Қарағанды облысының әкімі қазақтілді БАҚ-ты қолдау керегін айтты
2018 ж. 29 наурыз
3589
8
Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста облыс әкімі Ерлан Қошанов Тілдерді дамыту басқармасының жұмысын қатаң сынға алды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі өңір басшысының ресми сайтына сілтеме жасай отырып.
Аймақ басшысы қазақ және ағылшын тілдерін оқыту, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу жұмыстарын қажетті деңгейде ұйымдастырмай отырған мекемелер мен өңірлерге қатысты шара қолдануды тапсырды.
"2024 жылға қарай іс-қағаздар латын графикасына көшіріледі. Сол кезеңге дейін біз әзір болуымыз керек. Осыған байланысты барлық өңірлерде бірдей оқыту және бейімдеу курстарын ашуды қолға алыңыздар. Мемлекеттік мекемелердің құжат айналымын ішкі бақылау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, ішкі және шығыс құжаттарының мемлекеттік тілде дайындалуы мен рәсімделуі қатаң бақылауға алынсын. Басқарма басшылары қала, аудан әкімі аппараттары мен мемлекеттік мекемелерден құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын сұрауды тоқтатсын", - деді Ерлан Қошанов Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбековаға қарата.
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлнәрайым Қаңтарбекованың айтуынша, облыстағы13 аумақта мемлекеттік тілді оқыту жұмысы жүргізіліп, 2 мың адам оқытылған. Алайда бұл деректер аймақ басшысының көңілінен шықпады.
"Оқыту жағын мен сізге айтайын, біз алысқа кеткен жоқпыз. Мен мұны бақылап, тексеріп көрдім. Оқытуда әдістемелік құралдарыңыз, негізгі методикаларыңыз - оның бәрі сын көтермейді. Бұл негізі біздің болашағымызға, ұлт болашағына, ел болашағына қажет үлкен мәселе! (...) Елбасы "қазақ қазақпен қазақша сөйлесін" деп айтты, соған қандай ықпал жасап жатырсыздар? Тіпті науқан қылу керек, оқыту керек, бұл әріптестеріміздің болашағына керек", - деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов мемлекеттік басылымдарда қазақ тілінде шығатын контенттің үлесін ұлғайту әкімдердің міндеті екенін айтты: «Сондықтан да жоспарлы түрде кезең-кезеңмен қазақ тілдегі материалдар көлемін арттыру мәселесін шешу керек».
Облыс әкімінің дерегінше, мемлекеттік бағдарламада көрсетілген «Мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі» нысаналы индикаторына облыс бойынша қол жеткізілгенімен, Шахтинск, Балқаш, Қарағанды, Жезқазған, Қаражал, Приозерск, Сәтбаев қалалары мен Осакаровка және Нұра аудандары жоспарланған индикатор әлі жоқ.
Сөз соңында аймақ басшысы жоғарыда аталған мәселелерге қатысты Тілдерді дамыту басқармасының басшысы мен өз орынбасары Жандос Ақылсерікұлына бірқатар тапсырмалар берді.
"Тіл саясатын жүзеге асыру саласында алдымызда ауқымды мәселелер тұр. Оны жүзеге асыруға барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру Тілдерді дамыту басқармасына жүктеледі. Жандос Ақылсерікұлы, сізге осы бағыттағы жұмыстарды тікелей бақылауға алуды тапсырамын",- деді Ерлан Қошанов.