Парламент Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесiн айқындайтын заңды қабылдады
2018 ж. 31 мамыр
2414
0
ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» ҚР Заңы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Заң жобасы «Қазақстан Республикасының Президентi туралы» Конституциялық заңының отыз үшінші бабына сәйкес әзірленді. Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесiн, құзыретін және қызметінің ұйымдастырылуын айқындайды. Осылайша, Заң жобасымен Қауіпсіздік Кеңесін үйлестіруші конституциялық орган ретінде тану ұсынылады», -деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев.
Жалпы, құжат үш тараудан тұрады. Бiрiншi тарау Қауiпсiздiк Кеңесiнiң құқықтық мәртебесiн, қызметiнiң негiздерiн, мiндеттерi мен функцияларын айқындайды. Атап айтқанда, Қауіпсіздік Кеңесінің міндеттеріне: елдің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетілігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік саясаттың бағыттарын қарау; сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жатады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес, басқа да міндеттер қарастырылады.
«Екінші тарау Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттігін, Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін белгілейді. Осы орайда, ҚК Төрағасына келесі өкілеттіктерді бекіту ұсынылады: Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін басқаруды жүзеге асыру; оның отырыстары мен жедел кеңестерін шақыру; Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережені бекіту; заңнамада көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру. Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасына бағынатын және есеп беретін Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады», - деді Бекетаев.
Ал үшінші тарау Қауіпсіздік Кеңесі мен Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының қызметін қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ заңның күшіне ену тәртібін реттейді.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданатын болады.