҚШ-тың Орталық Азия елдеріне ерекше көңіл бөлуінің астарында қандай мән бар? Америка әлем елдерін басып озатын үш түрлі жетістікке ие: біріншісі – демократия, екіншісі – әскери үстемдік, үшіншісі – ақпарат саласындағы басымдық. Ал ақпарат кімде болса, әлем соның алақанында деген теорияға ешкім қарсы дау айта алмайды. CNN, Washington Post, The New York Times сынды басылымдар мен Facebook, Instagram, Twitter, YouTube сынды әлеуметтік желілер америкалық өнімдер екені белгілі.
БАҚ-қа бағытталған қаражаттың негізінде Орталық Азия елдерінің ақпарат кеңістігінде бірқатар маңызды өзгерістер күтіледі:
Кез келген маңызды ақпаратқа қолжетімділік пайда болады;
Телеарналар мен басылымдардағы, интернет ресурстардағы контент сапасы артады;
Журналистер тәжірибе алмасу арқылы кәсіби жағынан шыңдалады;
Шынайы ақпарат пен манипуляцияның ара-жігін ажырата алатын болады;
Объективті көзқарас қалыптасады.
Демократиялық құндылықтарды дәріптейтін, сөз бостандығын бәрінен жоғары қоятын алпауыт ел үлгі алуға лайық. Алайда бұл Қазақстан біреудің сойылын соғады деген сөз емес. АҚШ-тың көмегі терістіктегі көршіміздің арынын тежеп, ақпарат кеңістігіндегі тепе-теңдікті сақтауға ықпал етсе игі. Ал біз кез келген деректі ой елегінен, сын сүзгісінен өткізіп, әлемге қазақтың ғана көзімен қарайтын деңгейге жетуіміз керек.