Отандық сарапшы Иранның экс-президенті Ахмадинежадтың тұтқындалуына қатысты пікір білдірді
2018 ж. 09 қаңтар
2811
0
Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабеков Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежадтың «тұтқындалуы» туралы өз пікірін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сарапшының пікірінше, наразылықты қолдағаны үшін Ахмадинежадтың тұтқындалуы туралы ақпараттарға бір жақты баға беру әлі ертерек. Оның пайымдауынша, Иран экс-президенті адвокатының Ахмадинежадтың ұсталғанын жоққа шығаруын ресми ақпарат ретінде қарастыруға болады.
«Бұл ақпаратты сын көзбен бағалауымыз керек, ақпараттың расталуын күтуіміз керек. Бірақ адвокаттың мәлімдемесін ресми ақпарат ретінде қарастыруға болады. Біз ақпараттық соғыстың, қарама-қайшылықтың бар екенін білеміз ... (...) Жалпы алғанда Иран билігінің жағдайды қолға алғанын көреміз. Қазір ең белсенді қатысушыларды жазаға тарту кезеңі басталып келеді. Қамауға алу туралы сыбыс - Ирандағы билік орталығының радикалды консерваторлары үшін тағы бір белгі. Олар қатаң түрде әрекет етеді», - деді Сарабеков.
Сарапшы мұндай батыл қадамдар неге қабылданғанын түсіндірді.
«Қазіргі уақыт ішкі саяси күресті және текетірестерді көрсетуде, себебі Иранның қазіргі президенті Хасан Роуханидің үкіметі үшін ауқымы өте үлкен наразылық күтпеген жағдай болып шықты. Біртіндеп наразылықтар қауіп төндіре бастады. Сондықтан Иранның тыныштығын сақтау тұрғысынан ақталатын осындай батыл қадамдар жасалды», - деді ол.
Еске сала кетейік, Al-Quds Al-Arabi араб басылымы Ахмадинежадтың Шираз қаласына жасаған сапары кезінде елдегі наразылық акцияларын қолдағаны үшін «қамауға алынғаны» туралы хабарлады. Газеттің дереккөздері бойынша, Иран билігі Ахмединежадтың Иранның оңтүстігіндегі Бушер қаласындағы мәлімдемесіне байланысты осындай шешімді қабылдады, олар «тәртіпсіздікке арандатушылық» деп есептеді. РИА Новости мәлімдегендей, Ахмадинежадтың адвокаты Аддел Хайдари бірқатар БАҚ-тарға Ахмединежадтың қамауға алынуы туралы ақпаратты шындыққа жанаспайды деп жоққа шығарды.