Гүлнара Каримованы мақтағандар одан сырт айналды
2017 ж. 05 тамыз
6591
5
Өзбекстанның тұңғыш президентінің үлкен қызы Гүлнара Каримова елде әкесінен кейінгі ықпалды тұлға болған заманда көптеген танымал адамдар оны үздіксіз мақтайтын. Қазір солардың ешқайсысы басынан бағы тайған Каримованы қорғауға ниет білдірмей отыр. Бұл туралы Азаттық хабарлады.
Өзбекстан билігі жақында елдің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың қызы қамауда отырғаны туралы хабарды ресми түрде растады. Гүлнара Каримова "миллиардтаған доллар жымқырған" деп айыпталды.
Бұрын Гүлнара Каримованың тасы өрге домалап тұрған кезде оны жер-көкке сиғызбай мақтап-мадақтаған елге танымал көптеген адамдар қазір Каримова туралы үн қатпай отыр. Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) тілшісімен әңгімелескен танымал суретші Вячеслав Ахунов (Каримованың атақ-даңқы аспандап тұрғанда оның Bella Terra атты жылтыр мұқабалы журналына маймылдың суретін салған және өз жұмысын Венециалық биеналлеге ұсынған) бұрынғы президенттің үлкен қызын мақтап-мадақтағандар қазір қайда кеткен деп таңданады.
Озодлик радиосы сөйлескен өзбекстандық суретші Вячеслав Ахунов "бір жыл бұрын экс-президенттің қызына батыстың құқық органдары осындай айып таққанда оны қорғауға белсеніп шыққан танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қазір неге үнсіз?" деген сұраққа жауап іздейді.
ГҮЛНАРА МАДАҚТАН КӨЗ АШПАҒАН ЗАМАН
Танымал суретшінің сауалынан соң Озодлик тілшісі кезінде Гүлнара Каримова ұйымдастырған түрлі шараларға белсене қатысқан Өзбекстанның халық әртістерінің біріне хабарласты. Аты-жөнін атамауды өтінген ол өткен заманда Каримованы мақтағанына қазір өкінетінін және ұялатынын айтты.
- Эмоцияға берілдім. Гүлнараның періште екеніне сендім. Халық әркез қаһармандарын мінсіз санайды. Бір кездері Гүлнараны қаһарман санағаныма ұяламын. Оның жаман істерін білмей мақтадым, - дейді Өзбекстанның халық әртісі.
"Каримованың шынайы табиғатын білмедім" деген халық әртісінің сөзіне пікір білдірген суретші Вячеслав Ахунов "бұрынғы президенттің қызын мақтаған танымал адамдардың бәрі оның шын бет-бейнесін білген" деп санайды.
- Гүлнара туралы кім білмеді? Оны мақтағандардың бәрі қандай жан екенін білді. Бірақ, олар атақ алғысы келді, өздері туралы кітап жазылса деді. Енді кімді ақымақ санап отыр? Не болып жатқанын бәрі көріп-біліп жүрді. Әшейін жағымпаз адамдар, - дейді суретші.
#ГУЛИВЕРЛЕР ГУЛЯДАН ТЕРІС АЙНАЛДЫ
2014 жылы Ислам Каримовтың үлкен қызының басына іс түскенде әлеуметтік желіде құрылған #Гуливерлер атты топтың мыңдаған мүшесі "Гүлнара Каримова үшін жан беруге даярмыз" деп жазған еді.
Бірақ, жақында Өзбекстан бас прокуратурасы Каримованың қамауда отырғаны туралы хабарлаған кезде Озодлик тілшісі олардың ешбірімен хабарласа алмады.
ХАНШАЙЫМНЫҢ ЖҮЗІМІ
Өзбекстанның халық әртісі Юлдуз Усманова бұрын Гүлнара Каримованы қолдап, мақтаған адамдардың бірі. 2013 жылдың қарсаңында Усманова президенттің қызына арнап "Гулисан" деген ән жазған.
"Заңгер дипломы бар әнші енді Өзбекстан бас прокуратурасына осы мақалды айтатын шығар?" деген сұрақпен Озодлик тілшілері хабарласқан Юлдуз Усманованың өкілі әншінің бұл сауалға жауап бере алмайтынын айтты.
2013 жылы Озодлик радиосындағы "Курултой" бағдарламасына қатысқан Өзбекстанның халық әртісі Гуломжон Якубов Гүлнара Каримованың Өзбекстан мәдениетін дамытуға зор үлес қосқанын айтқан еді.
- Гүлнара – дипломат! Гүлнара – бизнесвумен! Гүлнара – дизайнер-модельер! Гүлнара – әнші! Гүлнара – меценат! Гүлнара шығармашылық адамдарына қолдау көрсетеді! Қайран қаламын! Бір әйелдің осынша міндетті жалғыз атқарғаны таң қалдырады! - деген болатын Гуломжон Якубов.
Кейін интернетте Round Run және How Dare композицияларына түсірілген бейнебаяны жарияланды. Каримова орыс және өзбек тілдерінде де ән шырқады. Өзбек ақыны Усман Азимов бұрын Озодликке берген сұхбатында президент қызының өз сөзіне жазылған әндерді шырқайтынын мақтан тұтатынын айтқан.
- Енді бұл әндер классикалық өзбек әндерінің қазынасына енді. Оларды өзбек тілінде Каримовтың қызы шырқады. Мен бұған қатты қуаныштымын, - деген еді ақын Усман Азимов.
Батыр Закиров, Мухаббат Шамаева және Наргис Байханова сынды әйгілі өзбек әншілерінің әндеріне музыка жазған сазгер Дилором Сайдаминова кезінде Каримованы "талантты әйел" деп атаған. "Гүлнараның музыкалық дискісі өте жақсы әндерден құралған. Гүлнара Каримова өте қабілетті, талантты әйел. Алла оған сондай қасиет берген", - деген еді композитор.
ДІНТАНУШЫНЫҢ АРНАУЫ
Гүлнара Каримоваға халық әртістерінен қалыспай дін саласының адамдары да мақтау айтатын.
Өзбекстанның Ислам университетінің оқытушысы, дінтанушы ғалым Саидабзал Саиджалолов мемлекет қайраткері әрі ақын Захириддин Мухаммад Бабурдың шығармашылығына арналған шара кезінде Гүлнара Каримоваға мувашшах жанрында жазылған өлеңін сыйға тартқан.
"ҚАЗІРГІ ЗАМАННЫҢ НОДИРАБЕГІМІ"
Ташкенттегі "Дийдор" театр студиясының 24 жастағы актрисасы, "Нодирабегим" (танымал өзбек ақыны, Әндіжан билеушісінің қызы, Қоқан хандығының басшысы Омар ханның әйелі болған Нодирабегимді Бұхар ханы Насрулла өлім жазасына кескен) спектаклінде басты рөлді ойнаған Назокат Нарзиева "Гүлнара Каримова - біздің заманның Нодирабегімі" деген болатын.
Бірақ Ислам Каримовтың қызын танымал тарихи тұлғамен салыстырған актриса уақыт өте келе, Гүлнара Каримова Нодирабегімнің қайғылы тағдырын қайталайтынын білмегенге ұқсайды.
Өзбекстанның халық әртісі Мурад Раджабов Гүлнара Каримованың "Өзбекстанның мәдениет және өнер форумы" қоры ұйымдастырған шараларға белсене қатысқан. 2013 жылы ВВС-дің өзбек редакциясына берген сұхбатында Раджабов Гүлнара Каримованың әкесіне арнаған әнін естігенде көзіне жас алғанын айтқан.
- Гүлнара ханымның әкесі туралы әні жастардың көбіне үлгі болуға тұрарлық. Ол әкесі туралы ән шырқады, бұның маңызы зор. Маған ән қатты ұнады, оны алғаш естігенде тіпті көзіме жас үйірілді. Ән өте жақсы жазылған, Гүлнара ханым оны шынайы орындады. Мүмкін, біреулерге ұнаған не ұнамаған шығар, бірақ мен өте жақсы қабылдадым, - деген актер Мурад Раджабов.
Бірақ, біраз уақыт өткен соң Гүлнара Каримова өз отанында "нон грата" адамға айналды, әкесі одан теріс айналды, ал танымал актер Мурад Раджабов жұмыстан қуылды.
ЖАЛҒЫЗ СЫНШЫ
69 жастағы танымал суретші Вячеслав Ахунов Гүлнара Каримованың дәурені жүріп, Өзбекстанда президент әкесінен кейінгі ықпалды адам саналған кезде де Каримованы Өзбекстанда жүріп сынаудан тайсалмаған жалғыз шығармашылық өкілі.
Ташкентте Art Week Style.uz 2011 атты Гүлнара Каримованың авторлық жобасы – өнер апталығын өткізу кезінде суретші Вячеслав Ахунов өз қарсылығын өзінше білдірді.
- Гүлнара Каримовамен 1990 жылдардың соңында таныстым. Басында ол маған өнерге қызығатын шынайы әйел болып көрінді. Кейін бәрі кәдуілгі бұзақылыққа ұласты. Сондықтан ол ханымның қатысуымен өткен көрсетілімнің ашылымы кезінде мен ағылшын тілінде "Суретші емеспін. Мені мазаламаңыздар" деген жазуы мен өзімнің суретім бар бейдж тағып жүрдім.
Ахунов аталған шараны заманауи өзбек өнерінің қажеттілігі үшін емес, президент қызының еркелігі үшін ұйымдастырылған, нағыз суретші үшін бөгде дүние деп сипаттайды.
- Бейдждегі жазу арқылы басқа суретшілерге: "Мен сендермен бірге емеспін. Әлемге танымал суретші үшін бұл бөтен әлем" дегенді айтқым келді, - дейді Вячеслав Ахунов.
Осыдан соң ол көрме өтіп жатқан жерден кетіп, қарсылығын көшеде жалғастырған.
- Сол кезде жиналған өнер және мәдениет қайраткерлері мені түсінбеді. Қазір бас прокуратураның Гүлнара Каримова туралы мәлімдемесімен танысқан соң наразылығымды түсінген шығар, - дейді танымал суретші Вячеслав Ахунов.
(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы негізінде жазылды.)