Жер дауынан соң жұмыстан кеткен Мамытбеков Ауыл шаруашылығына қайта оралды
2018 ж. 30 қаңтар
8004
10
2011-2016 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы министрлігін басқарған Асылжан Мамытбеков 2016 жылдың мамырында отставкаға кеткен болатын. Оған жер мәселесіне қатысты туындаған дау себеп болған еді.
Ауыл шаруашылығы министрлігін бес жыл басқарған Асылжан Мамытбеков Қазақстан ет одағына басшы болып келді. Бүгін бұл ақпаратты ҚР бірінші ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев растады, деп хабарлайды SputnikҚазақстан.
«Тек Мамытбеков мырза ғана емес екенін айтқым келеді. Біз қазір жұмысқа басқа тәсіл енгізіп жатырмыз. Арнайы жобалық кеңсе, алаң құрып жатырмыз, соның ішінде Асылжан Сарыбайұлы бізге белсенді көмектесуде, ұсыныстарын айтып жүр. Бізге оның Қазақстан ет одағының төрағасы болып сайланғаны мәлім. Бүгінде біз қордаланған мәселелерді бірігіп шешу үшін салалық одақтармен және бірлестіктермен жұмыс істеп жатырмыз», — деді Евниев үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.