АБАЙЛАҢЫЗ, ӘКІМ КЕЛЕ ЖАТЫР!..
2018 ж. 30 наурыз
4794
17
Біздегі заңға жүгінсек – мемлекеттік ірілі-уақты, түрлі лауазымдағы шенеуніктер халыққа мүлтіксіз қызмет етуге міндетті. Бір сөзбен айтқанда – халықтың қызметшісі. Соның ішінде аймақтық, аудандық, ауылдық әкімдер де тұрғындардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүгіріп жүруі керек-ті. Сол үшін оларды әкім етіп тағайындайды немесе сайлайды. Өкінішке орай, жайлы орынға жайғасқан жаңағы «жайсаңдар» бұл заңдылық пен тікелей міндеттерін тез ұмытады. Ондайлар өзін сол тұрғындардың әміршісі, жергілікті жердің жаратқан иесіндей сезініп, ойына келгенін айтып, білгенін істейді...
Ауылдық, аудандық, аймақ әкімдері мен министрге дейінгі жоғары лауазымды шенеуніктердің жемқорлыққа салынып, топ-тобымен ұсталып жатқанын жылдар бойы көзіміз көріп келеді. Олардың бірқатары ондаған жыл арқалап түрмеге қамалса, енді біразы ебін тауып, айыппұлмен құтылып кетіп жатыр. Халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға арналған бағдарламалар бойынша мемлекет тарапынан бөлінген қаржыны талан-таражға салған жебірлердің тойымсыздығы өз алдына бөлек әңгіме. Бүгін біз мемлекеттік қызметке өз еркімен, халыққа адал еңбек етемін деп ант-су ішіп келген басшылардың мінез-құлқы мен адами бейнесі жайында сөз қозғамақпыз. Қызметке орналасарда құлдық ұрып, құрдай жорғалайтын мансапқорлардың қалай ғана аяқ астынан өзгеріп шыға келетініне таңғаласыз. Қарапайым тұрғындарды мал құрлы көрмей балағаттап, тіпті қол жұмсайтындай жағдайға жеткендерге не деуге болады?
Сөзіміз жалаң болмас үшін, бірнеше мысал келтіре кетейік. Осы жақында ғана Ақмола облысында тағы бір ауыл әкімінің басына бұлт үйірілді. Бұл жолы Есіл ауданындағы «Курск» ауылдық аумағының әкімі Владимир Рогозныйдың кісі өліміне қатысты бар деген деректер айтылуда. Владимир Рогозный ауылдасы Баржақсы Жәмішев есімді азаматты түн ортасында шырт ұйқысынан оятып, машинасына мінгізіп алып кеткен. Араларында қандай кикілжің, қандай жанжалдың болғаны әзірге белгісіз, Жәмішев жүйткіп келе жатқан көліктен секіріп кетіпті. 47 жастағы Жәмішев өлімші күйінде ауруханадан бір-ақ шыққан. Бір жұмадай ес-түссіз жатқан ол наурыздың 22-сінде қайтыс болды. «Курскідегі» әкімдік қызметін небары бір жыл ғана атқарған Владимир Рогозный сол түні өзінің жеке автокөлігімен жүріпті. Бір айта кетерлігі, ол бұған дейін мас күйінде машина айдағаны үшін жүргізушілік құқығынан айрылған-ды. Соған қарамастан қызметін жалғастырған, оған ешқандай әкімшілік шара қолданылмаған. Әкім бұл жолы да удай мас болыпты. Қазір оған қатысты ішіп алып көлік айдау және біреуді өзін-өзі өлтіруге итермелеу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып отыр. Осыған орай, Ақмола облыстық Тәртіптік кеңесінде тағы да жедел жиын өткізуге тура келіп, Рогозныйды қызметінен алу мәселесі қаралмақшы.
–Бұл кадрларды басқару жүйесінің осалдығынан орын алып отырған жағдай. Әкім деген ауылдағы маңызды тұлға емес пе? Аудан басшысы тарапынан да, депутаттар тарапынан да жіберілген өрескел қателік. Бұған дейін де заң бұзса, ол неге осы күнге дейін әкім болып істеп жүр? – дейді Мемлекеттік басқару академиясы Ақмола облысы бойынша филиалының директоры Әлібек Баймағамбетов. Өте орынды және дұрыс айтылған пікір. Рогозныйды әкім етіп тағайындағанда аудан басшылары мен депутаттар қайда қараған?
Айта кету керек, бұл Ақмола облысында орын алған бірінші оқиға емес. Бұған дейін де Қорғалжын ауылдық аумағының әкімі Жанат Омаров 14 жастағы оқушыны ұрғаны үшін қызметінен кеткен болатын. Басынан жарақат алған Диас Мұқан миы шайқалып қатты шошынып қалған. Оқушыны ауылдан Астанаға жеткізіп, ұзақ мерзім емдеуге тура келді. Бұл оқиға қоғамда кеңінен талқыланып, тіпті Мәжіліс депутаттарының да араласуына тура келген-ді. Одан кейін қылмыстық іс қозғалған болатын.
Жуан жұдырықты әкімдер Алматы облысында да баршылық екен. Қарасай ауданында тұратын 66 жастағы Төленді Таңатаров деген қария Бірінші Май ауылдық аумағының әкімі Мұратбек Қарнақовқа шағым айтамын деп, одан таяқ жегенін алға тартып телеарналарға хабарласқан. Атқамінерді бірнеше күн бойы қызмет орнынан таппаған тұрғын таңертең басшының үйіне барып, ақыр соңында миы шайқалып, беті мен кеудесі көгеріп қайтқан. Ал зейнеткердің сондағы бар айтпағы – ауыл көшесіндегі арық мәселесі ғана екен. Көктемде ауылды су басу қатерін еске салған жәбірленушінің айтқан ақылы әкімге ұнамаған көрінеді. «Сен кімсің, маған ақыл айтатын, сені жоқ қылып жіберемін» деп жұдырықтың астына алған. Ал, Қарнақов ешкімді ұрып-соқпағанын айтып, өзін сүттен ақ, судан тазамын дейді. Әкімнің үстінен учаскелік полицей мен аудандық прокуратураға арыз жазылып, дене жарақаттары жайлы медициналық анықтама алынған. Бірақ, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген қағиданы берік ұстанған тәртіп сақшылары ешқандай шара қолданбай келген, тіпті жәбірлеушіден дер кезінде түсініктеме де алмаған, аудан басшыларына да хабарламаған.
Бір қызығы әкімнің үстінен арыз жазылған соң көптеген жылдардан бері шешілмей келе жатқан арық мәселесі бірден шұғыл түрде қолға алынған екен. Сонда қалай болғаны, тұрғындар ауылдағы мәселені шешу үшін міндетті түрде алдымен әкімнен оңбай таяқ жеп алуы керек болғаны ма? Немесе әпербақан әкімдерден өзін қорғау үшін үнемі телеарналарды шақырып, шу шығарып отыруы қажет пе? Олай болса қомақты жалақы алатын аудан, облыс әкімдері мен осы тектес іске тікелей жауап беруге тиісті құқық орындары не бітіріп отыр?
Жұдырықтасуға жақын тұратын шенеуніктер ауылдарда ғана емес, қаладан да табылып қалады. Талдықорған әкімінің орынбасары Асқар Тұтыбаев кабинетінде фермер Алмас Садырбаевпен төбелескен соң қызметінен өз еркімен кеткенін білеміз. Бизнесмен Алмасбек Садырбаев бұрын қол қойылған құжаттарға қайта қол қоймағаны үшін қала әкімінің орынбасарымен төбелескен. Оқиға мемлекеттік қызметшінің кабинетінде болған. Талдықорған қалалық соты Алмасбек Садырбаевты ҚР ҚК 380-бабына сай айыпты деп танып, бір жылға соттаған-ды.
Қызылорда облысында да қол жұмсауға кетәрі емес әкімдер бар екен. Шиелі ауданы, Тартоғай ауылының тұрғыны Дархан Ершоқаев «округ әкімінен таяқ жедім» деп отыр. Айтуынша, бастығы оны себепсіз ұрып, балағаттаған. Бұдан кейін ауыл тұрғындары әкімнің қызметінен кетуін талап етіп отыр. Бұл оқиғадан бөлек, әлі күнге шешімін таппай келе жатқан ауылдағы қордаланған мәселелер де халықтың әкімге деген кері көзқарасын күшейткен. Дархан Ершоқаев Тартоғай ауылдық округі әкімінің қызметтік көлігінде небәрі үш ай жүргізуші болып істепті. Айтуынша, бастық пен қызметкер арасындағы келеңсіздік жұмыс уақытында туындаған. Білдей бір ауылды басқарып отырған шенеуніктің дөрекелігі алыптай азаматтың ар-намысын аяқасты еткен соң, ақыры жұмыстан кетіп тынған.
– Есікті ашып, бастық дұрыс түсе алмай жатқан соң орындықты барынша жылжытып жатқанда маған жөн-жосықсыз айқайлады. Орындықтың бұдан әрі жылжымайтынын айтып едім, өзіме дүрсе қоя берді. «Сен маған сөз қайтарма, түсіндің бе?», – деп сол жұдырығымен оң жақ көзімнен ұрды, – дейді жәбірленуші Дархан Ершоқаев.
Тартоғай ауыл әкімі Досмат Сүйіндік – Ішкі істер саласында қызмет еткен отставкадағы полковник. Демек заң-зәкөнді бес саусағындай біледі деген сөз. Бұл қимылының немен аяқталарын жақсы білуге тиісті. Әлде бұл бұрынғы қызметінен қалған әдет пе?..
Жұдырық ала жүгіруден шырайлы Шымкент аймағының әкімдері де шет қалмапты. Өткен жылы КТК телеарнасы Түлкібас ауданына қарасты Ақсу Жабағылының тұрғыны Асқар Қойлыбаевты Майлыкент ауылдық аумағының басшысы Келесбек Жартыбаев ұлы мен күйеу баласы үшеуі тепкіледі деп хабарлаған болатын. Аяғын да күрекпен ұрып сындырғаны айтылды. Ауруханада жатқан 37 жастағы жігітке дәрігерлер енді екі жылдай жүре алмайтынын айтқан. Ал әкім бұны қып-қызыл жала деп отыр.
Асқар Қойлыбаевтың анасынан қалған үйін Майлыкент әкімі Келесбек Жартыбаевтың немере қарындасы сатып алған екен. Сол үйде қалған ұсақ-түйегін алуға барған кезде әкім ұлы және күйеу баласымен қосылып тепкінің астына алған. Дау-дамайға үйдің жаңа иесінің әлгі заттарды бергісі келмегені себеп болған.
Жәбірленушінің айтуынша соққыға жыққан әкім кешірім сұрамақ түгілі, әлдекімдерді ауруханаға жіберіп қорқытқан да көрінеді. «Ақсу Жабағылы ауылының тұрғындары Келесбек Жартыбаевтан өлердей қорқатын болып шықты. Өзге әкімдікті басқарса да осында тұратын ол ауылды ашса алақанында жұмса жұдырығында ұстайды екен. Себебі, төбелесті көрді дегендер көп болғанымен, бәрі айтуға қаймығады» деген қорытындыға келген телеарна қызметкерлері.
Түлкібас ауданындағы ең үлкен ауылды басқаратын Келесбек Жартыбаев өзіне шаң жуытар емес. Жас кезінде көкпаршы болған ол екі мәрте облыстық мәслихатқа депутат боп сайланып та үлгерген. Өмірін мемлекеттік қызметке арнаған Жартыбаев біреуді ұрмақ түгілі жұртқа жақсылық жасаумен келем деп отыр. Ал, түлкібастық тәртіп сақшылары болған жәйтке қатысты «қасақана орта дәрежедегі дене жарақатын салу» бабы бойынша іс қозғапты. Сараптама тағайындап, бірнеше куәлерден түсініктеме де алған.
Қарапайым тұрғындарды қорғаудың орнына әкімдер тарапынан оларға күш көрсету фактілерін әлі де тоқтаусыз келтіре беруге болады. Біздің оқырмандар назарына ұсынып отырған бұл жәйттер кезінде КТК сияқты бірқатар телеарналарда көрсетіліп, жұртшылыққа мәлім болған оқиғалар. «Не үшін танауынан тізіп, өткенді қайта бықсытып отырсыңдар?» дейтіндер табылар. Оның да өзіндік себептері бар. Біріншіден, жұрт сенім артқан әкімдер, әсіресе ауылдық аумақтардағы атқамінерлер осы сияқты заңбұзушылықтарын тоқтатар емес. Керісінше жыл өткен сайын үдеп бара жатқанын байқауға болады. Екіншіден, «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген сыңай танытқан жергілікті жерлерде бұл қылмысқа тосқауыл қоюға баса мән берілмейтінге ұқсайды. Қолданылған әкімшілік шаралардың алшаң басқан әкімдерге әсері аз болғандықтан осындай келеңсіз көріністер қайталанып жатыр. Оны болдырмау үшін не істеу керек? Енді осы сұрақ айналасында ой қозғап көрелік.
Алдымен әкімдердің басым бөлігі бұл қызметке мансап пен байлық үшін баратынын айту керек. Екіншіден, тамыр-таныстық, туыстық факторлары басым. Тіпті осы қызметке көбісі ақша беріп тұрады. Демек олар қызметке кірмей жатып пара беріп заңды бұзудан бастайды. Ал, халыққа адал қызмет етіп, елімді, жерімді көркейтейін деген ой олардың үш ұйықтаса да түсіне кірмейді. Бұл үрдіс шексіз жалғаса бермек. Оны тоқтату үшін ауыл, аудан, аймақ әкімдері мен депутаттарын халықтың өзі сайлауы қажет. Сонда ұнамаған әкімді көпшілік өзі орнынан алып тастай алады. Ал, бізде бәрі керісінше, әкімдерді депутаттар, депутаттарды әкімдер « сайлайды». Былайша айтқанда шексіз шеңбер жасап алған, бәрін өздері шешеді. Халық далада қалады. Бұл өте маңызды мәселе. Атқамінерлерді халықтың өзі сайламай ешқашан тәртіп орнамайды. Олай болмаса әкімдерден таяқ жеп, көзіміз көгеріп, солардың тепкісінде жүре береміз.
Министр болсын, әкім болсын оның әрбір адымы санаулы, жұрт алдындағы белгілі тұлға. Қарапайым адамдар оған сенім артып, соларға қарап сап түзейді. Қиналғанда әкімдерден көмек күтіп, зәбір көргенде солардан қорған іздейді. Өкінішке орай, лауазымдылардың біразы сол сенімді ақтай алмайды. Көздеріне шел бітіп, төмендегілердің мұңын құлағына ілмейді. Соған қарағанда біздің елдегі әрбір мемлекеттік мекеменің кіреберісінде ілулі тұрған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» деген ереже сән үшін жазылған ба деп қаласыз. Бұл қағиданы қызметкерлеріміз қашан қатаң сақтары белгісіз. Ережені бұзған шенеуніктерге билік заңды қашан қатайтары да беймәлім. Әкім мен депутаттарды шын мәнінде халықтың өзі сайлайтын күнге қашан жетерімізді де ешкім дөп басып айтып бере алмасы анық. Ал, әзірге «Абайлаңыз, әкім келе жатыр!» деп ескертпеске шарамыз жоқ...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz