СҚО экс-әкімінің қылмыстық топпен байланысы бар ма?
2017 ж. 26 сәуір
2181
1
ҚХА кеңейтілген отырысында Қазақстанның орыс, казак пен славян ұйымдары үйлестіру кеңесінің төрағасы, орыстар қоғамының басшысы Юрий Заxаров СҚО-ның бұрынғы әкімі Ерік Сұлтановтың қылмыстық топпен байланысы бар болуы мүмкін екендігін айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Бұл өтінішін орыстар қоғамының басшысы ҚХА кеңейтілген отырысына қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевқа айтты.
«Мен кеңес дәуірінен бері бизнеспен айналысамын. Шынымды айтсам, мен Қазақстандағы алғашқы миллионердің бірімін... Менің жер учаскемде заңсыз ғимаратты көтеріп қойған. Ал бас мердігер ағайынды Кошалевтер. 1998 жылдан бері Кошалевтер ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшілері ретінде тіркелген. Осы жерде бір сұрақ туындайды.
Бұрынғы әкім Сұлтанов пен Кошалевтер арасында қандай байланыс болды? Үш жыл бойы ол ұйымдасқан қылмыстық топқа арқа сүйеген. Бұл – үлкен мәселе. Солтүстік Қазақстанда өнім өндіру көлемін екі есе артық жазып келген. Оның бәрін қолдан жасады. Ал 100 мыңдаған жерлерге өнім егілмей қалды. Ол да млрд-таған ақша болса керек. Осыны назарға алуды сұраймыз. Керек болса, арнайы органдар мен агенттік қызметкерлеріне, бәрін ашық айтуға дайынбыз», - деді ол.
Осы орайда Алик Шпекбаев бұл сауалға былайша жауап берді.
«Бұл істі, деректерді қарастырайық. Біздің ондай мүмкіндігіміз бар. Біз тапсырма береміз. Мен жауапты хат түрінде беремін», - деді ол.