Мырзахметовтың жүз күнгі жұмысынан іскерлік байқалады
2018 ж. 21 сәуір
2606
2
Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың Жамбыл облысына жетекшілік еткелі жүз күн болды. Әрине, еліне ем боп дарыған еңбегін санамалау әлі ерте, дегенмен жүз баспалдақ артта қалды. Осы аралықта аймақтың ажарын ашар, сан-салаға серпін берер біраз шаруаның қазығы қағылды. Билікке қашан да бұқара баға береді. Осы ойдың бесігінде ел аузындағыны айтып, көзге көрінген көп тірлікті топтап 77news.kz порталы әкім атқарған шаруаларды тізіп шықты.
Жиналысты жиыстырып тастады!
Асқар Мырзахметовке әкім «тағы» таңсық емес. Себебі, ол — мининстрлер кабинетінен шыққан маман, үкімет мінберінен көрінген адам. Әулиеатаға әуелі өзінен бұрын жақсы аты жетіп, жылы пікір қалыптастырған жан. Келе сала жұмыс жүргізу тәсілінің ерекшелігімен ел аузына ілікті. Яғни, әкімдік те жиындар бірден азайғаны аңғарылды. Желбуаз жиындарды жиып тастап жаңа форматта отырыс өткізді. Айтылған ұсыныс-пікір, талап-тілек қағазға түсіп кейін хаттамадағы шаруаға қайта айналып отырды. Айтылған, айтылып жатқан мәселе келер жылы қайта қаралмас үшін сұрау салып, ісін бастаған пернеден аяқтауға тырысып баққаны байқалды.
Өңір айнасын өзгерту!
Қай өңір болмасын облыс орталығы — өңір айнасы. Осы ретте шаһардың шырайын ашуға ден қойды. Бүгінде Тараз алапат құрылыс алаңына айналмаса да қаланың бет сұлбасын өзгертуге біраз жұмыстар жасалынып жатыр. Ең ірісі — Жеңіс саябағы. Осында қаланың әр қиырында жайғасқан бірнеше аллеялар топтастырылмақ. Шаһардағы шашылған жеңіс символдарын осында шоғырландырмақ. Атап айтсақ, Б.Момышұлы ескерткішін, мәңгілік алауды көшірмек, жеңіс мұражайын ашу, бейбіт күн үшін жанын пида еткен жамбылдық құрбандар есімі жазылған мемориалды тақта орнату ісі де әкімнің тікелей араласуымен қолға алынған шаруа болатын. Көшедегі көлік кептелістерін кедергісіз жоюды да жолға қойды. Адам аяғы көп жиылатын саябақ аймағына апарар тар көшені даңғылға айналдыру құрылысы қарқынды қазір. Аталмыш мәдени-тынығу демалыс орнын қалыпқа келтіруге қазына қорынан 370 млн. қаржы қарастырылған.
Орынды ұсыныс
Тараз — жасыл қала. Бірақ берекетсіз өскен бұта, ескірген ағаш келбетке кері әсерін тигізері сөзсіз. Оның үстіне қарағашпен көркейту — көнелік. Сондықтан қазір қалада құдды қараағаштан құтылу операциясы жүргізіліп жатқандай. Тып-типыл ету емес орнына сәндік тал тігу қажет. Жасыру — жалғандық, бізде көктем сайын көшет егу науқаны бар. Бірақ сол көшеттің бәрі өсер болса, бүгінде Тараз көшелерін жасыл желек көмкеріп тұруы керек еді. Көшет көктей солып жатады. Бұл жасырып жабатын іс емес. Сонықтан оны отырғызу барда, баптауды да ұмытпау қажет. Асқар Мырзахметов мұндай шараны науқаншылдық емес, нақты істен нәтиже шығаруды ұсынды. Ол үшін қалаға кірер төрт қақпадан арнайы орын бөліп, бар ағашты сонда өсіріп, орман етуді тапсырды. Суару жұмыстарын назардан шығармау – жасыл желектің жайқалуының кепілі екенін айтты. Ал қала орталығна егілетін түп талдар гүлдейтін, хош иісті болса деген ұсынысын аяқсыз қалдырмауға үндеді. Биылға жоспарланған негізгі меже — 6 мыңнан аса түп ағаш тігу.
Аудандарды аралау
Әкім алғашқы аптасында-ақ аудандарды аралауға атқа қонған болатын. Әр аймақтың ахуалына қарай шаруаларын ширатуға пәрмен беріп келді. Отыз күнде он ауданға барып үлгерді. Әр ауданда ауқымды жобаларды жүзеге асыру айтылды. Бәрін айта беру маңызды емес. Бұл атырабта бұрын соңды болмаған баламасы жоқ бастаманың біріне ғана тоқтасақ. Ол — Жуалыдағы шаңғы тебу аумағы. Әкім аудан аралаған сапарында, «Таулы аймақтағы қыстың қытымыр мінезін пайдаға асыру керек. Бұл бастама жамбыл жеріндегі қысқы туризмді дамытуға таптырмас дүние болар еді, — деді өз сөзінде.
Шаруалар жанашыры
Шаруаның жайын жақсы білетін Асқар Мырзахметов егіс даласындағы мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Өңірдегі тұралап қалған қант қылшасын егу ісін жандандыруды өз жауапкершілігіне алды. Осы тұрғыда бейнетіне татымайтын пайда табатын дихандар үшін тәтті түбір қабылдайтын «Мерке қант зауытымен» келіссөз жүргізген болатын. Нәтижесінде шаруалар пайдасына 3 теңгеге жоғары қабылдау ұсынылды.
Әкім ауыстырған кадр
Ал осындай ігі бастамаларды қарқынды дамытуда әкім Асқар Исабекұлы жанына жас, әрі іскер жандарды жиды. Мәселен, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары болып Ләззат Смағұлова келді. Сондай-ақ ауыл шаруашылық басқармасының басшысы болған Нұржан Нұржігітов табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды. Ал оның орынын Берік Нигмашов басты. Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы болған Мүсілім Қасымов облыс әкімінің кеңесшісі қызыментіне ауыстырылып, басқарма басшысы қызметіне Нұрлан Алдамжаров келді. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық басқармасын басқарған Қарлығаш Аралбековаға жаңа құрылған туризм басқармасы сеніп тапсырылды. Ал оның орнына астаналық Арнұр Мұхамеджановты әкелді.
P.S: Бұл жасалып жатқан бастамалар мен жобалар халық игілігі үшін. Елім деген ерді ел қолдаса, жақсылыққа жетелейтін жаңалықтар көп болмақ.