Назарбаев: Қазақстанда саяси қуғын жоқ
2017 ж. 31 мамыр
5049
20
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысындағы АЛЖИР лагеріне барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Іс-шараға саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының туыстары мен жақындары да қатысып, Елбасымен әңгімелесті. Мемлекет басшысы рәсім аяқталған соң БАҚ өкілдері алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі күннің Қазақстан тарихында айрықша күн екенін атап өтті.
"31 мамырды біз Саяси қуғын-сүргін құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні ретінде атап өтеміз. Бір ғана Қазақстанның өзінде сол жылдары 103 мыңнан астам адам тұтқындалып, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Қазақ зиялыларының бетке ұстар өкілдерінің, республика басшылығының түгелге жуығы жойылды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға арналған лагерьлер салынғанын еске салып, ондағы адам төзгісіз жағдайлар туралы әңгімеледі. "Қазақстанның әр түкпіріндегі 11 лагерьдің қабырғасында адамдар қинау мен азаптау салдарынан қаза болды. Сол лагерьлерде миллионнан астам адам жазасын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Кейбір нәрестелер сол лагерьлерде дүниеге келді", - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев осы ауыр кезеңде Қазақстан ондаған этнос үшін туған мекеніндей болғанын, көптеген қиындықты бастан өткерген олар бүгінде біртұтас халыққа айналғанын атап өтті. "Халқымыз осы қайғылы оқиғаларды есте сақтауға тиіс. Мұндай қасірет қайталанбас үшін оны болашақ ұрпақ білуі керек. Бүгінде біз құқықтық жаңа мемлекет құрдық. Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары қорғалған. Біздің елде саяси қудалауға орын жоқ. Біз эволюциялық даму жолын таңдадық", - деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы бастан өткерген кезеңдерді әрдайым есте сақтап, Қазақстан халқы бүгінгі күннің қадіріне жете білуі қажеттігін айтты. АЛЖИР - (Отан сатқындары әйелдерінің Ақмола лагері) - cонау 1937 жылы ІІХК-ның арнайы бұйрығымен салынған Ақмола халық жаулары әйелдерінің лагері, кейін баршаның аузында АЛЖИР аталып кеткен азап орталығында 20 мыңға дейін нәзік жандар қамауда болған. Қарағанды лагерінің 17-ші бөлімшесінің артынан 26-шы нүкте болып құрылған осынау тозақ орталығында небір ел жайсаңдарының зайыптары, қыздары мен қарындастары жазықсыздан-жазықсыз жапа шекті.