Әйгілі «қара аққулар» теориясының авторы Астанаға келді
2017 ж. 15 маусым
2286
1
Бүгін Х Астаналық экономикалық форум аясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында алдыңғы қатарлы қазақстандық аналитиктер сын-қатерлер саласындағы танымал америкалық сарапшы Нассис Николас Талебпен кездесті.
Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.Нассим Талеб әлемдік экономикаға айтарлықтай салдары тиетін болжауға келмейтін оқиғаларға негізделген «қара аққулар» (теория «черных лебедей») теориясының авторы. Бұл теорияға мысал ретінде интернеттің дамуын, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Кеңес Одағының күйреуі мен 11 қыркүйектегі шабуылды атауға болады. Давоста өткен Бүкіләлемдік экономикалық форумда, Боаосктағы Азиялық форумда және Петербургтегі халықаралық экономикалық форумда спикерлер өз баяндамаларында болашақта орын алатын әлемдегі экономикалық ахуал туралы айтқанда аталмыш теорияға жиі сілтеме жасап отырған.
- Нассим Талебтің кітаптары әлемдік бестселлерге айналды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорымен бірге біз автордың «қара аққулар» теориясы туралы кітабын қазақ тіліне аударуды ұсынғымыз келеді, - деді өз сөзінде ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев.
«Бұл кітап әлемнің 27 тіліне аударылған, әлем бойынша 3 миллионнан астам данасы сатылған. Алдағы жылдарда Қазақстанда әлемнің әр тілдерінен 100 үздік кітап қазақ тіліне тәржімаланады – өскелең ұрпақтың қоғамдық санасын жаңғырту дегеніміз осы», деді ӘЭСИ директоры.
Кездесу соңында ӘЭСИ директоры Ержан Салтыбаев Нассим Талебті жалпы әлем мен Еуразия аймақтары әсер ететін жаһандық тенденциялар мен оларды шешу жолдарын қарастыруға арналған Астана клубының кезекті отырысына қатысуға шақырды.
Атап өтейік, қазіргі таңда Нассим Николас Талеб Нью-Йорк университетінде инжиниринг сын-қатерлері профессоры болып табылады. Толық емес ақпарат негізінде шешім қабылдау принциптерін, сонымен бірге, «қара аққулар» теориясына жататын саяси және экономикалық жүйелерді әзірлеу бойынша мамандандырылған. Академиялық мансабына дейін CreditSuisseFirstBoston, UBS, BNP-Paribas, Indosuez секілді ірі қаржы орталықтарын лауазымды қызметтер атқарды.