Каримов тұсында қуғын көрген тағы бір топ-шенеунік ақталды
2017 ж. 13 тамыз
2945
0
Тамыздың 8-і күні Өзбекстан жоғарғы соты 67 жастағы Мавлон Умурзаковты толық ақтап, оған шеккен моральдық және материалдық зиянды толық көлемде өтеу туралы шешім шығарған. 1994 жылы президент Каримовтің бұрынғы мемлекеттік кеңесшісіне "бірнеше қылмыс жасаған", оның ішінде "аса ірі көлемде пара алған", "қызмет өкілеттігін асыра пайдаланған" деген айыптар тағылған. Сол кезде сот үкімі бойынша 6 жылға бас еркіндігінен айырылған Умурзаков 2,5 жыл түрмеде отырып шыққан.
21 ЖЫЛ КҮТКЕН ШЕШІМ
Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің бұрынғы мемлекеттік кеңесшісі Мавлон Умурзаков Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик) тілшісімен әңгімесінде өзін ақтау туралы жоғарғы сот шешімін 21 жыл бойы күткенін айтты.
- Түрмеден босап шыққаныма биыл тамыздың 9-ында тура 21 жыл болды. Күш-қуатым жетеді, егер ел басшылығысенім білдіріп жатса, үкіметтегі жұмысымды жалғастыруға даярмын, -дейді Мавлон Умурзаков.
Түрмеден босап шыққаныма биыл тамыздың 9-ында тура 21 жыл болды.
Оның пікірінше, Шавкат Мирзияев билікке келгеннен бері Өзбекстанда "революциялық өзгерістер" болып жатыр. Ол өзінің ақталуына жаңа президенттің саясатының арқасында қол жеткіздім деп санайды.
- Қай істе болсын, жүйе керек. Жаңа үкіметтің қазіргі қадамдары осы жүйенің іргетасы, - дейді Мавлон Умурзаков Азаттыққа.
МЕМЛЕКЕТТІК КЕҢЕСШІГЕ ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР
1994 жылдың соңында Өзбекстанның тұңғыш президентінің бұрынғы мемлекеттік кеңесшісіне "бірнеше қылмыс жасаған", оның ішінде "аса ірі көлемде пара алған", "қызмет өкілеттігін асыра пайдаланған" деген айыптар тағылған. Сот Мавлон Умурзаковты 6 жылға бас еркіндігінен айыру туралы үкім шығарған.
Мавлон Умурзаковтың сыбайласы ретінде сотталған "Дунё ўзбеклари" веб-сайтының негізін қалаушы Исмат Хушев "азаптау мен қысымға" шыдамай, Каримовтің бұрынғы мемлекеттік кеңесшісіне қарсы түсінік беруге мәжбүр болғаны туралы Азаттыққа айтып берді.
Журналист бұл жайлы өзінің өмірбаяндық кітабында толығырақ жазған.
ҚАРА ТІЗІМГЕ АЛЫНУ
Мавлон Умурзаков сотталғаннан кейін оның жұбайы, өзбек ақыны Халима Худойбердиева да аяқ астынан Каримовтің кәріне ұшыраған. Оны Өзбекстан әйелдері комитеті төрайымы қызметінен де, атқарып жүрген өзге қызметтерінен де алып тастаған.
Мавлон Умурзаков түрмеде 2,5 жыл отырып шыққан.
Сол кезден бері ерлі-зайыптылардың мемлекеттік органдарда жұмыс істеуіне рұқсат бермеген. Халима Худойбердиеваның кітаптарын Өзбекстанда 1994 жылдан бері шығармай қойған.
"ИНТЕЛЛИГЕНТ АДАМ"
1993 жылы саяси себептермен сотталып, ал 1994 жылы президент Ислам Каримовтің арнайы жарлығымен ақталған "Бірлік" халықтық қозғалысы белсендісі Носир Зокир 1994 жылы Өзбекстан ішкі істер министрлігінің тергеу абақтысында Мавлон Умурзаковпен бірге өткізген аптаны еске алады.
- Маған ол кісі интеллигент адам тәрізді көрінді. Ойлары да жазушы адамға ұқсайтын, - дейді Носир Зокир.
Маған ол кісі интеллигент адам тәрізді көрінді. Ойлары да жазушы адамға ұқсайтын.
Мавлон Умурзаков – Өзбекстанда тұңғыш президент Ислам Каримов өлгеннен кейін Өзбекстан жоғарғы соты ақтаған екінші мемлекеттік қайраткер.
2016 жылғы қарашаның 18-інде Өзбекстан жоғарғы соты 1989 жылы Өзбек ССР-і коммунистік партиясы орталық комитетінің бұрынғы бірінші хатшысы, кезінде атышулы "Мақта ісі" бойынша 12 жылға сотталған Инамжан Усманхаджиевке қатысты СССР жоғарғы соты шығарған үкімнің күшін жойған.
Марқұм Усманхаджиев көзі тірісінде Азаттыққа әңгімесінде әлгі шешімді 25 жыл бойы күткенін айтқан еді.