Дос Көшім: Билікті ұстап тұрудың жалғыз жолы - ұлттық бағытты қолдау
2017 ж. 09 маусым
4464
11
Дос Көшім, саясаткер:
- Біріншіден, доминатты ұлт 70 пайыздан асса, ол ұлттық мемлекет болады дегенмен келіспеймін. Ондай заң бар ма, жоқ па білмейді екем. Меніңше, ондай заң жоқ. Біз Қазақстанда 5 пайыз болсақ та, біз негізгі ұлтпыз. Біздің тіліміз - мемлекет тіл болады. Осындай көзқараспен жүруіміз керек. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығы дерлік осы қазақ тілін білуі керек. Сөйлеуі - міндет. Сөйлемейді деген сөз – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп мойындамайды дегенмен пара-пар. Сондықтан 70 пайызға жеттік пе, жоқ па дегенге аса мән бермеймін.
Екінші мәселе, біз жаңағы басым ұлт болсақ та, санымыз артса да біз өзіміздің мақсат мұратымызды жүзеге асыра алмай келе жатырмыз. Менің ойымша, бізді басқарушылардың ойлау жүйесі, санасы бұрынғы тотолитарлық режімде тәрбиеленген. Сол идеологияға қызмет еткен сана. Олар еш уақытта Қазақстанды қазақ тілді мемлекет жасай алмайды. Мүмкін жасағысы келетін де шығар. Бірақ, өмір бойы көрген-білгені, тәжірбиесі сол тотолитарлы тәрбие. Сол тәсіл. Коммунистік партияның райком, обкомынан шыққандар билік басында тұрғанда бәлендей өзгеріс болып кетуі екіталай деп ойлаймын. Ол үшін жаңа ұрпақ билік тұтқасына келуі керек.
Тағы бір мәселе, халықтың ұлттық сана сезімінің толық оянып, мешеу билікке өз талап-тілектерін орындата білуі мәселесі. Әрине, бейбіт жолмен, заңды түрде. Ол үшін белгілі бір топ немесе ұлтшылдар деген сөзге есімдері телініп жүрген азаматтар ғана емес, бүкіл халық, қазақ халқы оянуы керек.
Біздің халық қойдан жуас халық. Бұрынғы тотолитарлық жүйе кезіндегідей, басшының айтқанымен ғана жүреміз деп отыр. Иә, әйтеуір соғыс жоқ қой, тыныш өмір сүріп отырмыз ғой, соған да шүкір дегеннен асып ары барғысы келмейді.
Біздің халықтың саяси сауаты оянуы тиіс. Біз қазір бейсаяси халықпыз. Біз ұлттық намысымыз ұйықтап қалған халықпыз. Ұлттық рух оянғанда ғана белгілі бір өзгерістер болады.
Мақсат – халық өзінің арман тілегін ашық айту керек. Ас үйде немесе әлеуметтік желіде емес. Биліктің тіке өзіне жеткізу керек. Және заңды түрде. Тәртіп бұзбай. Біз осыны айтқан азаматтарға ескерткіш қойып жатырмыз. Алаш арыстарына, Желтоқсан батырларына. Бірақ, солардың арман мұраттарын әлі орындаған жоқпыз. Әзірге сөз жүзінде ғана болып тұр.
Өкінішке орай, бізде мұның үшеуі де орындалмай тұр. Біздің халықтың саяси сауаты оянуы тиіс. Біз қазір бейсаяси халықпыз. Біз ұлттық намысымыз ұйықтап қалған халықпыз. Ұлттық рух оянғанда ғана белгілі бір өзгерістер болады. Қазан қайнағанда қақпағын лақтырып тастайды ғой. Міне, осы.
Меніңше екі мәселе тағы бар. Бүгінгі өзгерістер саяси ойын дейтіндер бар. Яғни, бұл халықты алдарқатудың тәсілі. Ешқандай саяси демократиялық өзгерістер орын алмайды-мыс.
Енді біреулері – биліктің көзі ашылды. Аттан тайып құлап, есін бір жоғалтып алды да, кейін есі кіріп, ұлттық бағытты қолдап шықты дейді
Мен мұның екеуіне де сеніңкіремеймін. Меніңше, жоғарыдағылардың өзі қолындағы билікті әрі қарай ұстап тұруының жалғыз жолы ұлттық бағытты қолдау. Олардың мақсаты қолындағы билікті әлі де болса бірнеше жылға соза тұрудың амалы. Мынаны түсініп алу керек. Билікке қай бағытты қолдаса да бәрібір. Себебі, мақсаттары билікті ұстап қалу. Қалтаны толтырып алу. Болды, бітті. Бұл наркотик секілді ғой. Оларға билеу керек. Оларға ұлттық бағыттағы билік пе, әлді комунистік партиялық билік пе, бәрібір. Билік болса болды. Енді бұрынғыдай Ресеймен жақындаса бермейді. Себебі, Ресей өзінің бетпердесін ашып алды. Халықты алдай алмайды. Тағы не. АҚШ алыста. Ал демократиялық билік құра алмайды. Өйткені, билікті демократиялық принцип енгізілсе, сол күні-ақ, бұлардың күні құриды. Сондықтан жалғыз ғана жол осы – Ұлттық бағыт.
Бұлар ұлттық бағыттағы дүниелерді шын көңілдерімен жасап отыр. Әйтеуір там-тұмдап болсын жасап жатыр. Ертең елдің бетіне қарай алуы үшін жасайды.
Негізі бұл баяғыда біздің көтерген мәселелеріміз еді. Солардың барлығын болмаса да, бірлі-жарымын жасап отыр. Біз неге қарсы шығуымыз керек. Сондықтан қолдап, үн қосып отырмыз.
Дереккөз: abai.kz