Астанада Еуразия дамуының келешегі талқыланды
2017 ж. 13 қараша
3107
21
Назарбаев Орталығы ғимаратында Астана клубының үшінші отырысы өз жұмысын жалғастыруда. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Халықаралық пікірталас алаңы 27 елден келген 60-тан астам қатысушының басын біріктірді. Олардың қатарында саяси қайраткерлер, беделді ғалымдар мен АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Еуропа елдері, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия «ақыл-ой орталықтарының» алдыңғы қатарлы сарапшылары бар. Алғаш рет Клуб жұмысына ең жоғары деңгейлі саясаткерлер - экс-мемлекет басшылары Абдолла Гүл (Түркия), Вацлав Клаус (Чехия), Данило Тюрк (Словения) қатысуда.
Астана клуб сессияларына жаһандық сарапшылық қауымдастықтың ірі тұлғалары - Джордж Фридман (Stratfor негізін қалаушы), Эндрю Качинс (Джорджтаун университеті, АҚШ), Эдвард Люттвак (Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы, АҚШ), Фредерик Старр (Джонс Хопкинс университеті, АҚШ) және т.б. қатысады.
Астана клуб ұйымдастырушылары - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Қоры мен Қор аясында қызмет ететін Әлемдік экономика және саясат институты (ӘЭСИ).
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың сөзінше, Астана клубы ауқымындағы Үлкен Еуразияның түйткілді мәселелері мен келешегі туралы сарапшылық талқылаулар, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұдайы насихаттап жүрген ашықтық пен тең қарым-қатынас ұстанымына негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға қосылған сүбелі үлес болып табылады.
Отырыстың негізгі тақырыбы - «Үлкен Еуразия-2027: текетірес немесе серіктестік» - өзекті сын-тегеуріндер, қауіптер, ықтимал қатерлер мен стратегиялық шешімдерді талап ететін жаһандық саясат мәселелері секілді кешенді сұрақтардан құралған.
Клуб мүшелері алдағы онжылдықта мегаконтиненттің даму бағдарын айқындайтын негізгі трендтерді талқылады. Соның ішінде, әлемдік және аймақтық державалар мүдделерінің өзара қатынасы, ядролық фактор мен геосаяси шиеленістердің ушығуы, сауда және санкциялық текетірестер, халықаралық терроризм мен қауіпсіздік, миграция мен экология, интеграциялық үрдістер мен экономикалық серіктестік.
- Астана өзін ең жоғары саяси деңгейдегі диалогтар өтетін жаһандық бейтарап алаң ретінде көрсете білді. Дәл осы фактор шынайы қызығушылық тудырып, жаңа қатысушыларды отырысқа тартуда, - деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.
Астана клуб отырыстары сарапшы пікірлерінің толық анонимдігі сақталатын «Chatham house» ережесі бойынша өткізіледі. Мұндай ұстаным шынайы әрі сенімді кәсіби сұхбат құруға мүмкіндік береді.
«ЕО - Үлкен Еуразия: серіктестік пен даму векторлары» атты саясаткерлердің ашық панельді сессиясында жеке блок ретінде ЕАЭО, ЕО, АСЕАН мен Қытайдың «Белдеу мен жол» бастамасы секілді еуразиялық кеңістіктегі интеграциялық үрдістер мен интеграциялық жобаларды нәтижелі үйлестіру жолдары қаралды.
Астана клубы аясындағы пікірталастар барысында қатысушылар қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру, Корей түбегіндегі шиеленіс жағдайындағы ядролық қарусыздандыру, Еуропадағы ағымдағы жағдай мен Орталық Азиядағы негізгі үрдістер секілді ең өзекті мәселелерге басым назар аударды. Жетекші саясаткерлер мен сарапшылар Қазақстанның жаһандық және аймақтық үрдістердегі медиатор мен интегратор ретіндегі ұстанымын тағы да атап өтті.
- Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен жеке Нұрсұлтан Назарбаевтың рөлі жаһандық сарапшылық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланады. Бұл жерде біздің антиядролық қозғалыс, текетірес пен дағдарыс жағдайларын реттеу, еуразиялық кеңістікте интеграциялық үрдістерді дамытудағы үлесіміз бен көшбасшылығымыз жайлы айтып отырмын, - деді ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.
Жалпы, үшінші отырыстың қатысушылары Астана клуб халықаралық сарапшылық диалог үшін жағдай жасайтын бейтарап пікірталас алаңы ретінде танылғанын айтты. Ол беделді мамандар, саясаткерлер мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген дипломаттар үшін тартылыс орталығына айналды. Астана клуб форматы өзінің қажеттілігін дәлелдеді, оның отырысы асындағы жаһандық мәселелерді талқылау алдағы уақытта да жалғасын табады.