ДІН ИСЛАМ БАСЫМДЫҒЫ ИДЕЯСЫ (немесе толымды ғибадат туралы)
2022 ж. 04 наурыз
10698
0
Кеңестер Одағы тұсында «халықтар лабораториясы» атанған Отанымыз Қазақстан қазір ТМД елдері ішінде конфессионалдық кеңістігінің сан алуандығымен ат оздырып отыр. Дәлелге елімізде қазіргі таңда 46 конфессияны құрайтын, 3 мың культтік ғимараты бар, 4209 діни бірлестіктің жұмыс істейтінін, олардың 38 басылым, яғни газет-журнал шығаратынын айтсақ та жеткілікті. Халқының саны небары 16 млн. республика үшін тым жоғары көрсеткіштер емес пе. Сарапшы мамандар дәл біздің еліміздегідей орасан конфессионалдық сан алуандық сирек, тіпті әлемде жоқ деседі. Көп конфессионалдық құбылысты ретке салудың, дәлірегінде ауыздақтаудың жолы қайсы? Бұл ретте қалың жұртшылықтың, әсіресе, зиялы қауымның «Дін туралы қатаң заңды қабылдасақ!» деп тас-түйін отырғаны жақсы мәлім. Мұндай Заң проблеманы түбегейлі шеше ала ма, жоқ әлде басқадай да әрекеттер керек пе? Төменде осы жәйтті ой тамыздық еткіміз келеді. Алдымен Қазақстандағы діни бірлестіктерге көз жүгіртелік.
Оларды шартты түрде үш түрге бөлуге болады. Біріншісі, Қазақстан территориясында баяғыдан бар және ел тұрғындары басым көпшілігінің мәдени-тарихи дәстүрлерін анықтайтын діни бірлестіктер. Бұл топқа ислам және христиандық православие жатады. Ислам жамағатына қазақтардан басқа 17 түркітілді этностар (өзбек, татар, ұйғыр, әзербайжан т.б.), сондай-ақ, тәжік, күрт, дұңған, шешен, ингуш сияқты ұлттар кіреді. Ал Қазақстандағы орыс православие шіркеуі негізінен үш славяндық ұлтты (орыс, украин, беларус) біріктіріп отыр. Қазақстанда едеуір ұзақ уақыт жұмыс істеген діни бірлестіктер екінші топқа жатады. Олар төртеу: христиан католиктер, протестанттар, иудаизм және буддизм. Римдік-католиктік шіркеуге 90 католик қауымы, 40 костель кіреді. Қазақстандағы протестанттар Евангелдік христиан-баптист және Лютеран деген екі бөліктен тұрады. Баптистер елімізді ХІХ ғасырдан мекендеп келеді, қазір ұзын-саны 11 мың адам шамасында. 218 шіркеуі бар. Лютерандар Қазақстанда ХХ ғасырдың басында пайда болды, онан соң Еділ жағалауындағы немістердің Қазақстанға жер аударылуына байланысты қарамы көбейгені, қазақстандық немістердің Германияға қоныс аударуына байланысты қайта кемігені мәлім. Сенушілер саны қазір 100 мың адам шамасында. Иудаизм мен будизм діндарлары сан жағынан ең азы, сондықтан руханилыққа тигізіп отырған ықпалдары да шамалы. Енді діни бірлестіктердің үшінші түріне келсек, оларға 90-шы жылдардың басында ғана пайда болған жаңа ағымдар мен бағыттар, былайша айтқанда дәстүрлі емес діндер жатады. Белсенді әрекеттерімен алаңдатушылық тудырып отырғандар да осы соңғы аталғандар. Сонымен, мұсылмандар шамамен Қазақстан тұрғындарының 70 пайызын, ал православие дінін тұтынушылар 20 астам пайызды құрайды. Жоғарыдағы мағлұматтарды дін исламның даралығы, басымдығы виртуалды емес, өміршең идея екені дәлеліне келтірдік. Көршіміз Ресейдегі діни сауат хәлі дәл біздегідей, сондықтан АҚШ-тан жеткен Иегово куәгерлері, Саентология, Кришна, сондай-ақ Е.Блаватская, Е.Рерихтердің ілімдеріне сүйенген діни бірлестіктерден аяқ алып жүре алмайсыз. Қысқасы, бұл ел де «Не істеу керек?» деген сұраққа тіреліп бас қатырып отыр. Қазақстандағы православие өкілдері бұл жайға жақсы қанық, демек, олардың ислам басымдығы туралы идеяны түсіністікпен қабылдары шүбәсіз. Енді көпконфессионалдық тығырықтан шығудың сенімді жолы - дін исламның қазақстандық моделін жасау деген арқау мәселеге келейік. Мұндай моделді жасаудың қажеттігі неде және ол үшін не істеу керек? Қазіргі замандағы халықаралық саяси қатынастар дінаралық өзара түсіністікке көп байланысты. Сол себепті толеранттық тәрбие адамзаттың күн тәртібінен ешқашанда түскен емес. Бірақ басқаға деген құрмет пен сыйластықтың іргестасына рухани ілім қалануы керек. Сонда ғана төзімділік кемел, сыйластық берік болады. Сырты бүтін, іші түтін, саяси жағдаятқа орай ғана көрініс беретін толеранттықтан келер пайда аз, бәлкім, ол залалды. Уақытша шыдау, жасанды тыныштық бітеу жарамен теңдес. Уақыты келгенде оны тесетін біз табыла кетері сөзсіз, сөйтіп, дүмпулерге ұласуы мүмкін. Бізге рухты сауықтыратын, кемел келешекке жетелейтін діни толеранттық қана керек. Айтпағым түсінікті болу үшін сөзді әріден бастайын. Алдымен дін деген ұғымды анықтап алмай болмайды. Жаратушы Құдырет және адам арасын жалғастыратын ілімді және салт-сананы «дін» деп атау керек. Дінге, дін мақсатына басқадай анықтама берсек адасамыз, сірә. Дін мұраты Жаратушы мен адамды жалғастыру болғандықтан Исламда Аллаға құлшылық қылуды: иман ихтиһат және ғамали деп ежелден екі түрге бөлінді. Бірі ғибадаттың ішкі сыры, бірі сыртқы жағы деген ұғым (Ихтиһат ұғымы Тәңіріні тануды, Аллаға сену, періштелерге, пайғамбарларға, кітаптарға сену сияқты иманның жеті шартын ақылмен танып-білу, қысқасы иманның ішкі жағы деген мағынаны білдіреді. Ал, ғамали түсінігі сыртқы ғибадат, яғни шариғаттың жөн-жоралғысы, діни үкімдер және бес парыз туралы ілім). Айта кетелік, сөз болып отырған діннің қос қайнары мұсылмандық фалсафа ғылымы пайда болған әл-Фараби заманында фалсафа назарийа және фалсафа ғамалийа деп жіктелген болатын. Сонымен, Аллаға ғибадат, яғни құлшылық екі нәрсеменен: бірі-иман ихтиһат, бірі-сыртқы ғибадат екені хақ. Мұсылманда «ғылымхал» деп аталатын сыртқы ғибадаттың халы елімізде ойдағыдай, ә бастан көңілдегідей дамыды десек шындық ауылынан шығандап кетпейміз. Екі мыңнан астам жаңа мешіттер, әрбіріндегі діни қызметкерлер, ислам ғылымхалына қатысты көп әдебиеттер соның айғағы. Сөйтіп, мәшалла, қазір «Биссимилла» әрбір мұсылман баласының аузында, «Құлқуалла» мен «Фатиха» сүресін екінің бірі саулата жөнелетін діни сауат деңгейіндеміз. Әрі қарайғы даму исламның жаңа өрісіне қадам басуға, жоғарыда айтылған иманның ихтиһатын дамытуға тіреліп отыр. Нені айтпағымыз түсінікті болуы үшін ұстазымыз Абайға жүгінелік. Өз заманындағы діни ахуалды жіті зерттеген ғұлама біз сөз етіп отырған мәселені 12-ші қарасөзінде қояды. «Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, - дейді данышпан, - әйтеуір, жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Енді сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен» [1, 448]. Көрдіңіз бе, Абай ғылымхалды құптай отырып, бірақ ол жеткіліксіз деп түйеді. Бізге әсіресе керегі - «толымды ғибадат» ұғымы. Ойшыл қазақ философиясына жаңа терминді енгізіп отыр. Жә, толымды ғибадатқа не қажет? «Әуелі, - дейді Абай, - иманның ихтиһатын жете үйрену керек, екінші – үйреніп жеткенше «осы да болады ғой» деп тоқтамай үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды» (12-сөз). Ұстазымыз Абай «толымды ғибадат» түсінігін 27-ші қарасөзінде: «Құдай тағаланың «Мені таныған ақылменен таныр» дегені қайда қалады? Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?» деп дамыта айтады.
Сонымен отанымыз Қазақстанда бүгінгі таңда қалыптасқан діни ахуалға қатысты «не істеу керек?» деген таудай сұрақтың жауабын Абайдан тауып отырмыз. Данышпанның өсиетінше, иманның ихтиһаты және ғамали құлшылық өзара біріккенде ғана ғибадат толымды болмақ. Осы мәселені жақсы ұғып, методология негізіне айналдырмаған жағдайда мемлекеттік діни идеологияны, діни ілімге қатысы бар түрліше мемлекеттік стандартты дұрыс жолға қою қиынға соғады деген ойдамыз. Дін туралы қатаң заңның қажеттігі сөзсіз, бірақ мәселені шешудің дара жолы «осы екен-ау» деу ғапылдық болады (қазіргі таңда халықаралық талаптарды ескермей бірде бір ел діни сенім бостандығы туралы заңды қабылдай алмайды, сондықтан заңдардың арасында үлкен алшақтық жоқ). Ол сара жол, Абай сілтеген толымды ғибадат деп білсек әңгіме басқаша. Бұл пайымға Түркия және Германия елдерінің тәжірибесі дәлел. Бұл елдерде әлдебір діни ағымның я сектаның тамыр жаюы неғайбіл, тіпті мүмкін емес. Жаңа діни бірлестіктер де табан тірей алмайды. Мысалға бауырлас Түркия елінде бүкіл оқу-ағарту ісі исламдық дүниетаным жүйесіне сәйкес құрылған, бұл-бір. Екіншіден, классикалық ислам, оның ішінде ихтиһат ілімінің даму деңгейі сондай, мұсылман баласы көңілінде ешқандай «жұмбақ» сұрақтар қалмайды. Ал, бізде ше? Мектеп оқулықтарында исламдық көзқарастың исі де жоқ, о дүние, ахирет немесе теологиядан сабақ беріп тұрған мұғалімді көзге елестетудің өзі қиын. Өйткені, жаратылыстану пәндері түгелдей «Құдай жоқ, бәрі табиғаттың ісі» деп көбесі сөгілмей сіресіп тұрған жағдайда, періштелер, рухтар немесе басқа жан иелері туралы сөз қозғау «құр былжырақ» (Шәкәрім), тіпті «қуып кеткендік» болады да шығады. Құдая тәубе, теология мамандығы биылдан бастап мемлекеттік білім беру стандартына кірді. Теология – Тәңіріні тану, әсіресе, міндетті түрде оқытылатын пән болуға керек. Ол философия, психология пәндерін белгілі дәрежеде ығыстыруы керек. Өйткені, Құран аяттарына нану үшін алдымен Жаратушыны тануымыз шарт қой. Танымаған нәрсеге пенде илана ма, қорқа ма?! Сондай-ақ, Тәңіріні іздеген, бірақ Ол туралы білім ала алмаған қаракөз жастар «қиын» сұрақтардың жауабы үшін көл-көсір эзотериялық кітаптарға, интернет желісіне тесілмегенде қайтеді. Келесі қадам жаңашыл ағымдардың тұзағы... Бұл жаңашыл ілімдерде ғылымхал жоқтың қасы, олар тек эзотериялық құбылыстарға ғана күш салады. Олардың қаруын неге өздеріне қарсы жұмсамасқа? Толымды ғибадат туралы сөзіміз түгел болуы үшін Абайға тағы бір жүгінелік. Ол шын иман мәселесіне арналған даналық трактаты – 38 қарасөзінің соңында ғибадаттың ішкі-сыртқы жақтарын былай деп айырып айтады: «Сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы иманның көлеңкесі.
...Ғұламалар иман екеу емес біреу, бірақ ол ізгі тағатпен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки сөну қаупі де бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қалса, тағатты қылып жүріп, иманы сөнер деген. Менің қаупім бар, олар хас осы ғибадат екен, Құдайдың бізге бұйырғаны, біз осыны қылсақ, мұсылмандық кәміл болады деп ойлайды. Ол ғибадат – иманның күзетшісі ғана еді». Соңғы айтар жай, осыдан екі ғасырдай бұрын Европа өркениеті «Құдай жоқ» деген доктринаны әкелді. Шәкәрім: Бұл кездегі діндердің бәрі нашар, Ешбірі түзу емес көңіл ашар, - деп басталатын өлеңінде әлемдік діндердің іргесі шайқалғанына қапа болған еді. Қазіргі әлемдік сананың тентіреуі сол өткеннен желісін тартады. Рухани ақаулықтан материалдық әлем ақаулықтары тумай қалмайды. Сондықтан да адамзаттың жаһандық қаржы дағдарысы деп аталатын бүгінгі қараңғы туннелге енуі фалсафа тарапынан күтулі заңдылық. Сөйтіп, осыдан екі ғасыр және бір ғасыр бұрын орын алған дінді тәркі еткен «ақаулықтар» үшін адамзат төлеуге тиісті «шоттарды» Жаратушы Құдірет дәл қазір қойып отыр. Демек, адамзат түбегейлі жаңаруы үшін алдымен бүкіл ойлау жүйесін жаңарту керек. Яғни бүкіл жаһан капиталды, пайданы қуу жолынан, ізгілікке, махаббат пен әділдікке қайта бет бұруы қажеттілік. Бір ғажабы, қаржы дағдарысынан ислам банктері әзірге аман.
Банктің өкілдері ақша өсімқорлықтың, пайданың көзі емес және мұрат, мақсат та бола алмайды, біз оны тек құрал деп білеміз деседі. Байлыққа емес, имандылыққа табынатынын мақтанышпен айтады.
Тұжыра келгенде, дініміз исламның айқын басымдығын қамтамасыз етер ең басты шарт - толымды ғибадат. «Иманның ихтиһатын тоқтамай үйрене беру керек» деген ұстазымыз Абайдың өсиетіне құлақ асатын уақыт шындап жетіп отыр. Мұсылмандық интеллигенцияны қалыптастыру, қазақтың рухын, өркениетін өзге халықтарға көрсету, таныту, халықтың рухын сауықтыру және махаббат, әділет сезімдерінің өсіп, көркеюіне құнарлы топырақты жасау сияқты келелі проблемалардың шешімі, қала қалама, «исламның қазақстандық моделі» деген идеяға тіреледі. Абай, Шәкәрім сынды ой алыптары бар Қазақстан рухты сауықтыру мәселесінде бүкіл әлемге үлгі-өнеге шаша алар еді деген пікірдеміз.
Асан Омаров,
филос.ғ.к., Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші маманы.