Сағынтаев салма деген жатақхананы Байбек салып береді
2017 ж. 26 мамыр
4986
10
Алматы шәрінің әкімі Бауыржан Байбек "жастарға арналған жол картасын" бекітіп, жас отбасыларға жайлы жатақжай салу туралы шешім шығарды.
"Жол картасы 2020" бағдарламасының арнайы бір бағыты - жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету екен.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпарға назар аударсақ, Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қолдау көрсетіп, жеңілдетілген несие қарастырмақ көрінеді.
Жас отбасыларға арналған жатақхана салу үшін бюджеттен 3,7 миллиард теңге қарастырылыпты. Бұл сомаға 320 отбасын немесе 16 мың адамды баспанамен қамтуға болады.
Жол картасы аясында Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірге жастардың үй сатып алуы үшін жеңілдетілген несие берудің мүмкіндіктері қарастырылып жатыр екен. Заемнің жылдық мөлшері 5 пайыз болады. Жас отбасыларға арнап жатақхана салу үшін 3,7 миллиард теңге бөлінген. Кәсіпкерлер субьектілеріне несие бөлу механизмдері арқылы 320 отбасын немесе 16 000 адамды тұрғын үймен қамту жоспарланған.
Айта кетейік, Алматыда бүгінгі күні 14-тен 35 жасқа дейінгі аралықта 700 мыңнан астам жас бар, олардың 435 мыңы – экономикалық белсенді жастар. Тек соңғы 5 жыл ішінде жастардың үлесі 10 пайызға артты. Жасалған болжам бойынша, Алматыда 2020 жылы экономикалық белсенді жастар қатары 500 мыңнан астам адамға артады деп күтіледі.
Перуашев сөзінде тұрды. Мәжіліс қабырғасында жастарға жатақжайлар салып беру туралы ұсыныс айтып, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың қарауына тапсырды.
Өкініштісі қазақ жастардың жанайқайын Сағынтаев мырза ескермеді. Санитарлық талаптарға сай еместігін айтып, мәселені жылы жауып қойды. Дәл осы кезде бір ғана әйдік шаһарда жарты миллионға жуық жас баспанасыз босып жүрген-тін. Бұл үшін бюджеттен қаржы қарастырылмағанын айтты.
Айтпақшы, біздің редакциямызға 20 мыңнан астам қол жиналды. Әлі де жиналуда. Бірқатар қоғамдық ұйымдар жастар мәселесін қолдап, жиындар өткізуде. Тіпті Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де жастарға жатақжай салып беруге әзір екендіктерін жеткізді. Ал Сағынтаевтың сылтау - бюджетте ақша жоқ. Сену қиын. Себебі, 71 миллиардты банкрот болған Әзірбайжан банкіне бере салғанда былқ етпеген Үкімет пен Ұлттық банк енді келіп ақша жоқ деп отыр?
Түйін. Осы бір өзекті мəселе қазір "аққу көкке, шортан көлге тартыптының" нағыз өзі болып тұр. Елдің ең үлкен шаһарының əкімінің бастамасын өзгелер қолдар, ал, Сағынтаев ойланар деп үміттенеміз.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz