Қытайдың 50 кәсіпорны Қазақстанға көшіріліп жатыр
2017 ж. 08 маусым
2139
14
ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен екі жақты кездесу барысында Қазқастан президенті Нұрсұлтан Назарбаев тауар алмасу бойынша қытайлық және қазақстандық мәліметтердің бір-біріне қайшы келіп отырғанына таңданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз энергетикалық ынтымақтастық мәселесін шештік, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 25 пайызын Қытай компаниялары өндіріп жатыр. Қазір ол компаниялар келісімшарттарды созу мәселесін көтерді. Бірге жұмыс істеген жылдары Қазақстан арқылы 100 миллион тонна мұнай және 180 миллион шаршы метр газ өтті. Қытайдың шекара қызметтерінің мәліметі бойынша, тауар алмасу 46 пайызға өскен, біздің мәлімет бойынша - 30 пайыз. Неге мұндай айырмашылық барын түсінбедім. Неліктен есептеу әдісі өзге?", - деді Қазақстан басшысы Си Цзиньпинге.
Назарбаев екі ел арасында шешілмеген мәселелер жоғын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қытай экономика, тікелей шетелдік инвестиция, берліген кредиттер мен ортақ кәсіпорындар бойынша Қазақстанның негізгі серіктесі.
"Қазір біз 51 кәсіпорынды Қазақстанға көшіру келісімін жүзеге асырып жатырмыз. Үшеуі жұмыс істеп тұр, алтауы дайындалып жатыр. Энергетика, көлік саласы мен логистика бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сіздің "Бір белдеу, бір жол" атты Жібек Жолын дамыту идеяңызды ерекше атап өткім келеді", - дейді Елбасы.
Назарбаевтың айтуынша, Қазақстан халқы Қытайдың жақын көршісі ғана емес, сенімді қарым-қатынастағы дос, серіктес екенін біледі. Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстан мен Қытайдың тығыз қарым-қатынасын растап, Жібек Жолы бастамасына қолдау білдіргені үшін Назарбаевқа алғыс айтты.
"Біз барлық деңгей бойында, жоғары деңгейде тығыз қарым-қатынастамыз. Бұл қытайлық-қазақстандық қарым-қатынастың стратегиялық сипатын толық көрсетеді. Біздің қатынасымыз өзге елдерге үлгі деуге де болады. Мені жылы қарсы алғандарыңызға алғысымды білдіргім келеді. Мен Бейжің қонақүйіне (Астанадағы Beijing Palace) тоқтадым, осы жерде өз үйімдей боламын", - дейді ҚХР басшысы.
Еске салайық, Қазақстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінің ашылуы өтіп жатыр. Астанаға ресми сапармен Қытай басшысымен бірге Ресей президенті Владимир Путин де келді. Астанадағы самитте талқыланатын басты мәселе ұйымға Үндістан мен Пәкістанның қосылуы.