Иманғали Тасмағамбетов Мәскеудегі қазақстандық студенттермен кездесті
2017 ж. 30 мамыр
4817
3
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ресейдегі жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Кездесу Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының (ММХҚИ) ғимаратында өтті. ММХҚИ Халықаралық басқарма басшысы Егор Андреев қазақстандық студенттердің кеңес дәуірінен бері ММХҚИ-дің ажырамас бөлігіне айналғанын тілге тиек етті.
1999 жылы қазақстандық студенттер қазір құрамына 40 ел кіретін бірінші шетелдік Жерлестік одағының негізін қалады.
«Қазіргі таңда Қазақстаннан келген студенттер университет өмірі мен оқу процесіне белсенді қатысуда. Қазақстандық жерлестік - 151 адамнан құралған ең ірі шетелдік жерлестіктердің бірі саналады. Жерлестік одағының төрағасы Қазақстан өкілі», - деді Андреев. Елші өз кезегінде ММХҚИ-дің ректорлық корпусы мен Ресейдегі алдыңғы қатарлы білім ордасының студенттерімен кездесу үлкен құрмет екенін атап өтіп, осыған байланысты ректоратқа кездесуді ұйымдастырған және ынтымақтастығы үшін алғыс айтты. Ол республикамыздың тұрақты экономикалық дамуы кадрларды даярлау бойынша маңызды мемлекеттік саясаттың арқасында жүзеге асқанын атап өтті. «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздік алғанымыздан кейін бірнеше жыл өткен соң құрылды. Аса күрделі уақытты бастан өткеріп жатқанымызға қарамастан, білікті мамандарды дайындау - бірінші орында тұрды. Осы жылдар ішінде «Болашақ» бағдарламасымен 8,5 мың маман даярланды. Ресейде 70 мың студент білім алуда, соның 10 мыңы - Мәскеудегі жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Бұл еліміз үшін мықты саналы ұрпақ болып табылады», - деді Тасмағамбетов.
Сондай-ақ, ол сыртқы және экономикалық саясатта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуде Ресей Федерациясында білім алған кадрлардың да өз үлесін қосқандарын тілге тиек етті.
«Ал сендер - елімізді осы негізде ары қарай дамытатын ұрпақсыңдар», - деді дипломат, жастарды заманауи бәсекеге қабілетті әлемде кәсіби шыңдалуға шақырып.
Кездесудің соңы диалогқа ұласты, жастар өздерін қызықтыратын сауалдарды қойды.
Әрбір қазақстандық білім алушы Елшіге өзекті сұрақтар қойды, ал дипломат өз кезегінде толыққанды және нақты жауап берді.