Кемероводағы өрттен кейін Аман Төлеев отставкаға кетті
2018 ж. 01 сәуір
8738
28
Кемерово облысының губернаторы Аман Төлеев РФ президенті Владимир Путинге өз еркімен қызметінен кету туралы өтініш тапсырды, деп хабарлайды ТАСС.
А. Төлеев Кемероводағы қайғылы оқиғадан соң ең дұрыс шешім осы екенін мәлімдеген. «Бұл өзім үшін дұрыс, сарапқа салынған, ең әділ шешім деп есептеймін, өйткені мұндай ауыр жүкпен губернатор болып отыру керек емес, моральдық тұрғыдан мүмкін емес», - деді ол.
«Кемеровода 25 наурызда болған жантүршігерлік қайғылы оқиғаға қабырғамыз қайысып отыр. Біз 64 адамнан айырылдық, олардың көпшілігі - балалар, біздің балаларымыз. Әрқайсымыз осынау ауыр қайғыны жүрегімізден өткіздік», - дейді Аман Төлеев. Сонымен қатар ол қолынан келгеннің бәрін істегенін айтты.
«Мен қолымнан келгеннің бәрін істедім, көмек көрсету мәселелерін шешуге тырыстым. Зор қайғыға тағы бір рет ортақтастық білдіремін. Бірақ өмір сүру керек қой, марқұмдар жадын сақтау үшін өмір сүру керек», - деді губернатор.
«Құдай алдындағы адалдығымды айтайын, мен өз қызметімде әрқашан елдің, Ресейдің мүддесін, облыстың мүддесін ойладым. Баршаңызға үнемі, қуанышымда да, қайғымда да бірге болғандықтарыңыз үшін тағы бір рет рахмет. Тағзымымды қабыл алғайсыздар», - деді Аман Төлеев. 73 жастағы Аман Төлеев Кемерово облысын 1997 жылдан бері басқарып келеді.
ҚазАқапарт