УКРАИНАНЫ ТАЯУ БОЛАШАҚТА НЕ КҮТІП ТҰР?
2018 ж. 26 ақпан
2699
4
Дәл қазір Украинада саяси науқан қызып келе жатыр. Ресейге қарсы позиция мығым әрі біржақты. Істің немен аяқталатынын ешкім болжап бере алмайды.
Әлемдік сарапшылар «Минск келісімі» орындалуы тиіс деп санайды. Бірақ бұл қазіргі жағдайда мүмкін емес. Қанша шығынға батсын, Мәскеуге қарсы біржақты саясат ұстансын, мейлі ресми Киев Донбасс аумағына жеке дара статус, дербестік бере алмайды, бергісі де келмейді. Дегенмен ақиқатында, бүгінгі таңда Порошенко билігі елдегі радикалдарға барлық мүмкіндік беріп отыр. Олар заңнан тыс әрекет етсе де, оған көз жұма қарайды. Ресейдің Украинадағы офистері мен Сбербанктің филиалдары өртеліп жатыр. Бірақ жазықты болып, қамалып жатқан ешкім жоқ. Демек, оған Петр Порошенко билігінің өзі ықпал етіп отыр. Мұны жасырып қарауға болмайды. Түптің түбінде Ресей – Украина қарым-қатынасы қалыпқа келе ме, оны да ешкім айта алмайды. Алайда ақиқаты, қазір ресми Киев елдегі коммунизм елесінен біржола құтылды. Соңғы бір жылда ел аумағындағы мыңнан аса ескерткіштер мен кеңестік заманнан сарқыншақ болып қалған барлық советтік символикалық белгілерді құртты. Лениннің ескерткіштері мен бюсті жермен-жексен болды. Ең арғысы Котовскийдің ескерткішін құлатты. Демек, қазіргі кезде Украина билігі өткен тарихты украин азаматтарының санасынан мәңгі өшірудің барлық қам-қарекетін іс жүзінде жүзеге асырып жатыр. Алдағы уақытта қандай болжам жүзеге асады? Келер жылғы президенттік сайлауда Петр Порошенко өз билігін сақтап қала ма? Оны уақыт көрсетеді. Бірақ Порошенко билігіне қарсы топтар қазірден оның орнынан кетуін талап етуде. Кейбір деректерге қарағанда, қазіргі президентке Юлия Тимошенко ғана мықты қарсылас бола алады. Президенттік сайлау барысында үшінші нәтижені ұлтшыл радикалдар иеленуі мүмкін. Десек те, олардың ұсынған кандидаты бәрібір президент бола алмайды. Ел ішінде тұрақсыздық туғызған Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының экс-губернаторы Михаил Сакаашвили қазір бас сауғалап Еуропа құрлығында жүр. Киевтегі кафелердің бірінде тамақ ішін отырған жерінен ұстап алып, шекара бөлімінің қызметкерлері оны арнайы ұшаққа мінгізіп, Польша арқылы шекара асырып жіберді. Нидерланды мемлекеті қызуқанды грузинге азаматтық берді. Ол енді Украинаға қайтып келе алмайды. Келгеннің өзінде президент болуы күмәнді. Порошенко оны Украина азаматтығынан айырды. Қайдағы грузиннің «Украинада жемқорлықты жоямын, тәртіп орнатамын» деуі күлкілі нәрсе. О бастан ол АҚШ-тың ықпалымен елге келген, қайшылығы көп, басы артық саяси тұлға болды. Сондықтан «болашақта Сакаашвили президент бола қалады» деу мүмкін емес нәрсе. Өз елі Грузияда пана таппаған Михо украиндықтарға бақ әкеле қояды дегенге ешкім сенбейді.
Жұртшылықты толғандыратын тағы бір басты нәрсе бар, болашақта Украинада қандай саяси жүйе орнайды? Бүгінгі таңда ел жемқорлық пен әскери диктатуралық саясатты бастан кешіріп жатқаны мәлім. Жорамалдар жетерлік. Ресми Киевтің басты мақсаты – Донбасс аймағы мен Қырым Республикасын кері қайтару. Бұл аумақты толықтай Украинаның қарамағына өткізу. Бірақ бұл алдағы бес жылда қиын болатын түрі бар. Қақтығысты тоқтатып, мәселеге біржола нүкте қою мүмкін емес. Ондай жағдайда Украинаның болашағын не күтіп тұр? Бұл орайда саяси сарапшылар бірнеше нұсқаны ұсынады. Қазіргі уақытта АҚШ тарапы Украинаға әскери техника мен қорғаныс қабілетін нығайтуға орасан зор қаржы бөлуде. Мұны АҚШ Мемлекеттік департаментінің Украинадағы арнайы өкілі Курт Волкер де растап отыр. «Соңғы украиндық сарбаз қалғанша соғысу» нұсқасының орын алуын ешкім қаламайды. АҚШ-та, Еуропа да, халықаралық қауымдастық та. Алайда бұл болашақта орын алуы мүмкін нәрсе екенін де ешкім жоққа шығармайды.
Осыдан бірер апта бұрын Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесі мен Германияның Фридрих Эберт атындағы қорының өкілдері «Украина: 2027 жылға дейін» атты зерттеу жүргізіп, төрт сценарийдің жүзеге асуы мүмкін екендігін болжады.
Бірінші нұсқа бойынша 2019 жылғы президенттік сайлауда елге белгісіздеу болып келген, бірақ мықты сарапшы президент болуы ықтимал. Оңтүстік-Шығыстағы Донецк және Луганс Халық Республикалары қайтадан Украинаға қосылады. Олардың лидерлері 2020 жылдың орта тұсына дейін билік басында отырады. Еуроодақ Украинаға жәрдем көрсетеді. Елдің экономикасы 2020 жылдан кейін қалпына келе бастайды.
АҚШ сарапшысы Сэмьюэл Чарап мен украиндық эксперт Александр Чалыйдың жорамалынша, ел билігіне Петр Порошенкодан басқа біреу келеді. Қазір біржақты саясат ұстанып отырған украиндық ультраұлтшылдардан билік құтылудың айла-тәсілін жасай бастайды. Ұлтшылдар 2027 жылға қарай саясат сахнасынан біржола жоғалады. Ресми билік барлық билікті өз қолына алады. Донбасс аумағы халықтың наразылығымен Украинаға қайтадан қосылады. Ел бейтарап саясат ұстануға көшеді. Украина НАТО-ға да, Еуроодаққа да кірмейді. Өз территорияңды қорғау – басты міндет. Украинаның қорғаныс саласы финдік немесе шведтік жүйеге көшеді. Бұл алдағы он жылда Украинада орын алуы мүмкін екінші сценарийдің нұсқасы.
Үшінші сценарий бойынша билік басында Петр Порошенко қалады. Елді сыбайлас жемқорлық жайлайды. Халық бірақ уақыт кедейліктің қамытын киеді. Келер жылы Порошенко сайлауға түсіп, екінші рет президент болады. Бірақ оның екінші президенттік уақыты аяқталар тұста елде әскери төңкеріс орын алады. Оның орынтағына әскери генерал келеді. Әйтсе де, америкалықтар қолдау көрсетіп, әскери техника беруін жалғастыра береді. Ақырында ТМД аумағындағы қорғаныс қабілеті өте мықты, Ресейге пара-пар әскери жағынан қуатты армия пайда болады. Бұл Карнеги және Фридрих Эберт қоры сарапшыларпының болжамы.
Төртінші сценарий бойынша ақырында ресми Киев Еуроодақ пен НАТО-дан ешқандай қайыр жоқтығын біртіндеп түсіне бастайды. Билік басына технократтар келіп, шын мәнінде Донбастың бір бөлігі пен Қырымды жоғалтқанын мойындайды. Президент Дональд Трамп биліктен кеткеннен кейін АҚШ Украинада болып жатқан оқиғаларға көз жұма қарайтын болады. Ақырында Украина ғана емес, Молдова, Грузия да ешкімге арқа сүйемей, өздері ғана дербес өмір сүру қажеттігін түсінеді.
Әрине, сарапшылар ұсынып отырған төрт сценарийдің қай нұсқасы жүзеге асуы мүмкін? Оны уақыт көрсетеді. Бірақ әлемдік сарапшылар айтып отырған тағы бір үлкен қауіпті мәселе бар. Ол Украинадағы барған сайын шектен тыс күш алып бара жатқан әрі қазіргі Порошенко жүйесі дем беріп отырған ұлтшылдар мәселесі. Сарапшылардың болжамына қарағанда, түбінде Украинаның ресми билігі осы ұлтшылдардан көп зардап шегетін болады. Еуропа құрлығы украиналық ультраұлтшылдардан қазірдің өзінде теріс айнала бастады. Польша билігі шекараның арғы бетіндегі өзімен көршілес отырған украиналық ұлтшылдарды, «Правый сектор» мен бандеровшылардың әрекетін сынап-мінеп отыр. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров та еуропалық телеарналардың біріне берген сұхбатында «Еуроодақ пен НАТО және АҚШ украиндық ультраұлтшылдардың арандатушылық әрекеттеріне көз жұма қарап отыр. Мәселені бұлай назардан тыс қалдыра беруге болмайды» дегені бар. Расында да Киевтен тікелей нұсқау алып, кейде заңсыз әрекеттерге баратын ұлтшыл радикалдардың кейбір әрекеттерін мүлде құптауға келмейді. Тәртіп болмаған елде ақиқатында, кез келген адам білгенін істейді. Жемқорлар қазынадан жейді, ұрылар дүкенге түседі, саясатшылар елді ала тайдай бүлдіреді. Ақырында зардабы мен қасіретін халық тартады. Анығында Украинаның бірқатар билігінде, Сергей Лавровтың сөзіне сенсек, үкіметте, елдің қорғаныс саласында және Жоғары Радада радикалды топтың өкілдері отыр. Олар әрқашан ультраұлтшылдарға астыртын дем беріп, қоғамда тұрақсыздық тудырады.
Елдің Жоғары Радасында ылғи төбелес. Тіпті кезінде парламент мінберінде сөз сөйлеп, баяндама жасап тұрған үкімет басшысы Яценюктің өзін қолына гүлін беріп, бұтынан жоғары көтеріп, алып кеткен әсереұлтшылдардың бұл әрекетін әдемі шықты деп айтуға келмейді. Бірақ мүдде тартысы бар жерде қашан да ақиқат айтылады. Мұны енді біз мойындауымыз керек.
Бірақ бірқатар сарапшылыр жақын уақытта Украинада саяси тұрақтылық орнай қояды дегенге сенбейді. Өйткені мұның бірнеше себебі бар. Анализ және менеджмент саясаты Украина институтының директоры Руслан Бортниктің пайымдауынша, «ең алдымен халықтың тығыз ынтымақтастығы қажет. Мейлі, Қырым мен Донбасс аумағын қайтару бірінші орынға шықпай-ақ қойғанның өзінде жүзеге асатын бір мықты келісім керек. Ол үшін ең алдымен Ресей мен Еуропа арасында қол қойылатын компромисс қажет. Олай болмаған жайдайда елде саяси тұрақсыздық жалғаса береді. Оның үстіне бүгінгі күні Украинада саяси атамандар өте көп, бірақ олардың ешқайсысының Украина мен Еуропаны және Ресейді ымыраластыруға саяси қабілеті мен күші жетпей отыр. Нақты айтар болсақ, ықпал ететін сыртқы және ішкі жағдайлар ғана Украинаны тығырықтан алып шыға алады. Украинадағы жанжал отыз жылға созылуы да ықтимал. Оның тезірек аяқталуына украин халқы ғана әсер ете алады. Сыртқы саяси ойыншылар үшін Ресеймен арада дүрдараздықтың тым ұзаққа созылғаны тиімді».
Әрине, Украинаға қатысты саяси сарапшылардың болжамы әртүрлі. Ешқайсысы нақты бір ортақ пікірге келе алмайды. Сарапшылар атап көрсеткен төрт сценарийдің қайсысы өмірге жақындау? Ол жағын да дөп басып айту қиын. Дұрысы, өзара тығыз ынтымақтастық пен ымыраға келу. Бірақ қай болжамға арқа сүйесек те, оның нақты шешімі бір елге тіреліп тұрған сияқты. Ол – Ресей…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ,
Айқын