Қызылорданы кім билейді… әкім бе, қытай ма?

Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ назарына!Оқырманның есінде болса, «Әділет» газетінің 2010 жылғы 13 шілдедегі № 05 (05) және 11 тамыздағы №07(07) сандарында қытайлық кәсіпкер Лю Чжидің алаяқтық әрекеттерін әшкерелеген көлемді мақалалар жарық көрген болатын. Онда жалған өндіріс орнын «іске қосу қойылымын» көрсетіп, Елбасын алдаған «Қазгермұнай БК» ЖШС-індегі құйтырқы тірліктер тілге тиек етілген-ді. Енді осы айтылған жайдың жалғасы ретінде қолымызға келіп түскен жаңа мәліметтерге көз жүгіртелік. Жалпы, кез-келген, компанияның үлескерлері жаңа қабылданған топ-менеджерлерден өз мекемесіндегі жұмыс өнімділігін, сапасы мен табыстылығын арттыруды талап етеді. Жаңа басшыны тағайындай отырып, қожайынның шығынға батқысы келетінін елестетудің өзі қиын. Әрине, табыс тапқысы келеді. Тапқанда да күреп тапсам дейді. «Қазгермұнай» БК» ЖШС-інде де дәл осы жағдай қалыптасып отыр. Компанияның басшылығына келген азаматтар небәрі қысқа мерзімде ұжымның ішіне іріткі салып, өндіріс қарқынын тежеп қана қоймай, Қызылорда өңіріндегі ең әлеуетті мұнай-газ компаниясы ретінде танылған кәсіпорынның абыройын аяқасты етіп үлгерді. Акциялар пакетінің 50 пайызын мемлекет иеленіп отырған «Қазгермұнай БК» ЖШС – Қызылорда өңіріндегі мұнай өндірумен айналысатын айтулы кәсіпорынның бірі. Мұнда технологиялық процесс барысында өндірілген таза «қара алтын» тауарлы газға айналдырылады. Ал газ өз кезегінде газ дайындау қондырғысында (УПГ) өндіріліп, тұтынушыға жеткізіледі. Алайда «Қазгермұнай БК» ЖШС-не қарасты Ақшабұлақ кенішіндегі аталған газ қондырғысының қуаты өтпелі газдың барлық көлемін дайындауға жетпейді, ал қалған бөлігі (дәлірегі, басым бөлігі) жағылып жіберіледі (бұған ҚР заңнамасымен қатаң тыйым салынған). Жанған газ аймақтың экологиясына орасан зор зиян келтіруде. Бұдан бөлек, аймақтың өзі тұтыну газына зәру болып отырғанын тағы қосып қойыңыз. «Қазгермұнай БК» ЖШС-іне экологтар мен мемлекеттік бақылау органдары тарапынан аталған заңсыздықтары үшін қомақты айыппұлдар мен өтемақы төлеу талаптары жаңбырша жауып-ақ жатыр. Мұндай талаптарға жауап ретінде аталған кәсіпорын басшылары сотқа қарсы арыз беріп әлек. Көрсетілген мәселені шешу үшін компания өз қаражаты есебінен екінші газ дайындау қондырғысын салу жөнінде шешім қабылдаған болатын. Құрылыс жобасы сәтті басталып, бюджеті белгіленді, жобасы жасалып, мердігер мекемелермен келісім жасалды. Осылай құрылыс басталып та кеткен. Бірақ көп өтпей компания басшылығы ауысты да жұмыс тоқтап қалды. Шығындарды оңтайландыру реформалары мен өндіріс процесіне қаржыгерлердің араласуы мердігер мекемелерді қиын жағдайға қалдырды. «Бармақ басты, көз қысты» ойындар, бюджет қаржысын көпе-көрінеу қысқарту жаңа басшылыққа жақпаған мердігерлерді бастап қойған ісінен бас тартуға немесе кейде жұмсалған қаржыны қайтару үшін ақысыз жұмыс істеуге мәжбүр етті. Осының нәтижесінде экология мәселелерін шешу, айыппұлдар мен өтемақыларды төлеу және ең бастысы, екінші газ дайындау қондырғысын салу жұмыстары белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. (Ал бұл нысан, естеріңізде болса, Президенттің қатысуымен «Әлеуетті Қазақстанды бірге тұрғызамыз!» айдарымен берілген жалпыұлттық телекөпірде бүкіл елдің алдында ресми түрде іске қосылып қойған). Бұдан бөлек, компанияда жұмыс істеп жатқан жергілікті мамандарға айып тағуды қолдан ұйымдастырып, жұмыстан қудалау да үрдіске айналып бара жатқан сыңайлы. Кадр мәселесіндегі берекесіздіктер туралы газетіміздің 11 тамыздағы №07 санында да аз айтылған жоқ.  Дегенмен, осы кәсіпорында талай жыл тер төгіп, негізсіз жаламен жұмыстан қуылған бірқатар мамандардан келіп түскен хат мәтіні одан да сорақы. «… Біз кәсіпорынның қойма шаруашылығы, сатып алу және жабдықтау саласында жұмыс істедік. Өз жұмысымызға жан-тәнімізбен беріліп, адал еңбек еттік, басшылар тарапынан алған алғыстарымыз да жетерлік, – дейді хат иелері. – Дегенмен, компания басшылығына Лю Чжи мырза мен оның бірінші орынбасары Б.Дүйсембеков келгелі өз беттерінше шешім қабылдап, жергілікті кадрлардың құқығын аяқасты ете бастады. Компания қызметкерлерінің негізсіз жұмыстан босатылып, әділетсіз жазалануы көбейді. Біздің жұмыстан босауымызға негіз болған жағдай да қолдан ұйымдастырылды. Алдымен алғашқы тексеру жүргізілгенде ешқандай жетіспеушілік анықталған жоқ және комиссия бұл туралы хаттама да түзіп кеткен. Осыдан кейін біз жоқта химиялық реагенттердің жоқтығы белгілі болып, келесі күні қайта тексеру жүргізілді. Бұл жолы жетіспеушілік анықталып, біз жұмыстан босатылдық…» Мемлекет басшысының өзін ойыншық етіп, аңқау халыққа арамза молдалық жасап отырған қытайлық алаяқ кәсіпкердің бұл бейберекет ойынының өтеуі тек компанияның бас директоры Лю Чжи мырза ғана емес, осы кәсіпорын директорының бірінші орынбасары Б.Дүйсембековтен, қаржы жөніндегі орынбасары Е.Тілеуғожиннен, Экономикалық бақылау және жоспарлау департаментінің директоры Б.Сәлімгереев және «Қазгермұнай БК» ЖШС-нің басқа да бірқатар жауапты мамандарынан сұралар күн де таяу. Бізді қатты ойландыратыны, иек астында құжынаған заңсыздықтың илеуін облыс әкімі осы күнге дейін көрмей отыр ма әлде бақуат кәсіпорынның бай дастарханынан өз үлесін алып қойған соң үндей алмай отыр ма? Олай деуге де негізіміз бар. Қызылорда қаласының әкімі Жайымбетов мырзаның (ол бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болған. Автор) тікелей қатысы бар «РМЗ Шапағат» ЖШС-не ПККР «ПетроҚазақстан» мұнай компаниясының вице-президенті Чэн Да Ю (бұл да сол «Қазгермұнаймен» байланысты Қытайдың өкілі. Автор) шамамен 7 млрд. теңгені тендер арқылы беріп отыр. Осыдан кейін батпан құйрыққа батып отырған өңір басшыларының «Ауыз жесе көз ұялар» деп көз жұмып отырғанын да түсінуге болар. Әншейінде сыйбайластықтың апанын іздеп, ұсақ шекпендіге тұзақ құрып жүретін қаржы полициясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Табиғатты қорғау прокуратурасы, Төтенше жағдайлар департаменттері осындай аузы апандай жайындарға неге ау құрмайды? Бәрінен де таңғаларлығы билік партиясы “Нұр Отан” қайда қарап отыр? Осының себебін аталған орган мен партия басшыларының өз аузынан естігіміз келеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, ілеспе газдың тиімсіз пайдаланылуына байланысты жоғарыда айтылған УПГ-2 нысаны 1-шілдеде тапсырылуы керек еді. Бірақ ол аяқталған жоқ. Әлі күнге дейін бітпей келеді. Осыған байланысты “Қазгермұнай” заңға сәйкес жалпы сомасы шамамен 13 млрд. теңге көлемінде төлем төлеуі тиіс екен. Ал “Қазгермұнайдың” желеу қылатыны қайдағы бір “соглашениені” алға тартады. Ол “соглашениесі” олардың өкінішіне орай, заңнан биік бола алмайды. Заңға сәйкес сол ілеспе газ Қызылорда экологиясына теріс әсерін тигізгеніне байланысты заңмен қудаланып, жоғарыда аталған мөлшерде төлем жасауы міндет екенін есіне сала кетейік. Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен ішкі тұрақтылығына тікелей жауапты құзырлы орган ретінде ҚР Үкіметінің басшысынан жоғарыда көрсетілген құрылым басшыларының келтірілген фактілер бойынша тексеру жүргізіп, тексеріс нәтижелерін қысқа мерзімде жария етуді талап етуін сұранамыз. Тексеріс нәтижесін әсіресе Қазақстанның қақ ортасында тұрған «біздің Қызылорданы Қытай билеп отыр ма, жоқ, әкім Қуандықов па?» деп дүдәмал күйде жүрген қызылордалық мұнайшылар тағатсыздана күтіп жүр. Сәуірбай ЖЫЛҚЫБАЕВ