"ЛАД" тағы да ЛАҢ салып, мемлекетті айыптады! МЕМЛЕКЕТ НЕГЕ ҮНСІЗ?!.
2017 ж. 03 шілде
6050
13
Сөз кезегі сенде – мемлекет...
ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановтың назарына
Осы жылдың 21 сәуірінде Астана қаласында өткен Орыс бірлестіктерінің II Республикалық Конференция туралы Максим Крамаренконың жариялаған мақаласындағы «Лад» Республикалық славян қозғалысының төрағасы Иван Климошенконың баяндамасы «Идёт активная пропаганда так называемой «большой казахской нации», предполагающая ассимиляцию всех других народов, проживающих в Казахстане. И голая суть этого «проекта» сводится к следующему: мы тут строим для себя дом, если хотите, арендуйте часть, но заплатите за это тем, что всякое обращение начинайте со слов «хозяин» деген сөздермен басталады. Өз басым, орыс ұйымдарының сан түрлі жиындарына қатысып, талай мәлімдемелерімен танысқаннан кейін, ешнәрсеге таңдана қоймаймын, алайда бұл жиынның сөз саптасы мүлдем бөлек екенін естеріңізге салғым келеді. Әңгіме, олардың бұрынғы байбаламдарының қайталануында емес (бұған етіміз үйреніп кетті), мемлекетті, қоғамды АЙЫПТАУДА жатыр. Демек мемлекеттік органдар, оның ішінде Президент, Прокуратура, ҚР Халқының Ассамблеясы бұл айыптауларға нақты және ресми жауап беруге міндетті. Біріншіден, олардың айтуынша, Қазақстанның барлық жерлерінде тілдік дискриминация қанат жайып келеді екен. («По мнению большинства присутствующих делегатов, процессы дискриминации по языковому признаку происходят повсеместно») Сонмен қатар әлі тұғырына қонбаған мемлекеттік тіліміз орыстар мен орыс тілді азаматтарды мемлекеттің барлық салаларынан ығыстырып шығарып жатқан көрінеді («казахский язык превратился в «инструмент выдавливания русских и русскоязычных граждан из разных сфер жизнедеятельности государства»). Тағы бір жерде, жиынның Саяси мәлімдемесінде "...нетитульное население лишено элементарных прав на сохранение своей национальной идентичности» деген жолдар да кездеседі. Меніңше, бұл айыптаулардың барлығы да нақты деректерді талап ететін, егер ондай дәлелдер болмаса «жалған мәлімет таратушы» ретінде жауапқа тартуға алып келетін мәселе...Үндемеу – осы жағдайлардың бар екендігін мойындаумен бірдей! Ондай жағдайда орыстарды «ығыстырып жатқандар» мен орыстілділерге «тілдік дискриминация жасаған азаматтарды» темір тордың ар жағына отырғызу шарт. Осы екеуінің бірі жүзеге аспаса құқықтық мемлекетпіз деп айтудың өзі ұят. Екіншіден, бұл жиында бұрын айтылмайтын тағы бір мәселе көтеріліпті. Бұл – екінші бір үлкен көршіміз – Қытайды дұшпан етіп көрсету. Қытаймен қорқыту арқылы Ресейдің қолтығына тығу саясаты – Ресейлік идеологтардың тәуелсіздік алғаннан бері тоқтаусыз жүргізіліп келе жатқан саясаты. Орыс, славян және казак ұйымдарының Үйлестіру Кеңесінің төрағасы Ю.Захаровтың айтуы бойынша «две - три группы по 10-15 миллионов молодых китайцев навсегда решат постоянно дискутируемый среди русских и казахов вопрос о государственном языке…». Қысқасы, орыс ұйымдары қазақ бауырларына тағы бір жау тауап беріп, «бізден таяқ жеп жатқандарыңызды ұмытып, көшенің арғы бетінде келе жатқан адам соғып кете ме екен» деп қорқып жүріңдер деген нұсқау беруде. Үшінші көңіл аударатын және аса қауіпті мәселе – осы жиында ұлттық-мәдени автономия мәселесінің күн тәртібіне қойылуы. (Рассмотреть вопрос о создании русских национально-культурных автономий в республике). Бұл – 90-жылдардың басында сан рет көтерілген, орыс сепаратизмінің бастауы болып табылатын талап. 1991 жылы Шығыс Қазақстан облысының екі ауданының мәслихаты Қазақстаннан шығу туралы шешім қабылдап, осы мәселені облыстық мәслихаттың отырысына қойғанын, сол уақыттағы «Азат» қозғалысының тез арада түрлі ұлт өкілдерінен интернационалдық топ құрып, зорға тойтарыс бергенін (айта кету керек, алғашқы Ассамблея осылай дүниеге келген. Оны саяси тәсіл ретінде ұйымдастырған – «Азат» қозғалысы болатын...) біреу білсе, біреу білмейтін болар. Қандай атпен, қандай атақпен болса да автономияның құрылуы – бөлектенудің, оның ішінде жермен бірге бөлінудің басы екендігін есімізден шығармайық. Төртіншіден, бұл да орыс ұйымдарының бұрыннан келе жатқан армандары, бұл жиын тағы бір жаңа саяси терминді өмірге әкелгеге ұқсайды. Бұл - «политический представительство» деген сөз тіркесі. Нақты мағынасы – ұлттардың санына, одан шығатын пайызына қарай лауазымдарды бөлісу. Егер қазір орыс ұлты 20 пайыз болса, басқарушы органдардың ішінде де 20 пайыз орыс ұлтының өкілдері болуы шарт. Қысқасы, басшылықты біліктілігіне, мамандығына қарай емес, қандарына, ДНК-леріне қарай тағайындау. Бұндай бейшаралық Кеңес жүйесіндегі Жоғарғы кеңесті сайлауда бар болатын. Ол жерде, бірақ, ұлтына қарай емес, әлеуметтік статусын есепке алатын; ұмытпасам, депутаттардың 30 пайызы – жұмысшы табынан, 30 пайызы – колхозшылар, 10 пайызы - зиялы қауым өкілдері мен тағы 10 пайызы – әскери қызметкерлер болатын. Әрине, тек қолдарын көтеруден басқаны білмейтін Жоғарғы Кеңес үшін бұндай пропорция ешқандай әсер етпейтін. Өз басым, орыс ұлтының өкілдеріне 20 пайыз емес, 100 пайыз басшылық орынды беруге дайынмын – егер мемлекеттік тілді жақсы меңгеріп, өзінің біліктілігін көрсете білсе. (Біздің Конституциямызда мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің Президент болуға да толық мүмкіншілігі бар). Алайда, XXI ғасырда, демократиялық елде тек орыс не кәріс болып туғаны үшін лауазымды тұлға болу – ақылға симайтын ақымақтық. Меніңше, бұл талапты туғызып та, емексітіп те, еліртіп те отырған жалғыз мысал - Ассамблеяның өкілдеріне Парламенттен орын берілу деп білуіміз керек. Бұл жиынның тағы бір «сақалды» талабы – орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл дәрежесін беру. Өз басым, бұл талап келмеске кеткен шығар деп ойлайынмын, бірақ оның қайта тірілуі – бәрімізді де ойландыру керек. Бұл талаптың тірілуінде Путиннің «орыс әлемі» мен Украинадағы жағдай жатқан сияқты. Орыс ұйымдарының талаптарының ішіндегі «необходимо принятие уточняющей конституционной поправки о русском языке, как языке официальном, а не официально используемом в органах государственной власти и органах местного самоуправления» деген сөз тіркестері де бар. Бұл – менің барлық кездесулерде түсіндіруге күш салып жүрген ұғымдарымның бірі: «Қазақстанда статусы бар бір ғана тіл бар, ол – қазақ тілі. Орыс тілінің ешқандай статусы жоқ» деген пікіріме тек орыс ұлтшылдары ғана емес, мемлекеттік қызметкерлері мен қарапайым азаматтар да: «Заңда орыс тілі – ресми тіл деп жазылған ғой» деп, түсіне алмай дал болады. Тағы да қайталауға тура келеді: біздің заңдарымызда « орыс тілі – ресми тіл» деген бап жоқ. Ол жерде «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз бар. Орыс ұйымдарының жоғарыдағы Мәлімдемесіндегі пікірдің менің көзқарасыммен үйлесетіндігіне ризашылдығымды білдіре отырып, бұдан былай орыс тілі – ресми тіл деген сөзді ешбір жерде қолданбауларыңызды өтінемін. Қысқа ғана мақалада Мәлімдемені толық талқылау мүмкін емес. Кеңес өкіметі кезіндегі тілдік жағдайды, орыс ұлтының коммунистік идеология кезінде де сақталған және әрі қарай дамытылған империялық басымдылығы сақтап қалуға тырысқан топтың дәлелсіз пікірлерімен сөз таластыру да менің мақсатыма жатпайды. Алайда бұл жерде сөз бостандығына негізделген талаптардан көрі қоғамға, мемлекетке жала жабу басым сияқты. Сондықтан бұл мақаламды ҚР Бас Прокурорына бағытталған хат деп біліңіздер. Екіншіден, ҚР Халық Ассамблеясы да Орыс ұйымдарының Мәлімдемесі талқыға салып, тиісті бағасын береді деген үмітім бар. Дос Көшім qazaquni.kz