Павлодарлық шенеуніктің әйелі Еуропада қалай демалды (ФОТО)
2018 ж. 03 ақпан
7959
10
Алайда оның күйеуі журналистер алдында мұны жоққа шығарғысы келген
Павлодар облысының спорт және дене шынықтыру басқарма жетекшісі Марат АЙДАШЕВТЫҢ әйелі Әсел АЙДАШЕВА шетелде демалып жүрген фотоларын желіге жиі салып отырады, оның ішінде Франция мен Италиядан суреттерін Instagramға салыпты. Алайда, 172 мың теңге айлық алатын оның күйеуі бұл суреттер жалған болып шығуы мүмкін дейді.
"Ратель" порталының тілшісі Джамиля Маричева дайындаған өзекті мақаланы назарларыңызға ұсынуды жөн санадық.Спорт шенеунігінің әйелі 5 жылдан бері Instagram желісінің белсенді қолданушысы.
Отбасылық суреттерден бөлек мұнда теңізде және Еуропа қалаларында түскен суреттерді көруге болады. Олардың барлығы дерлік соңғы екі-үш жыл ішінде жасалған.
Мына жерде Әсел Айдашева теңізде демалып жүр.
Мұнда пальмалар астында.
Бұл суретте Италияда жүрмін депті.
Ал, мына фотода Парижге барған кезі екен.
Бұл суретте ол Римде серуендеп жүр.
Осы уақыт ішінде Әселдің жары, Марат Айдашев, дене шынықтыру және спорт басқармасында жұмыс жасап жүрді. Айта кету керек, бұл басқарманың жылдық бюджеті облыстағы басқа мекемелерге қарағанда едәуір қомақты. Мысалы, осы жылға бөлінген бюджет 4,3 миллиард теңгені құрады.
Соңғы кездері Әсел Айдашева өзін «ерекше талғамы бар стилист» ретінде көрсетіп, мың жарым оқырманнан тұратын аудиториясына сән кеңестерін ұсынуда. Алайда, бұл бизнес ресми түрде тіркелмеген.
Сонымен қатар, Марат Айдашев өзінің жұбайында кіріс әкелетін бизнес-активтердің жоқ екенін ресми түрде мәлімдеді.
Онда шетелдік сапарларға жұмсалып жатқан қаржы қайдан келіп жатыр? Бұл сұрақты біз 1 ақпанда өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде сөз сөйлеген Марат Айдашевке қойған болатынбыз.
- Құпия болмаса, сіздің жалақыңыздың мөлшері қандай?
- Жалақым – құпия емес, ол біздің басқарманың сайтында жарияланғандай 172 мың теңге.
- Айлығыңыздың осындай көлемде екенін ескерсек, жұбайыңыздың Римге, Парижге саяхаттап жүруін қалай түсіндіріп бере аласыз?
- Менің жарым Римге, Парижге барған емес.
- Онда Instagram желісіндегі суреттер жалған болғаны ма?
- Мүмкін, жалған шығар, мен білмеймін. Бәріміз өзімізді, өмірімізді әдемі етіп көрсеткіміз келеді ғой.
- Шынымен солай ойлайсыз ба?
- Шынымды айтсам, мен оның Instagram парақшасын қарамаймын, сол себепті де ешнәрсе айта алмаймын, - деп сөзін түйіндеді Марат Айдашев.
Айдашевтің өз жарының салған суреттерін неге жалған деп есептейтінін түсіне алмадық, бірақ Google іздеу жүйесі аталмыш фотосуреттер түсірілген шынайы жерлерді көрсетіп бере алды.
Іздеу жүйесінің мәліметтеріне сәйкес, мысалы ерекше аяқ киім киген итальяндықпен бірге түскен суреті расымен де Римде түсірілген. Бұл ескерткіш «Испандық сатылар» деп аталады, ол 1725 жылдан бастау алып, Пинчо жотасының шыңы болып есептеледі және Тринита-деи-Монти шіркеуіне алып барады.
Ал арка жанындағы фото Парижде түсірілген. Google іздеу жүйесі мұны Каррузель алаңы екенін анықтап берді.
Егер өз жарының Парижде болмағанына сенімді болып отырған Марат Айдашевтың сөзіне сенсек, онда Google жалған ақпарат беріп отыр немесе Әсел ханым Еуропаға жұбайына айтпай саяхаттап қайтқан болса керек.
Айтпақшы, брифингтен кейін шенеуніктің жарының Instagram парақшасындағы суреттер азайып, саяхаттап жүріп түсірілген фотосуреттердің барлығы жоғалып кетті. Алайда, біз оларды сақтап үлгердік. Оның үстіне мұнда тұрған не бар.
Кезінде Ақтөбе әкімінің бірінші орынбасары Жандос БАЙЫРХАНОВ өз отбасын Францияға, Канны қаласына саяхатқа алып барған болатын.
Достары фотосуреттерді Instagram желісіне салған кезде, ол журналистер алдында осы сапарға ұзақ уақыт қаржы жинағанын айтқан.