Бүгінгі ЕУРАЗИЯ және ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН (толық нұсқа)
2017 ж. 04 сәуір
5449
5
Бүгінгі Еуразия кешегіден өзгеше өңмен өзгеріп келеді. Өркениеттер тайталасы да осы маңда күрт өрбуде. Еуразияның даңқы – өткен кезеңдердегіден әрқилы деңгейде әртүрлі елде өз орнын табатын болды. Адамзаттың шығу, қалыптасу, өркениеттену кезеңімен қатар өрбіген аумақтық кеңістік, геосаяси түрлі идеологиялар тартысымен өзектесе өнген кезден атау осы – Еуразия.
Еуразияның геостратегиялық, геосаяси кеңістігіне қарай ірі өркениетті елдер – Әлем тарихына өз мөрлерін баса дамыды. Жалқын алаулы Шығыста яғни Аспан асты елі – Қытай және Оңтүстік Азия түгелдей, сонау терістіктегі ұлы Тұран, көшпелі, отырықшы елдердің көбісі шоғырланған жер шарының жарты бөлігі – осы «құрылықаралық Одаққа» қарады. Державалар ынтымағын – геостратегиялық әрекет, ризығын – геоэкономикалық харакет біріктірді.
Еуразия оянуының басы – Ұлы Қытай және Үнді-қытай дамуымен өзектес келетінін болжайтын саяси үдеріс, саналы долбарлар да бар. Ол, басқа бір жолы айтылатын мәселе. Үстіміздегі ғасырды АҚШ пен Қытай өз еншілеріне қарай тарта бастады. Технологиялық ересендігімен – Жапония, үлкен ауқымдық аранымен – Үндістан, бұрынғы «қандыкөйлек» – Ресей, соңғы кездері посткеңестік шеңгелден құтылған Қазақ елі де сол бағытқа қарай бірте-бірте қадам басуда. Ендеше «Москва – Дели – Бейжің – Астана төрттағаны» өмірге келетін тарихи де кез келе жатыр. Қазақтың Қорғаныс әлеуеті Иманғали Тасмағамбетовтың тұсында оң жақтан қылаң беруі таңданарлық жағдай емес еді.
Оның әуелгі көрінісі – «Шанхай бестігі» атты ұйым болса керек. Қытайдың Шанхай қаласында ортақ шекаралы бес ел – Қазақ, Қырғыз, Қытай, Ресей, Тәжік басшыларының тұңғыш кездесуі нәтижесінде құрылған аталмыш «бестіктің» жалпы жер аумағы Еуразияның 3/5 бөлігіне тең. Біздіңше, болашақта геоағаттыққа жол бермейтін бір Одақ болса осы болар-ау?! Ұлы державалар өткен ХХ ғасыр ширегінде үлкен-үлкен зардапты қателіктерге жол беріп келген. Бұны – әлемдік саяси алаңда «геополитикалық қателіктер» деп те есептейді. Геосаяси қателіктердің салдары көршілес Ресейде аса қасіретпен орын алғанын білеміз. Ұлы Отан соғысы аталатын осынау апатты майданда тек орыстың өзі 1 млн. бейуаз жанынан айырылған. Жалпы, КСРО-ның жан саны 100 млн-ға кемігені жөнінде деректер сақталған.
Саяси кеудемсоқтық, дүрдараздықтың кесірі. Содан бері қанша уақыт өтсе де Еуразияда ызыттар зілі тыйылмай келеді.
Мұнда Жапония мен Қытайаралық саяси дүрдараздықты тілге тиек етуді әлемдік саяси сарапшылар барынша қазбалап, әуестікке айналдырды. Ақиқат жамылғылы аңыздар көп. Рас та шығар. Осыдан бес жыл бұрын Жапония өзінің экономикадағы «әлемдегі екінші...» деген дәрежесін Қытайға қарай жоғалтқандығы жария етіле бастаған. Қалайда ХХ ғасырдағы Жапонияның ірі реформалық үдерісті миымен қозғайтын қозғалтқыш күшінің қарқыны баяулап барып, бір сәтке тоқтағаны секілді – факторлар ендігі кезекте де зардапты, зардапсыз түрлі мәселелердің бетін ашатындай.
Қытай мен Жапония арасындағы ызғарлы қатынас әлі де жіби қоймай тұр, таяу мезеттерде де жылымық келмейді деген сөз. Оның үстіне ҚХР-ның жедел дамуымен ернеуінен аса шайқалған Бейжің – терістік түстіктегі Қытай теңізінің иен аралдарының әуе кеңістігін «Қытайдың әуе қорғанысы аймағы» деп жариялауы отқа май құя түскендей.
Өткенде ҚХР-сы Қорғаныс Министрі Чан Ванцюань мен АҚШ Пентагон басшысы Эштон Картерлердің ызғарлы, зілді жымиысты кездесулерінде Қытай теңізінің терістік түстігіндегі иен аралға қатысты қызуқанды пікірталастар өрбіп барып басылған. Демек, Жапония мен Қытайаралық сауда айналымына аталмыш жағдаяттар онша айтарлықтай кері нұқсан келтіре қоймады-ау десе де болады. Әлемдік нарықтағы сандық өлшем жағынан екі жақтың сауда мөлшері 330 млрд. АҚШ долларынан асып түсіп жатыр. Қыруар табыс, қисапсыз пайда әлі де аталмыш елдерді ынтықтыра түсері кәміл. Себеп түсінікті, ал, осыдан кейін алып Америка да, айдаһар Қытай да аралдағы Жапониядан алыстап «кете» ала ма, жоқ па?!
АҚШ 1945 жылы тамыздың 6-сы күні Хиросимаға, 15-і күні Нагасакиге ядролық қару қолданғаннан кейін қаншама жыл өткен соң барып, Жапонияның Үкіметбасшысы Шинзо Абэ АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обамамен осы қалада кездескен сәті естен кетпейді. Кешу ме, ақталу, келісу ме – әйтеуір бір сәттің белгісі.
Дидарғайып осы саяси сиқырлы сәтке ширыққан Қытай тарапынан: «...Жапония енді қайтып милитаризм жолына түспейді, 1945 жылы АҚШ-тың ядролық қару қолдануы милитаристердің ойлаған ойын іске асырмаған-ды...» деген мазмұндағы кекесінді үнжария, мәлімдеме таратуы батыс пен шығысқа түрткі болды. Алайда аралдағы Жапония Аматерасуа тәңіріне ғана сүйеніп қарап отырмайтыны белгілі. Олардың да ойлағаны бар?! Әсіресе 1946 жылы Жапонияға, оның патшасы Хирохито үшін әсіре наным мен бейсенімнің қандай бір себепке «қажет болмайтынын» осы оқиға дәлелдесе керек.
Өтіп бара жатқан жылда да әлемдік «алпауыт жеті» ел басшыларының кездесуінің өзегінде де Қытайдың терістік түстігіндегі теңіз дауы тағы көзделді. АҚШ, Англия, Франция, Германия, Жапония, Канада қатарлы «алпауыт жетінің» қатарында Еуропа Кеңесі, Еурокомиссия басшылары Дональд Туск, Жан Клод Юункерлер де бұған жедел келіп қатысты.
Басқосу б.э.б ІІІ ғасырда Синто дінінің Исэ мінәжатханасында өтуі де сарапшылар назарын тартқан?! Құдды тарауық намазына жиналған жамағаттардай қосалқы қонақтар: Вьетнам Үкімет басшысы Нгуен Суан Фук, Лаос Үкімет басшысы Тхонглун Сисулит, Индонезия президенті Жоко Видодо, Шри-Ланка президенті Майтрипала Сирисена, Бангладеш Үкіметбасы Шейх Хасина, Палуа Жаңа Гвиней Прьемер-министрі Питер О’Нил, Чад президенті Илрис Деби Итно-лар бір-бірінің желкесіне қарап сапта тұрды рет-ретімен.
Сөздің әлқиссасы да, өзегі де сырт қарағанда әрине күйрете бастаған дағдарыс, экономикалық-саяси ахуал, алаңдатушы лаңкестік жәйттерге жеңіл-желпі тоқталып өтумен өрілді. Алайда Қытай терістік теңізіндегі зорекерлік үстемдікке қарай келгенде шұрқырасып, бас изесіп ерекше ықыласпен көңіл бөлісті. Оқиға нендей бітіммен аяқталды, ол – басқа мәселе. Қандай бір келісудің басты мақсаты қашан да құпия сақталып жатары ежелден бергі үрдіс. Ал, жаңа Қазақ елі де осы бағыттық саралаудан қандай сабақ алуы мүмкін?!
Осы жағдаяттардың барысы баяғы Антанта ағаттығын қайталамауды ескертеді. Бізде бір жадағай түсінік бар. Еуразия десе болды «Төсекте басы, төскейде малы қосылардай» байырғы көшпелі санамен қабылдай жөнелеміз?!
Жалпы геостратегиялық Одақ дегеніміз біздің түсініктен мүлдем аулақ жатқан дүние. Нұрсұлтан Әбішұлының мына бір сөзіне қараңыз: «...Қазақстан екі алып «архипелагтың» – Еуразиялық мәдени кеңістік пен Кіндік Азия халықтарының жаңа арнада өркен жайған әртүрлі тарихи-мәдени бірлігінің тоғысқан жерінде тұр...».
Ендеше жаңа Қазақстан Еуразиядағы ықпалдастыққа ену жолында Қытай және Ресеймен өте дұрыс қарым-қатынас жасауы және әлемдік қауымдастықтың сыртында қалмауы аса маңызды екенін білдіреді. Кім қалай долбарлап, шағыстырса да, бұдан өзге жол әзірге көрінбейді.
Мұнда саяси сүйіспеншілік һәм болаттай берік достықтан гөрі мемлекеттік мүдде қажет секілді. Солтүстік Шығыс Азияда өзара қырғи-қабақ пиғылдағы көзқарастар бағзыдан бері шақшия қарайды бір-біріне. Бұл жай ғана салдар ғана емес, себептер тоғысы. Қытай көшбасшысы Си Жинь Пин, Батыс Корея серкесі Ким Жон Ун, қуатты Корея басшысы (шатасудан сәл бұрынғы Парк Ген Хэ ханым) және Шинзо Абэлер мәңгілік мүдделер төңірегінде тұра береді. Қай елдерде де мызғымас достық емес тек мүдделер ғана алғы шарт есебінде көріледі.
Ұлы Қытаймен етене араласу үшін Сошиал әлеміндегідей «қыз беріп, қыз алысу», игерілмеген (иен-тегін жатқан?) жерлерді жалдау т.т. көптеген жұлдызды біріккен өндіріс орындарын құру, ірілі-ұсақты игіліктер жасау тәрізді анау, мынау әрекеттер геосаяси мүдделер қасында түк мақсат емес. Қытайға іштәннің ішіндегінің барлығын ашып көрсетуден бұрын Қытайды көру, тану мүддесі тұр алдымызда. Демек, тең дәрежеде ынтымақтасу дегеніміз – мүдде аясында өрбуі тиіс геостратегия. Соңғы ширек ғасырдағы ғаламдық өзгерістер осыны үйретті.
Жаңа Қытай 1975 жылдан бастап Кеңестік үлгідегі негізгі заңнан бас тартып, қырқай тартып, қарқындай бастаған кез. Олар масайрамай, дәуірікпей бәрін үнсіз атқарады. Орақ пен балға туралы қытайлық мадақ мыңыншы кезекте ғана айтылуы мүмкін!
Оңтүстіктен Қиыр Шығысқа қарай ентелеген бұл алпауыт елдің екпінін ешкім бәсеңдете алмайды. Үндістан, Жапония және Орталық Азияның жолбарыс елдерінің шын ниетті ұштасуы арқылы сәл-пәл доғаруға болатынын ғаламдық саясаткерлер қозғап та жүр.
Ұлы Қытай қорғаны ішіндегі Аспан асты елі – Жунго 9,6 млн. шаршы шақырым территорияға еге. Мінеки, бұл ел 1,4 млрд. жан саны бар, үлкенді-кішілі 14 елмен шекараласатын – әлемде аумақтық жағынан да экономикалық қарқыны жағынан да алдыңғы үштікте тұрады. Қытай әлемді қалай да мойындатып үлгерген ұлы держава. Ол, шамалы уақыт аясында жер шарына ықпал ете алатын деңгейге жетуге мүдделі.
Кезінде Жунгоны Еуразия тереңіне қарай келтірмеуді ойлаған Үндістан мен Жапония Одағы қазір шарасыздау күйде. Себебі, Қытай Тынық мұхиттың сағасында жайғасқан айдаһар Еуразияны көбелеп (Rimland), енді біраз көсілсе Еуразияның жүрегіне жетуге (Heartland) геосаяси ойынын жалғастыруда.
Бұл геосаясат осы елдің ғана арманы емес. Қазіргі ғалам – «Араб көктемінен» кейін таяу төңіректегі елдердің етек, жеңінен құйылған келімсек, босқындардан өлердей қорқатын болды. Ендеше сол бір Дэн Сяо Пин дәуірінде Еуропаға кеткен, мұхит өтіп Америкаға қаптаған келімсек қытайлықтардың саны неше миллионнан асып жығылғанын ескерген кім бар?! Адамның көптігі «адами капиталдың» кең етек алуы осындай қым-қуыт жағдайда өрбитінін көрдік!
Қытайдағы геоэкономикалық жағдаяттардың жақсаруы – тұрғындардың да рухани күрт өсуін қамтамасыз ететіндей. Бұл елде Маркстік кедей таптың мүлдемге жойылуына аз қалған. Бай, қуатты жаңа ұлт қалыптасты. Тек «саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын», оффшоршыл, шіріген ұрыларының уысында қалған қарынының қамын ғана ойлайтын елдерде мұндай артықшылықтың болмауы заңдылық екен. Тіпті, кейбір тарихи тұрағы болмаған, қыстырма елдердің өзінше тепеңдеуі де жасырын емес!
Бір кездері – Батыс, әсіребатыс термині – дүниенің төрт бұрышына іргелі ұғым болғаны бар. Әуелі – мығым Еуразияның үлгісі де еді.
Дүниежүзіндегі құрылықтары, мұхит, теңіз айлақтары мен жол, жүлгелерін өзіне тәуелді еткен ұлы империялардың колониясына біріккен – «Атлантистік Батыс» – бүгін жаңа Қытайдың ығына жығылатын секілді.
Мысалы, Орталық және Шығыс Еуропа, Ресей Қиыр Шығысымен, Орталық Азияның бірсыпырасы Бейжің стратегиясы бойынша Батыс Қытай, Батыс Еуропа дәлізімен мүлдем жаңа арнаға жол тартты. Мәнжі Чиннің кезінде Ұлыбританияның етегіне оралуға мәжбүр болған баяғы Қытай, Гоминданның тұсында (1900-1949) АҚШ-тың ықпалымен «Атлантистік Батысқа» қаратылған-ды?! Ал, Кеңестік Ресейдің соңынан ерген (1949-1958) Еуразияшыл Жунго, геосаяси дағдарысқа ұшырап бейтарап қалған (1959-1979) коммунизмшіл әсіреқызыл ел еді. Мінеки, Дэн Сяо Пиннің озық ойынымен «жаңа Атлантист» (1980-1991) – жаңа Қытай 1992 жылдан бері Еуразияға өз ықпалын жүргізе бастаған Күшті империяға айналды. Иә, Қытайдың геосаяси ахуалы туралы осындай жайларды айтуға болады. Бұл ғаламдық деңгейдегі адамзаттық үлгі, жаһан жаратылыс тарихындағы жойқын үлгілердің бірі болуы да мүмкін. Қалайда көрші ауылдың түтіні биік ұшуда.
Осыған байланысты Қазақ Елінің тұғырнамасында бір ата танымдық философиялық ой тұр: «...ХХІ ғасырда геосаясаттың орнын бірте-бірте геоэкономика ала бастайтын болады. Басқаша айтқанда, әскери және саяси мүдделер экономикалық мүддеден туындайды. Ғаламдық деңгейде қорғаныстың әскери-саяси құралдарына сүйенетін экономикалық блоктордың құрылуы: а) еркін сауда ұйымдарына; ә) көп бағдарлы дүниежүзілік жүйе құруға қатер төндіретін болады. Осының барлығы тұтас алғанда дүниежүзіне ықпал ету аймақтарын қайтадан бөлуге және ғаламдық жаңа қақтығыстарға апарып соқтыруы мүмкін...». Бұдан өзге тұжырымдардың болуына талас жоқ. Бірақ, қалайда Азия-Тынық мұхит аймағы ұлы державалардың ойын алаңына айналуы – оған Қытайдың ықпалы күн санап күшейіп келе жатқанын көреміз. Орталық Азиядағы өрбіген геосаяси, геоэкономикалық үдерістегі мүдделердің бір ізге түсуіне осынау әлемдік жағдаяттар әсер етпейді деуге болмайды. Сол тұрғыда Орталық Азиялық ортақ стратегиялық ынтымақтастық ауадай қажет екені есі дұрыс жандардың бәріне түсінікті.
Шындығына келетін болсақ, Оңтүстік Шығыс Азия кеңістігі – ірі империялардың азу тісін ақситып, аузының суын құрытатын аймаққа айналды. Бұл – ұланғайыр Сібірдің шығыс бөлігі және Қиыр Шығыс түгелімен қоса Моңғолдың Шығыс түстігі, Корей түбегіне дейінгі аралық. Оған қоса көнелкілеу Мәнжурия мен қазіргі Жапон аралдары... Бұл аса ірі аймақтың өңірінде болашақта 300 млн. адам өмір сүруіне болады-мыс. Себебі, Азияның құрғақ жерінің 20 пайызы, жан санының 10 пайызы осы аймақты алып жатыр. Ресейге қарасты Қиыр Шығыс, Сібір, Ұлы Қытай, Солтүстік Корей, Моңғолдың жер байлықтары теңдессіз базар! Ғаламдық қауіпсіздік енді айна алдына келді.
Жуырда ғана (2017 жыл, 9 ақпан) АҚШ әскери техникалық барлық күшімен Жапонияның ішкі-сыртқы қауіпсіздігін қорғауға келісті. Енді не болмақ?! Ресей Сібірге жалғас Азия-Тынық Мұхит Аймағына (АТМА) ықпалын жоғалтпайды, ешкіммен бөліспейді де. Бөліспек былай тұрсын, өліспей беріспейді. Азия-Тынық мұхит аймағына қарай тіресе орналасқан АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония теңіз флоттары «құланның қасынуына, шүріппенің басылуын» қадағалайды. Мылтық кезену әрекеті осылайша басылмайды да.
Сол кезенулердің аражігінде тарихта тұңғыш рет жаңа Қазақ мемлекеті бас көтеріп келе жатыр. Бас көтеру – сонау Хельсинки келісімінен бастап Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымының (ЕҚЫҰ) тарихи актісіне бармақ басып, қосылған күннен басталды. Бұл Еуразия құрлығының түп ортасына орналасқан Қазақстанға геосаяси, геоэкономикалық жағдаятына зор мүмкіндік туындатып отыр.
Еуропа және Азия-Тынық мұхит аймағын ұштастыратын аса маңызды стратегиялық кеңістік – жаңа Қазақстанға тиесілі. Ендеше көршілес Қытай мен Ресей қарым-қатынасында да саяси-экономикалық, әскери салаларды қамтыған жаңа мәселелер бой көтерері сөзсіз. Ресей мен Қытай Қазақстанмен шектес, іргелес, мүдделес мәңгі көрші. Ал, этникалық түріктекті туыс халықтар елдері – Әзірбайжан, Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстанмен де дәстүрлі қатынастар шегі ортақ интеграциямен ұласады.
Мехман Гафарлы қатарлы көсемсөзші ағайындардың баяғы бір пікірі бойынша Қазақ, Өзбек, Қырғыз мемлекеттері Кіндік Азия Одағына (КАО) бірігуі күн тәртібінде тұр. Бұл Одақ бұрынғы ТМД-дан да күшті болуы мүмкін. Келешектегі әскери-саяси Одақтың тағаны да мүмкін осы болмақ. Әрине, бұл әрекет әккі Ресейге ұнамауы да ықтимал. Демек, болашақтағы әскери-саяси үштік Одақтың түптағаны осы ұйымға тірелуі де ғажап емес. Бұл тараптардың мүддесімен өзектесетін іс.
Мехман Гафарлының тілге тиек еткен «осы Одақты болашақта НАТО-ның қолдайтыны...» да жасырын емес секілді. Алайда Қазақ мемлекеті өзі бастаған «Центазбат-97»-нің түпнегізінің басты қағидаттары – батыстан бастау алатыны да хақ. Бұл Одаққа Түркияның да бейтарап қарамауы белгілі. Алайда Қырғызстанның ішкі, сыртқы саяси аздаған тұрақсыздығы – уақытты біршама кешеуілдетуге әлі де итермелеуі мүмкін. Соңғы кезде Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаевтың Еуро Одаққа қарай бейімделу ниеттері көрініп қалып жүр. Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасына байланысты әрқилы сарындағы қаңқу сөздер Еуропа сарапшыларының назарын аударып жатқанымен, екі елдің қарым-қатынасына онша зиян келтірмес. Себебі, Қазақстан Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестігі. Қырғызстандағы экономикалық дағдарысқа байланысты Қазақстанның гуманитарлық көмегінің нақты мөлшері 40-100 миллиондаған АҚШ долларына жеткен. Бір кездегі басталған істің көмескіленуін «біржола жоғалдыға» теңеуге болмайды, Өзбекстан мәселесі де көп жазыла бастады.
Өзбек мемлекеті суперпрезидентті ел. Президент Шавкад Мирзёев Қазақстанға алғашқы ресми сапарын жасады. Бұдан 600 жүз бұрын Қазақтармен бірге Алтын Орда қарамағында болған Өзбек – «өз ағам еді» дейік. Бұл жолы экономикалық қарым-қатынас, транслогистикалық, трансшекаралық, өзен-су, құрылық жолы мәселелері, сонымен қатар аймақтық қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланды. Бұрынғы біржақты қарым-қатынас саясаты енді көпжақты мәмілелерге қарай аяқ басқандығы байқалады. Ташкенттің Орталық Азиядағы тұрақтылыққа зор әсері бар территориялық қауіпсіздік үшін жасап жатқан әрекеттері де қисынсыз емес. Әсіресе, Өзбек армиясының күрт жаңара бастауы – АҚШ т.б. елдердің көмегіне еш байланыссыз деуге де келмейді. Қазақ Елі – Өзбекстанның ең ірі сауда серіктестігі. Еларалық сауда-саттық мөлшері 2 млрд. долларды құрайды. Қазақ, Өзбек қорғаныс ауқымындағы жаңғырулары аймақтық «бейбітшілікті сақтау үшін» Мәңгілік достық мәмілесі (1998) жалғаса түсуі сөзсіз. Бірақ та, сонау жылғы Украинаның Батыс пен Азияның екі арасына байланыс жасаушы ГУУАМ (Грузия, Украина, Өзбекстан, Әзербайжан, Молдаван) жолымен беталды жүруге бола бермейтінін өмір көрсетті. Жаппай Еуропа жаһандық назарда. Жаһандану жақындаған сайын Орта Азия түгелге жуық жаңа технологиялы жаугершілік жарақтарын жаңғыртуда.
Ендігі кезекте НАТО-ның (1949.04.04) кеңеюі де күн тәртібінде тұр. Ескілі-жаңалы 27 ел қаржысын біріктірмек керек. Өткен кездері НАТО-ның барлық шығынының 70-тен астам пайызын өтеп келген АҚШ енді Одақтастарымен «жұмыла жүк көтереді». Барлық шығын НАТО үшін 90 млрд-қа жетуі мүмкін. Одақтастардың маңдай алдында ESDI немесе Еуропа қауіпсіздігі және оның Қорғаныс қабілеті тұр. Бұрынғы Кеңесшіл Польша, Чехия, Венгрия, Украина т.т елдер күші басым, айбарлы Одаққа ілесуге мәжбүр. Одаққа көп елдердің ілінуі – прогресс, ілесуі – проблема! Әлемнің 40 шақты елінің қауіпсіздік мәселесіне тікелей «кепілдік» етіп келген тарихи – НАТО-ның бүгінгі мысы басым. У.Черчиль тілге тиек еткен «шығыстағы коммунизмге майдан» жалғаса беретін сыңайда. АҚШ-тың жаңа тағайындалған Пентагон басшысы Чак Хейглдің НАТО-ның Брюсселдегі ресми басқосудағы жеңіл емеурінді әрі зілді жымиысы көп мәселені байқатады.
Сайлау алдындағы «үміткер» Дональд Трамптың сөзі мен қазіргі ресми Ақ үй серкесі президент Трамптың уәделі сөздері енді өз жағдайына қарай ауып кетіп барады. Бұл «жұмсақ саясаттың» қатты жақтарын еске салатын құбылыс. Дональд Трамп Еуразия үшін «қатты жаңғақ». Ол келгелі Азия-Тынық мұхит аймағы, Еуразиялық қауіпсіздік мәселелері қалайда НАТО-ның қатаң бақылауында тұруы нақты. Өткен кезеңдердің бір сәтінде яғни Мадрид келісіміне қатысушылар НАТО-ның жаңа құрамына 27-35 млрд. доллар көлемінде қаржы жұмсайтынын мәлімдеген. Мінеки, аңыздың ақиқатқа айналуы. Біз тілге тиек еткен Польша, Чехия, Венгрия армияларын осызамандық қару-жарақпен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін оларға бөлінетін қаржы мөлшері қаншаға жеткенін көкте – бір Тәңір, жерде – АҚШ Конгресінің Бюджет Комитеті есептей алатын шығар?!
Ағылшындық Нобель сыйлығының иегері ұлы ғұлама, математик, публицист Бертран Расселдің (1872-1970) таңғажайып лекциялары бар. Рассел туындыларының бірсыпырасы Ресей, Қытай, АҚШ сапарларында жарық көрген. Оның 1930 жылдардағы ойларында антисоғыстық сараптамаларында бос уағда жалаң усойқылықтан гөрі Англияны жедел қаруландыруға шақыратын жаңалықты жақтары көп берілген. Қазір де оның шамдығы жоқ секіді. Ғаламдағы басшы елдер түгелдей өз қауіпсіздігін сақтап тұру үшін қару-жарақ жинау, ескілерін қайта жаңғырту бәсекесінде тайталасуда.
Көршілес Ресей де қорғаныс саласына бөлінетін қаржы мөлшерін үстемелей түсті. Батыста дүркін-дүркін жария ететін ақпараттарға сүйенсек, Ресей қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны соңғы 16 жыл аралығында ең жоғарғы деңгейге дейін өсірді. Осы салаға бөлінетін қаржы бірде 3 пайыз кейде 5 пайызға дейін төмендеп ырғалымға түсті, дегенмен шығын мөлшері онша өзгере қоймаса керек. Ресейдің ішкі қарыз мөлшері ішкі өнім өсімінің 14-25 пайызға дейін құлдырап, ішкі нарықтағы сатып алу деңгейі неше жүздеген миллиард долларға жеткен кезі де болған. Бірақ, ішкі жалпы өнім өндіру деңгейі әлем елдерінің алғы 10-20-шы орындардан кеміген кезі аз шығар. Бұл елдің экономикалық потенциалы әлі де күш-қуатында деуге болады. Жуырдағы бір жаңалықтар бойынша Ресей экономикалық дағдарысты артта қалдырған.
Қытай Азия -Тынық мұхит аймағында пайда бола бастаған АҚШ бастаған «Атлант зонасы» яғни АҚШ, Еуразия одағы аралық жағдаятқа бей-жай қарай алмай отырғандығы белгілі. НАТО-ның Шығыс Еуропаға қарай жорық жобасын күшейту жолына ешкім тосқауыл қоя алмасы белгілі. ХХІ ғасыр ширегіндегі Еуразияға бағытталған НАТО-ың ықпалына қарсы ресми Бейжің де әскери реформаға қарай бейімін бекемдеп, жеделдеді.
ХХ ғасырдағы Ұлы Қытайдың 4 жаңғыруының бірі – Қорғаныс саласының күрт өзгеруі! Соңғы 15-20 жыл аралығында Қытай әлемдік державалардың алдына шығып та үлгерді. Қытайдың Халық Азаттық Армиясы халықаралық деңгейде аса беделге ие. Си Зинь Пиннің қырағылығымен бұрынғы Кеңестік үлгідегі армия қосындарын түбегейлі жаңартып, іріп-шіруді тежеп өзгертті. Қару-жарақ жаппай әскери технологиялық, жедел оперативтік құрлық және теңіз, әуе күштерінің күш-қуатына сайма-сай жаңғыртылуда. Осының бәрі Азия-Тынық мұхит аймағына Қытай ықпалының күшейе түсуіне жол ашпақ. Қытайдың әскерилерге жұмсайтын қаржысының мөлшері мемлекеттік барлық шығынның 9,9 пайызына тең және ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызын иеленетіндігін әлемдік сарапшылар тілге тиек етеді.
Соңғы күндері Қытай әскеріне бөлінетін қаржы мөлшерін 7 пайызға арттырды. Жалпы көлемі 65 млрд. долларға тең келетін қыруар қаржы осы салаға арналады. Бұдан кейінгі қорытынды да түсінікті. Әлем дүрлігіп мазасыздана түсті. Ресей де өз әріптесі Шешенстанға жаңа қару-жарақ бере бастады. Бұрынғы Кеңестік елдердің бәрі өз әскери күштерін нығайтуға мүдделі. Ендеше Қазақ елі де қарап отырмауы заңды іс. «Жағаласпай жан қалмайды» – бұл көнеден келе жатқан ғұрып.
Осы тұрғыдан алғанда қазақстандық қорғаныс саласы жылдан-жылға жаңарып, қуатын арттырып келеді. Мысалы, Халықаралық жағдайдың күрделенуі 2000 жылы ҚР Президенті бекітіп берген жаңа әскери доктринаның пайда болуына өз әсерін тигізді. Сөйтіп әскери салаға көптеген өзгерістер енгізіп, оны қаржыландыру мәселесі жаңа қалыптасқан жағдайлар ескеріле отырып шешілді. Бұл жоба бойынша бірінші кезеңде – 2002 жылға дейін төменгі деңгейдегі қауіп төне қалған жағдайда оның бетін қайтаруға бағытталған. Екінші кезеңде 2005 жылға дейін орын алған орташа қауіпті өз бетімізше немесе одақтас елдермен бірігіп қайтару көзделген. Үшінші кезең – 2005 жылдан соң стратегиялық бағыттағы күрделі мәселелерді шеше алатын әскери құрылымдар жасақтау негізге алынған. Бұл құжат бойынша ішкі жалпы өнімінің кем дегенде 1 пайызын қорғаныс саласына жұмсау жоспарланған. 991 мен 2011 жылдар аралығында әскери бюджет 25 есе өсті. Мысалы, егемендіктің алғашқы жылдары ол – 8 млрд, теңге болса, 2012 жылы 200 млрд, теңгені құрады. 2012-2014 жылдары қорғаныс саласының шығынына 1 трлн. 12 млрд. теңге жұмсалды. Сол сияқты ішкі қауіпсіздікті сақтайтын, төтенше жағдайлармен күресетін саланы да қаржыландыру еселеніп өсті. Байқап отырғанымыздай осының бәрі ел қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар.
Дегенмен, биылғы республикалық бюджетті белгілеу барысында еліміздің қорғаныс саласына былтырғыдан 13,3 млрд. теңге аз бөлінгені белгілі болды. Осыған байланысты бюджетті Парламентте талқылау барысында сенатор Мұхтар Алтынбаев және өзге депутаттар бұл "үнемдеуге" түбегейлі қарсы шықты. Олар қорғаныс қабылетімізді арттыру үшін шөміштен қысудың қисынсыз екенін ашық айтты. Халық қалаулыларының бұл пікірін бұрыс деуге болмас. Біз алдымен өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, қорғаныс қабілетімізді арттыруға міндеттіміз.
Осы тұста жаңа Қазақ елінің қорғаныс саласын қатаң жүйелеп, заманауи реформаларға икемдеп жол ашқан Қазақстан Қорғаныс экс-министрі Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың жасап кеткен қадамдарын ерекше атап өткеніміз жөн. Сол бағытты алдағы уақытта да жоғалтпай дамытуымыз қажет. Сонда ғана еліміз қуатты, халқымыз қауіпсіз бейбіт жағдайда өмір сүретін болады.
Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, жазушы, тарих ғылымдарының докторы (Ph.D)
Моңғолия, Баян-Өлгий
qazaquni.kz