Қазақтың халықаралық деңгейдегі ұры-қарылары азаймай тұр - Қажымұқан Ғабдолла
2018 ж. 17 мамыр
5115
0
Қазақтың халықаралық деңгейдегі ұры-қарылары азаймай тұр...
Бұл сырқаттың дауасын кім, қашан, қалай табары – белгісіз... Аты «қазақтың» деп аталғанымен, алаяқ-баукеспелердің арасында орысы мен жөйті, кәрісі мен өзбегі де бар. Кім жоқ дейсің...
...Осыдан оншақты жыл бұрын тағы бір әйдік «қаржыгер-банкир-бизнесмен» «Альянс» аталған және «Еуразиялық» деп айдар таққан қос банкті басқарған басшысы Жомарт Ертаев қамауға алынған еді. Жомарт Ертаевқа ««Альянс банкінде» басшылық еткен кезінде 1 млрд АҚШ долларынан астам банк қаржысын жымқырды» деген айып тағылған.
Жомарт Ертаевқа қатысты шу 2009 жылдың шілдесінде басталып, «Еуразиялық банк» басқармасының төрағасы Жомарт Ертаев пен орынбасары Алексей Агеев қызметтерінен шеттетілген болатын. Сөйтсек, 2 жарым жыл бұрын «Альянс» банкін басқарған кезде Жомарт Ертаев біраз былыққа жол беріп, жалған ақпарат көрсетіпті.
Сол кездегі Ұлттық банктың төрағасы Григорий Марченко былай деген: «Бұл – Ертаев пен Агеев қана емес, сол кездегі «Альянс» банкінің басшылығында болған басқа да адамдардың қызметіне тікелей байланысты. Олар құжаттарын бақылаушы органдарға көрсетпеген. Мұның бәрі 2006-2007 жылдары орын алған. Бақылау органдарына жалған ақпарат беру – заңбұзушылық. Ал, «Еуразиялық банктің» аумалы-төкпелі заманда депозиттерін жарнамалауы – бассыздық».
Жомарт Ертаев өз кезегінде бұл мәлімдемеге қатысты: «Ұлттық банктың басшысы өтірік айтады. Бір банктен құжаттар жүк көлігіне тиеліп әкетілсе, «Альянс» банктен ұшақпен әкетіліп жатыр. Мүмкін үшінші банк құжаттарды вагонға тиеп жатқан шығар? Осындай сөзден кейін қай салымшы банкке сенеді?.. Ұлттық банк төрағасының қылығы – «екінші деңгейлі банктердің ішкі саясатына араласу» – деді.
Сол жылдың тамыз айында Алматы қаласының Медеу аудандық соты Жомарт Ертаевты «Құны 1,1 млрд-қа дейін артқан АҚШ-тың дисконттық облигацияларын несие алушылардың пайдасына шоттан шығарған. Оларды шоттан шығару операциялары банктің ешбір бухгалтерлік есептерінде көрсетілмеген» деген шешіммен банкирді қамауға алуға санкция берді. Арада тоғыз ай өткенде, атышулы банкирдің айыбы жеңілдетіліп, бостандыққа шықты... Не керек, 2002-2007 жылдары ішінде «Альянс» банкінің тізгінін ұстаған Жомарт Ертаев «917,38 млн АҚШ долларын офшорлық компанияларға несие ретінде беріп, үстеме пайыздарын қосқанда 1,1 млрд АҚШ долларына жеткізіп, банктің есеп-шоттынан шығарып алған...» – деп, ауыр айып арқаласа да, тылсым бір «күш-құдіретпен» сытылып шығып кетті...
Келесі бір «ғажайып» жағдай: осы мәселе бойынша қылмыстық іс қозғалысымен, банктің Жомарт Ертаевтан кейін (2007 жылдан кейін...) келіп жұмыс істеген бүкіл басшылығы (топ-менеджерлері) түп-тұқиянымен (банктің акционерлерімен бірге...) шетелге қашып кетті... Егер олар күнәсіз болса, бірден түп көтеріліп, қаша жөнеле ме?...
...Кешегі «Жеңіс күні» деп аталатын демалыстың қарбаласында Халықаралық іздеудегі Жомарт Ертаев «Интерпол»-дың сұранысы бойынша Мәскеудің қақ ортасындағы жолдың бойында ұсталып-тұтқындалып, тағы да «Ірі көлемдегі қаражатты қалтасына басты» деген айыппен, алдымен, түрмеге тоғытылып, кейінірек соттың шешімімен 40 күндік үйқамаққа отырғызылды. Сәл бұрынырақ Елбасы бір жиында: «Эксимбанк, Qazaqbank және Астана банкілерінің менеджерлері басқару жұмыстарын дұрыс жүргізбей, әбден қарызға батты», – деп, сынаған еді. Жағдай өте қауіпті деңгейде ушығып кетті. Ұлттық банк дереу банктерге 400 миллиард теңге көлемінде көмек көрсете алатынын мәлімдеген. Демек, банкке қомақты қаражат салатын акционерлермен белгілі бір келісім жасалғандай болған... Биылғы жылдың сегізінші мамыры күні Жомарт Ертаев мінген көлікті (және оны қорғап жүрген арнайы күштік құрылымдардың көліктерін) Мәскеудегі құқық құрылмдары әуежайға апарар даңғылда, дәп үлкен жолдың бойында күш қолданып, жолды тұтастай жауып тастап, әзер тоқтатып, ұстады. Мінеки, көп ұрлықы қаржының «құдіреті» қандай болады!.. Ал, таяуда құрықталған ресейлік банкир Владимир Антонов тергеу барысында «Жомарт Ертаевтың Қазақстан, Ресей, Беларусь және Латвия елдерінің қазынасына қол сұққандығын...» куәлендірген... Әрине, осының бәрі расталса, ендігі жерде «Ұрыста – тұрыс жоқ». Қазақ Елінің басшысы Қазақстанның банк секторын жаппай құрылымдық тәртіпке келтіру жұмыстары бастап, көлеңкелі экономика көшбасшыларын қамауға пәрмен берген сияқты. Әлгі дәйек-деректерге сүйенсек, «Жомарт Ертаевты – Қазақстан мен Ресейдегі қолма-қол ақшасыз транзиттің көлеңкелі көшбасшысы» – деп атауға әбден болады... Елдің қазына-қаражатын ұрлап-жырлап, жеке қалтасына басып, ізін суытқан банк акционерлерін жазалау шешімі – қалың жұрттың қызу қолдауына ие болары сөзсіз. Өйткені, қазақтың екі баласының бірі – банк алаяқтарының құрығына түсіп, қиналып жүр... Ендеше, бұрынғы «ескі сырқаты қозып», кезекті мәрте «жалған ЖШС-ларға 80 млн АҚШ доллары көлемінде қайтпайтын (қайтарымсыз...) несие берген...» – деп айыпталған Жомарт Ертаев – үлкен тазалау науқанының қарлығашы болса керек.
Бүгінгі күні «Қазақстанға әкелу (экстрадициялау) мәселесі талқыланып жатқан Жомарт Ертаев Ресей азаматтығын сұрап, жаны шырылдай бастады. Міне, туған ел, ата-ана, ата-баба жері, қасиетті отанды сатып жіберудің айқын көрінісі!
Жомарт Ертаев кіндік қаны тамған киелі топырағынан бас тартып, барын салып жатқанда, Қазақстанның сыртқы қарызының мөлшері 14 трилллион теңгеге жетті. Бұл сұмдық сомада Жомарт Ертаевтың да үлесінің бар екендігі даусыз...
Ал, біз – қарапайым халық – қазақтың қазына-байлығын опыра ұрлау синдромына дауа табылатындығынан, бәрібір, үмітімізді үзбейміз!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА,
Қазақ үні