Былтырғы Ақтөбе мен Алматыда орын алған террактілердің артында дәл осы салафизм ұстанушыларының тұрғанын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқан болатын. Демек, Елбасы айтса, ислам атын жамылған осынау ағым қоғамға расымен де қауіпті болғаны. Президенттің сөзін қуаттаған қазақстандық теологтар да салафизмге тыйым салмаса болмайды деп талай мәселе көтерді. Алайда, Мәжіліс депутаттары әлі үнсіз.
Сондай-ақ, күні кеше имам-молдаларды қабылдаған Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында қауға сақалдылар мен шолақ балақтыларға, қара жамылушыларға заңмен тыйым салу керектігін тағы айтты. Елбасының бұл тапсырмасын заң шығарушы орган қаншалықты орындайтынын енді уақыт көрсетер. Әйтеуір, тек сақал қоюға ғана тыйым салып, шіркеудегі поптарға дейін "қырындырып" тастамаса болғаны...
Есесіне, жақын уақытта елімізде Иегова куәгерлерін ұстанушыларға заңмен тыйым салынуы мүмкін. КТК телеарансының хабарлауынша, соңғы 4 айда осы ағымға шағымданып 27 адам арыз жазыпты. Бірі бұл бірлестікке кіргендер қан құюға қарсы десе, екіншілері иегова куәгерлерінің кесірінен отбасымыз ойран болды деп ашық айтқан. Бұл іспен енді Дін істері министрлігі айналыса бастады.
Бақытжан Күлекеев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Биылдың өзінде 27 шағым түсті. Соның ішінде Иегова діни бірлестігіне көңіл аударады. Мұның ішінде ҚР рәміздерін мойындамау мәселесіне көңіл аударады, қан құю мәселесіне яғни ауыр жағдайда жатқан азаматтарға қан құйғызуға қарсылықтары бар. Осы мәселелерді айта отыра азаматтар Иегова куәгерлері бірлестігіне тыйым салу сұрағын жиі көтереді.
Айта кету керек, көрші Ресей үкіметі өткен аптада Иегова куәгерлерін экстремистік ұйым деп танып, оған заңмен тыйым салған болатын. Артынша, АҚШ пен Еуропадағы осы ағымның ірі өкілдері наразылықтарын білдіріп, Ресейге қысым көрсетілетінін мәлімдеді.
Ізгілік жолын ұстанамыз деген Иегова куәгерлерінің қатары жыл сайын жер бетінде көбейіп келеді. Мәселен, Ресейде осы бірлестікке мүше 170 мың адам бар. Ал Қазақстанда «Иегова куәгерлерінің» 60-қа жуық діни бірлестігі мен 17 мыңнан астам мүшесі бар. Ресми тіркеуден өтіп алған олар ел аумағында осы ағымды еркін насихаттап жүр.